• Әдебиет
  • 12 Желтоқсан, 2013

Тәуелсіздік – тәу етер киеміз

Уақытпен жылжып Тәуелсіздік мерекесі де келіп қалды. Тәуелсіздік күнінің орны ерекше. Бұл еліміз үшін теңдесі жоқ тарихи күн. Ұлыстың ұлы күні. Азаттық – ата-бабаларымыздың көптен көксеген асыл арманы еді. Сол асқақ арманға қол жетті. Кешегі қазақ жастарының өршіл мінезін танытқан Желтоқсан көтерілісі де жаңа тарихымызға елеулі із қалдырды. Биылғы жылы Тәуелсіздігінің 22 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ елі бұл күндері төрткүл дүниеге танымал. Мемлекетіміз ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағдарламалар қабылдап солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді. Алдағы мақсат – Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету. сы жолда абыройлы белестен көріне білейік. Қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес мемлекет, егемен ел ретінде шаңырақ көтеріп, өркендеуінің бастауы Тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық. Сондықтан да қазақ үшін Тәуелсіздік күнінің алатын орны ерекше екені даусыз. Мінеки, ел болып, тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға да 22 жылдың жүзі болып отыр. Тарих үшін соншалықты көп уақыт болмаса да, осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық, өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымына берік егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық. Қазақ деген халықтың өресі биік, өрісі кең екенін әлем жұрты білді. Бүгінде еліміздің осынау толымды табыстарға қол жеткізуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында деп білеміз. Тәуелсіздік – тәу етер киеміз Тәуелсіздікке жету жолындағы үш тарихи маңызды оқиға деп Егемендік туралы Декларация, Тәуелсіздік туралы Заң, Қазақстанның тұңғыш Ата Заңының қабылданғанын атап өтуге болады. 1990 жылы 25-қазанда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясы мемлекеттік Егемендік туралы Декларацияны қабылдады. 1991 жылы 16-желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңы қабылданып, Қазақстан өзін тәуелсіз республика ретінде жариялады.   1991 жылы 21-желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды. Сөйтіп, ТМД-ға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданған болатын. Қазақ елі мемлекеттік рәміздерін, яғни Әнұранын, Елтаңбасын, Туын қабылдады. Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін оның өз заңдары мен талаптары болуы қажет. Осы негізде 1993 жылы 23-қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясы еліміздің тұңғыш Конституциясының жобасын баптары бойынша қабылдауды бастаған болатын. Екі жылға жуық әзірленіп, сессияда үш оқылымда талқыланған мұндай маңызды құжатты қабылдау әр сатыда қызу пікірталасқа ұласып отырды. Сөйтіп, 1993 жылдың 28-қаңтары тәуелсіз Қазақстан тарихына тұңғыш Конституциямыздың қабылданған күні болып енді. Ал 1993 жылдың 15-қарашасы тұңғыш ұлттық валютамыз – теңге дүниеге келді. 1995 жылы 30-тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Тағы бір маңызды орын алатын оқиғалардың бірі 1997 жылғы 10-желтоқсанда Елордамызды Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшірілуі болды. Президенттің 1998 жылғы 6-мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың ­атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10-маусымда өтті. Еуразияның қақ жүрегінде орналасқан арман қала, бейбітшілік қаласы Астана – қазіргі таңда еліміздің жасампаздығының, ұлылығының белгісіне айналды. Тәуелсіздігіміздің 21 жылдығы қарсаңында Елбасымыз Қазақстан халқына жылдағы дәстүр бойынша «Қазақстан–2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жария еткен болатын. Елбасының Жолдауына сәйкес, Қазақстан 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсаттарын межелеп отыр. Еліміздің елдігін, егемендігін айқындайтын негізгі белгілерінің бірі – әрине, мемлекеттік тіл. Еліміз қуатты болса, мемлекеттік тілдің болашағы да шуақты болатыны анық. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жет­кіз­геніміз баршаға аян. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған парасатты саяса­тының нәтижесі – еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Сондықтан Тәуелсіздік күні жас мемлекетіміз үшін біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен тату­лықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзымды, са­лауат пен болашаққа деген сенімді үміттің ме­рекесі болып табылады. Ендеше, бар игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздігімізді бағалап, ардақтай білейік, ағайын! Ақбота ИСЛӘМБЕК 

20269 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы