• Тіл
  • 14 Қараша, 2019

ЕҢ ТИІМДІ ҚАЗАҚ-ЛАТЫН ӘЛІПБИІ

Менің ойымша,  көп ойлана бермей латын графикасына тездетіп көшкеніміз орынды. Біріншіден, бұл мәселені Елбасымыз тегіннен-тегін көтеріп отырған жоқ. Оның саяси, мәдени, әлеуметтік астарлары жеткілікті. Екіншіден, қазіргі уақытта кең етек алып отырған компьютерлік және техникалық байланыс жүйелері арқылы хат-хабар, ақпарат алмасу мәселесі оңайлайды.

Латын графикасына көшудің тіліміздің әліпбиінен басқа ешбір саласына әсері болмайды. Сол баяғы дыбыс­тар (фонетика) мен сөздер (лексика), сол баяғы айтылу (орфоэпия) мен жазылу (орфография), сол баяғы грамматика. Тек сөздеріміздің жазылуы басқаша өрнектеледі. Ең алдымен еске саларым: Елбасы­ның да, тілші мамандардың да негізгі мақсаты – әйтеуір латын графикасына көшу емес, қазақ тілінің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сайкес келетін, пайдалануға қолайлы, жас буынға үйрету оңай болатын латын негізді қазақ әліп­биіне ауысу екенін баса айтқым келеді. Бұл жерде мен маман ретінде ­латын графикасына көшудің тек бір-ақ мәселесіне, атап айтқанда, «қазақтың қай дыбысына латынның қай әрпін балама етіп аламыз?» деген мәселеге ғана баса тоқталмақшымын. Ондағы мақсат – қазақ тілінің дыбыстық заңына орай латын негізді қазақ әліпбиін түзу және сол жаңадан жасалған әліпби арқылы дүниежүзілік ғаламтор (интернет) жүйесіне қосылуға қол жеткізу. Енді латын графикасына негіздел­ген қазақ әліпбиін жасау мәселесіне көшейін. Ең алдымен айтарымыз, кирилл әліпбиі бойынша қазақ тілінде 42 әріп бар екендігі жұртқа белгілі. Олардың 14-і орыс тілінен енген (енген емес-ау, зорлықпен ендірілген) в, ё, и, ф, х, ц, ч, щ, ъ, ь, у, э, ю, я деген сияқты кірме әріптер. Жаңа қазақ-латын әліпбиін жасау үшін бірінші кезекте осы 14 әріпті қазақ әліпбиінің құрамынан шығарып тастау керек. Өйткені қазақ тілінде бұл әріптермен таңбаланатын төл дыбыстарымыз да, төл сөздеріміз де жоқ. Мәселен, И әрпі ый (қый), ій (кій), ұй (бұлтұй), үй (мөлүй) деген жуанды-жіңішкелі, еріндік-езулік болып келетін 4 түлі түрпетті (вариантты) дыбыстарды белгілейтін екі дыбыстың қосындысын таңбалайды. У дауыстысы да дәл осындай. Ол – ұу (жұл+ұу), үу (күл+үу), ыу (қыр+ыу), іу (кір+у) деген 4 түрлі түрпетті екі дыбыстың тіркесін (қосындысын) белгілейтін таңба. Я әрпі – йа/йә дыбыстарының қосындысынан тұрады. Мыс.: қары-йа, кәрі+йә т.б. Ю әрпі үш дыбыстың 4 түрпетті қосындысы: йұу (ою>ойұу), йүу (үю > үйүу), йыу (аю > айыу), йіу (ию > ійіу). И,у,я,ю әріптерімен жазылып келген дифтонг, трифтонг дыбыстарды мысалдарда көрсетілгендей жеке-жеке дыбыстарға ыдыратып жіберу керек те, ыдыраған дыбыстарды жеке-жеке әріптермен белгілеу керек. Ақыры әліпбиге реформа жасамақ болған екенбіз, ендеше оның құра­мына қазақ тілінде жоқ, тек орыс тіліне ғана бар В, Ч дыбыстарын да, әліпби құрамына кіргізбеген мақұл. В, Ч әріптері – ататегіміздің (фамилия­мыздың) соңында ғана қолданылатын -ов/ова, -ев/ева деген және әкеесімінің соңына жалғанатын -ович/евич деген қосымшалардың ішінде ғана кездесетін дыбыстар. Орыс тіліндегі Ч дыбысы қазақ тілінің өзінде бар Ш дыбысымен алмастыра аламыз. Мыс., Шапай ­(Чапай емес), шемпійон (чемпион емес), т.б. Сондай-ақ, орыс тіліндегі Ф дыбысын да жаңа әліпбиге ендірмеген жөн. Оны қазақ тілінде бар Б немесе П дыбыстарының бірімен ауыстыруға болады. Мыс., Бәтима/Патима т.б. Алайда ата-тегімізді қалай жазамыз деп «қиналып» жатсақ, оның орнына -ып/іп/п дегендерді пайдалануға болады (мыс., Қалыйоп). Немесе -ов/ова, -ев/ева, -ович/евич-терден мүлде бас тартқанымыз мақұл. Оны Елбасымыз сонау 1991 жылың өзінде-ақ заңмен бекітіп берген. Әділдігін айту керек, латын негізді қазақ әліпбиінің жаңа нұсқаларын жасаушылар жоғарыда көрсетілген 14 жатжұрттық дыбыстардың ё, ц, щ, ъ, ь, э, ю, я деген жартысын әліпби құ­рамынан шығарып тастапты да, қалған жартысын (в, и, у, ф, х, ч) онда сол күйде қалдырыпты. Ақыр ұлттық әліпби жасамақ болған екенбіз, ең дұрысы олардың бәрін түгел алып тастаған мақұл еді. (Басы 1-бетте)

Егер жатжұрттық 14 дыбысты жаңа әліпби құрамынан түгел шығарып тастасақ, тілімізде небәрі 28-ақ дыбыс қалады. Қазақ тіліндегі бұл 28 дыбыстың 9-ы дауысты, 19-ы дауыссыз. 9 дауыстының 6-ауы (ә, ө, ұ, ү, ы, і) және 19 дауыссыздың 3-еуі (Қ, Ғ, Ң) – ұлттық төл дыбыс­тарымыз. Бұлардың жалпы саны – 9. Қазақ тілі әліпбиінің қалған 17 дыбысы латын әліпбиінің 17 әрпіне сай келеді: а > а, д > д, е >е, г >g, з > z, қ > q, л > l, м > m, н >n, о > о, п > p, р > r, с > s, т > t, ұ > u, х > х, һ > һ. Сай келмейтін қазақ дыбыстарының саны – 5 ғана. Олар: б, ж, й, у, ш (Бұлар жөнінде төменіректе сөз етеміз). Қазақ тілшілерінің айтуынша У-дың өзі екі дыбыс: бірі – дауысты (бу), екіншісі – дауыссыз (бау). Дауысты делініп жүрген У-ымыздың өзі жуанды-жіңішкелі ҰУ/ҮУ деген екі дыбыстың қосындысынан тұрады. Бұлардың соңындағы У – дауыссыз, оның ішінде – үнді. Мыс.: бұу (бу), күлүу (күлу). Дауысты У деп жүрген дыбыс қазақ тілінде жоқ. Сондықтан ол жаңа әліпби құрамына кірмейді. Ал дауыссыз У тілімізде бар. Біз оны ағылшынның W әрпімен белгіледік. Ол жаңа қазақ-латын әліпбиінің құрамына кіреді. Сөйтіп қазақтың төл дыбыстарының жалпы саны 29-ға жетеді. Қазақ тілі дауыстылары (Е дыбысынан басқалары) жуан-жіңішке сыңарлардан тұратын 4-ақ жұптан құралған: а/ә, о/ө, ұ/ү, ы/і. Бұлардың жуан сыңарларының (а, о, ұ, ы) латынша таңбалары (әріптері) бар. Ал олардың жіңішке сыңарларының (ә, ө, ү, і) таңбалары латын графикасында жоқ. Көрсетілген жіңішке дауыстылар мен Ғ, Ң дауыссыздарын таңбалау үшін жаңа қазақ-латын әліпбиін жасауда менің әріптестерім белгілі бір шартты белгілерді, мәселен, диграф, апо­с­троф, акут сияқты қосымша таңбаларды пайдаланып көрді (Қазақ-латын әліпбиінің үкімет қабылдағын үш нұсқасына қараңыз). Бірақ кейіннен олай етуге болмайтындығын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Өйткені қосымша таңба – интернеттің жауы. Қосымша таңба әріптің мейлі жанына қойылсын, мейлі оның шекесіне қойылған – бәрібір, шартты таңбалы латын әрпі – ол компьютердің пернетақтасында жеке тұруға тиісті арнайы жасалған дербес дыбыс болып есептелінеді. Олай болса, біз ұлттық дыбыстарымызды таңбалау үшін олардың қатарына (жанына) латын әліпбиінде бар жалғыз ғана Һ таңбасын қосарлап жазуды жөн деп таптық. Есте болатын нәрсе: қазақ-латын әліпбиі үшін бұл таңбаның ешқандай дыбыстық мәні болмайды және пернетақтада даяр тұрған латынның 26 әрпіне ешқандай бөтен таңба қосылмайды. Айталық, аһ дегеніміз – ә, оһ дегеніміз – ө, uһ – ү әрпі болып шығады. Мыс.: (кириллше) он > (латынша) on, өн > oһn, оң > onһ, өң > oһnһ, ұн > un, үн > uһn, т.б. Қазақ тілінде мұндай жуанды-жіңішкелі сыңарлар дауыссыз дыбыстардың ішінде де кездеседі. Мәселен; ғ/г, ң/н. Латын әліпбиінде бұлардың жіңішке сыңарларының таңбалары (г, н) бар. Ендеше, әлгі біз шартты таңба ретінде таңдап алған һ әрпін (дыбыс емес, тек таңба ғана) осы жіңішке дауыссызардың қасына қосақтап жазсақ, олардың жуан сыңарлары жасалынады: gһ > ғ, nһ > ң. Мыс., agha > аға, anh > аң. Болашақта жасөспірімдерге бұл ерекше­ліктерді үйрету үшін «Һ-шартты таңба дауысты дыбыстың қатарында тұрса, оның жіңішке сыңары жасалады, ал дауыссыз дыбыстың қатарында тұрса, оның жуан сыңары жасалады» деген жалғыз ғана ереже жеткілікті болады. Латын графикасына көшу мәселесі бүгін ғана күн тәртібіне қойылып отырған жоқ. Оны қазақ зиялылары (оның ішінде Елбасы Н.Назарбаев та бар) сонау 90-шы жылдардың басында алғаш көтерген болатын. Содан бері қарай ғалымдар да, арнайы құралған ұлттық комиссия мүшелері де толып жатқан ұйымдастыру жұмыстарын атқарды. Соның нәтижесінде үкіметіміз қазақ-латын әліпбиін үш нұсқасын жасап, оларды үш мәрте бекітіп берді. Ендігі жерде бекітілген сол әліпбилерге ретімен жеке-жеке тоқталайын. 2017 жылдың 11 қыркүйек күні жұмыс тобы (комиссия) қазақ-латын графикасына қатысты 1-ші жобасын парламентке ұсынды. Мұнда ұлттық төл дыбыстарымыз AE (ә), OE (ө), UE (ү), GH (ғ), NG (ң) деген диграфтармен белгіленген болатын. Сондай-ақ, бұл нұсқада қазақ тіліндегі Ж (Zh), Ш (Sh), Ч (Ch) дыбыстары қосарлы әріптермен таңбаланған. Шындыққа жүгінсек, бұл тәсіл қазақ тілінің төл дыбыстарын ерекшелеп бере алмайтын еді. Оның үстіне Ә дыбысына таңба ретінде берілген АЕ-ні, Ң дыбысына берілген НГ дегенді қалай оқимыз? А деп оқимыз ба, әлде Е деп оқимыз ба? Болмаса НГ деп оқимыз ба? Сондықтан болар, мамандар аталған ұсынысқа бірден қарсы тұрды. 2017 жылдың 26 қазанында Президентіміз өзінің №569 Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің 2-ші (апострофты) нұсқасын бекітіп берді. Бірінші нұсқамен салыстырғанда мұнда төрт түрлі өзгерісті байқауға болады. Олар: 1) Бірінші нұсқадағы ұлттық дыбыстардың қасындағы е, g, һ қосарлы әріптер апострофпен (,) ауыстырылды. 2) Қазақ тіліндегі И және Й дыбыстары латынның бір ғана І, әрпімен таңбаланды. 3) Қазақ тіліндегі Х, Һ дыбыстары латынның бір ғана Һ әрпімен белгіленді. 4) Ана тіліміздегі У дауыссызы латынның Y, таңбасымен берілетін болды. Әрине, бір дыбыс­ты екі әріппен таңбалауға болмайды. Ғалымдар бұл 2-ші нұсқаға байланысты өз қарсылықтарын ауызша да, жазбаша түрде де жасырмай айтты. Сондықтан болар, 2018 жылдың 19 ақпанында бұрын қабылданған қазақ-латын әліпбиіне кейбір толықтырулар енгізіліп, атап айтқанда, бұрын әріптің қасында тұрған шартты таңба оның үстіне шығарылып, қазақ-латын әліпбиінің 3-ші нұсқасы бекітіліп берілді. Қалған дыбыстардың барлығының латынша таңбалары сол 2-ші нұсқадағы күйінен өзгеріссіз қалды. Бірден айталық, бұл нұсқаны да дәл осы күйінде қолдауға, қолдануға болмайтын еді. Оның себебі: мұнда екінші нұсқадағы кемшіліктер түгелімен қайталанған. Ол аз болғандай, соңғы нұсқада қазақтың Ш, Ч дыбыстарының латыншасы 2-нұсқаға қарағанда басқаша тұлғаланыпты. Мәселен, кириллицадағы Ш, Ч дыбыстары 2-нұсқада латынша S’, C’ тұрінде тұлғаланса, 3-ші нұсқада олар Sh, Ch түрінде берілген. 2-нұсқадағыдай 3-нұсқада да қазақ тіліндегі екі дыбысты латынның бір-ақ әрпімен белгіленген. Мәселен, онда қазақтың И мен Й-ын латынша І таңбасымен, Х мен Һ-ны латынның Н таңбасымен белгіленіпті. Қазақ тілінде «ұзын» И деп аталынатын дыбыс жоқ болғандықтан жаңа қазақ-латын әліпбиінің құрамынан оны шығарып тастап, «қысқа» Й-дің латынша таңбасы ретінде І-ді белгілесек, ең дұрысы сол болған болар еді. Рас, 3-ші нұсқада қазақтың Ж дыбысын латынның J әрпімен белгілеу ұсынылыпты. Біз мұны дұрыс шешім деп қабылдадық. Дәл осы сияқты біз өз мақалаларымызда ылғи сөз етіп жүргендей қазақ тіліндегі дауыссыз У-ға латынның W әрпін, қазақ тіліндегі Ш-ға латынның С әрпін балама еткенде әліпбиіміз әлдеқайда ықшамдала түскен болар еді. Бірақ олай істелмеген. Кейбіреулер «қазақтың Ш дыбысының әрпі ретінде латынның [Sh] таңбасын алған жөн» дегенді айтады. Біздің ойымызша, бұлай етуге болмайды. Неге десеңіз, әліпбиімізде олсыз да қосарлы таңбалар жетерлік. Біз қазақтың Ш дыбысына таңба ретінде латынның [С] әрпін ұсынып отырмыз. Егер Ш дыбысының таңбасы ретінде латынның Sh-ын емес, С әрпін алатын болсақ, біріншіден, Sh сияқты қосымша таңбалы әріптердің саны азаяды. Екіншіден, ұқсас әріптерді ( S және Sh) бір-бірімен шатастырып алудан құтыламыз. Ешбір графика бірден идеалды бола бермейді. Соны ескере келіп, «әліпбиіміз жақсарған үстіне жақсара берсе екен» деген ниетпен 3-ші бекітілген әліпбиге байланысты мен мына нәрселерді еске салғым келеді. Латын графикасында Х, H деген екі әріп бар. Екеуі де көмей дыбыстары. Жаңа қазақ-латын әліпбиіне бұл әріптердің Х деген біреуін ғана қалдырып, екіншісін (Һ-ны) ұлттық дыбыстарымызды белгілейтін шартты таңба ретінде пайдаланғанымыз абзал (Біз солай еттік). Өйткені Х әріпі ах, ох, ех, үх дегендер сияқты одағай сөздерді жазу үшін қажет. Әрі ол матиматика пәніндегі икс сөзінің шартты таңбасы ретінде де тілімізде бұрынғысынша қолданыла береді. Ұлттық төл дыбыстарымызды Һ деген шартты таңба арқылы қосарлап белгілеу – амалсыздан болған нәрсе. Бұлай етуге себеп: 1) ұлттық дыбыстарымызды тек пернетақтада бар латын әріптерімен таңбалаудың басқа амалы жоқ. 2) Н таңбасын шартты белгі ретінде басқа әріптерге қарағанда сыртқы тұлғасы жағынан көзге айырықша түседі. Егер біз әріп атаулыны шартты таңба деп білетін болсақ, қазақ тілінің Б дыбысына латынның [В] әрпін (таңбасын), Ж-ға – [J]-ді, Й-ге – [І]-ді, У-ға – [W]-ны, H-қа – [X]-ны, Ш-ға – [C]-ны таңба (әріп) етіп алатын болсақ, онда бізге латын әліпбиінен таңба іздейтін қазақтың 6-ақ дыбысы қалады. Олар – Ә, Ө, Ү, І дауыстылары мен Ғ, Ң дауыссыздары. Ә,Ө,Ү,І жіңішке дауыстыларын таңбалау онша қиын емес. Өйткені бұлардың жуан сыңарларының латын әліпбиінде [А],[О],[U],[У] деген таңбалары бар. Егер қазақтың жоғарыдағы 4 жіңішке дауысты дыбыстарын таңбалау үшін әлгі жуан әріптердің қасына Һ шартты белгіні қойсақ, бірден әлгі жуан дауыстылардың 4 жіңішке сыңарлары (ә > ah, ө > oh, ү > uh, і > yh) жасалынады. Қалған Ғ, Ң дауыссыздарына келсек, латын әліпбиінде бұлардың да жіңішке сыңарларының таңбалары бар: G, N. Осы таңбалардың қасына әлгі Һ деген шартты белгіні қойсақ болды, бұл дыбыстардың жуан әріптері жасалады. Мыс.: Gһ, Nh. Қосарлы таңбамен берілетін дыбыстардың барлық саны 6-ау ғана. Олар: ah>ә, gh>ғ, nh>ң, oh>ө, uh>ү, yh>і. Басқа дыбыстардың жеке-жеке әріптерден тұратын латынша өз таңбалары бар. Міне, біз латынның небәрі 23 таңбасымен қазақ тіліне тән 29 дыбысты түгел таңбалап шықтық. Кейбіреулердің айтып жүргеніндей, қазақ тілінің 29 дыбысын таңбалау үшін латынның 26 әрпі жетпей қалған жоқ, қайта, керісінше, оның 2 әрпі (f, v) артылып қалды. Қазақ тілінің фонетикасынан жастарға сабақ беріп жүрген ұстаз ретінде мен сонау 1993 жылдан бастап латын графикасына көшу мәселесін зерттеуге тікелей кіріскен болатынмын. Сол зерттеудің нәтижесінде мерзімді баспасөз беттерінде осы мәселеге байланысты мен 2003 жылы арнайы мақала жазып, қазақ-латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бірінші рет ұсынған болатынмын (Қараңыз: ҚР Ғылым Академиясының Хабарлары. Тіл әдебиет сериясы. 2003. №3. 3-6 бб.). Бірақ ол ұсынысты қазақ-латын әліпбиін жасаушылардың ішінен «осы қалай екен?» деп елеп-ескерген ешқайсысы болған жоқ. Бүгін, міне, сол нұсқаны аздаған өзгерістер­мен қайталап беріп отырмын. Ескерте кететін нәрсе, алғашқа нұсқада мен тек қазақ тілінің өзіне ғана тән дыбыстарды белгілеуде латынның Һ әрпін емес, Q әрпін таңдаған болатынмын. Ал Q дыбысына онда Kq әріптерін таңба ретінде алған едім. Басқа дыбыстардың таңбалануы осы кестеде көрсетілгендей. Әрине, қазақтың кириллицалық 42 әріпін латынның 26 әріпіне сәйкестендіру оңай шаруа емес. Сондықтан біз қанша ойлансақ та қосарлы таңбадан қашып құтыла алмадық. Дегенмен мен бұл жерде оқырмандарға қосарланудың басқаша түрін, дәлірек айтсақ, жеңілдетілген түрін, яғни жаңа қазақ-латын әліпбиінің кейінгі заманға ыңғайлы түрін ұсынып отырмын. Жаңа қазақ-латын әліпбиіне байланысты жоғарыда айтылған ойларымызды жинақтап, кестеге түсірсек, ол төмендегідей болып шығады (кестеде):

Қорыта айтқанда, кирилл әрпін латын әрпімен алмастыру – тек идеологиялық, саяси күрес қана емес, сонымен бірге, ол күнделікті тұрмысқа қажетті әліпбилік реформа. Өйткені әріп (графика) тіл дыбыстарының шартты таңбасы болумен бірге, ол елдің қай ел, қандай ел екендігінен де ­хабар беретін ұлттық нышандық қызмет атқарады. Сондай-ақ, латын графикасына көшу – еліміздің алға қарай дамуындағы басты қадамдардың бірі. Оны дүниежүзілік прогреске қарай аяқ басу деп те ұққан жөн. Латын графикасына көшу – кейбіреулер айтып жүргендей, Ресейден алшақтау емес. Ол – шындығына келгенде, қазіргі заманғы өркениетті елдердің жетістіктерін меңгеру деген сөз. Дұрысында латын графикасына көшу – заман талабы. Бұл қазіргі заманғы өркениетті елдердің жетістіктерін меңгеру деген сөз. Егер латын графикасына көшсек, ол бізді, әлемдік ақпараттық кеңістікке алып шығады. Қазіргі кезде кең етек алып отырған интернет, е-майл, электрондық пошта деген сияқты т.б. заманауи байланыс жүйелерін еркін пайдалана алатын боламыз. Егер біз жасаған осы нұсқа үкімет тарапынан қабылдана қалған жағдайда, біріншіден, қазақ тілінің өзіне тән дыбыстық ерекшеліктері мен заңдылықтары сақталынып қалады, екіншіден, компютер пернетақтасындағы латын әріптерінен басқа ешқандай қосымша таңба алынбайды, үшіншіден, жаңадан жасалған осы әліпби арқылы қазақ қауымы дүниежүзілік интернет жүйесіне еркін қосыла алады, төртіншіден, мемлекеттік тіл қазақ тілін үйренем деушілерге оның дыбыстары мен әріптерін үйрету оңай.

Байынқол ҚАЛИҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор

10396 рет

көрсетілді

223

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы