Шешем менің мұңлы нотам

Уақыты: 18.06.2016
Оқылды: 2116
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Біз осы айдарымызда айтулы азаматтардың тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен ата мен ананың тағылымды сөзіне, одан асып ұлттың ұл мен қызына өнеге болған ғибратты әңгімесіне ден қойдық. Әрі мұндай дуалы лепесті тағы жаңағыдай үлкен тұлғалардың өз аузынан беруге тырыс­тық. Ол үшін кезінде этнограф Жағда Бабалықтың қазақтың салт-дәстүрі туралы сүйекті, сөлді әңгімесіне қанығып, өзара сыр-­сұхбатта болған, бүгінде «Дәстүр» журналының бас редакторы қызметін атқарып отыр­ған ақын Қасымхан Бегмановпен тілдес­кен болатынбыз.

Оралхан Бөкей ағамыз Оңтүстікке жасаған ең соңғы сапарында менің әкемнің қара шаңырағында болып, шешемнің қолынан дәм татқан болатын. Орағамның бұрын еш жерде жарияланбаған фотолары менде сақталған. Күндердің бір күнінде жариялармын деп жүрмін.

***

Анамды менің ақындық жолға біржолата түскенім қатты алаңдатты. Біздің елдің ол замандағы ақындарының бақытты болғаны жоқ деп ойлайтын. Саттардың ерте дүние салғаны, Қаныбек Сарыбаев пен Өмірбай Сәуірбаевтардың Есениндей боп көшеде шарап ішіп жүретіні шешеме ұнай қоймайтын.

Қасымхан БЕГМАНОВ,

ақын, Қазақстан Жастар одағы және

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты.

– Әуелі әңгімені сағыныштан кеудемді сызып әкететін, әкемнен үлкен әкем, шешемнен үлкен шешем – туып-өскен ауылым жайлы аз-кем сыр дестеден соң бастағым келеді. Биыл ауылға тағы бардым. Жалғызбын. Он шақты жыл бұрын үкіметте қызмет істеп жүргендегі жанымнан шықпайтын әкім-қарарлардың бірі де жоқ. Соған қарағанда қияли ақыннан бәрі күдерін үзген болулары керек. Осы түріме қарамай мен де оларды іздемеймін. Өйткені мен де әкем секілді “еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай” дейтін дала заңымен өскенмін. Тіпті, ауылға барғандағы ең басты мақсатым – қарт әкемді көзіммен көру, марқұм анамның басына барып Құран оқу еді. Шын айтам, басқа еш шаруам жоқ. Сол баяғы ауыл. Сырттай ештеңе де өзгермеген тәрізді. Бәрі орнында. Ауылға кіреберістегі біздің бала кезімізде тасып ағатын өзеннің суы тартыла бастаған секілді. Бабайқорғанның Майдамталдың даласына қарай созылған ақ жазығын баяғыдай сағым орап алыпты. Мың шақырымдай жер артта қалды. Он алтыға жете алмай жүрген сонау бозбала кезімде мені Келінтөбе жақтан бала Есенғали іздеп келетін Бабайқорған ғой бұл. Бәрі де енді өткен күннің еншісіндегі естелікке айналды...

Әкеміздің бізге үнемі айтып отыратын бір сөзі: «Кісінің аманатына қиянат жасаушы болма, біреуге қиянат жасап, сайда жүргенше, біреуден таяқ жесең де қырда жүр балам, жүзің жарқын, ашық болады», – деп отыратын. Ол кісі ешқашанда лебізін жұтпайтын адам. Уәдеге берік, артық сөзге жоқ, таза еңбектің адамы еді. Бізді адал еңбек етуге тәрбиеледі. Одан жаман болмаған сияқтымыз. Бұл менің әкей туралы жылы естелігімнің бір парасы ғана. Әкенің жолы – әманда балаға даңғыл! Бәлкім, әкем туралы бұл шағын сұхбатта айтып түгес­пейтінімнен, бәлкім, шешем менің жазып бітпеген мұңлы нотам болғанынан ба, әйтеуір, сіздер ұсынған «Жансарайда» анам жайлы ақтарылуды жөн көріп отырмын.

Менің анам Айжамал Байкенжеқызы деген кісі жалпы жаратылысынан ақынжанды, әнші адам болатын. Қолынан келмейтіні жоқ еді. Киіз басу, алаша, ши, кілем тоқу бүкіл ауыл менің шешемсіз бұндай істі өткізбейтін. Себебі, менің шешем кез келген істің оябын таба қоятын жаратылысынан сұңғыла кісі болатын. Бие баптау, жылқы күту, тағамның түр-түрін тіл үйіретіндей ғып дайындаудың хас шебері болатын. Ол кісі сегіз қырлының нақ өзі-тұғын. Он саусағынан өнері тамған жан еді десем, артық айтқан болмаспын. Менің осы дәстүр тақырыбына келуіме сол бала кезде анамнан көргендерім бірден-бір себеп болды. Ол – өз түйсігім. Адам жады, қазіргі тілмен айтқанда, компьютер сияқты ғой. Ол ұмытылып қалмайды, қозғаушысы болса жаңарып, жаңғырып қалқып қайта шыға береді.

Бала кезімде анам көрші кемпірлер мен келіндерін шақырып, текемет басатын. Оның өзі үйдегі кішігірім тойға бергісіз болатын. Сонда бізге шиге оралған текеметтің пісуі қансын деп кезек-кезек домалатып, үстінен бастыртатын. Бұл бағана айтқанымыздай, өнерлі, боялған ши емес, арнайы киіз тоқуға арналған жай ши ғой. Ал жаз мезгілінде қыздары мен келіндерін жанына отырғызып қойып, кілем тоқитын. Кілем бір айға жуық уақытта тоқылып та бітетін. Қазір осындай сапалы, сәнді кілемдер тоқитындар азайды. Кездейсоқ бір кілем, палас тәрізді заттар сатылатын базар не дүкенге кіре қалсам менің көңілімді бір мұң билеп алады. Қиялыммен алыстап кеткен жылдарға еріксіз оралам. Есіме ауыл, анам түседі...

Ең кереметі сол – Өтебике әжем мен Айжамал анам табиғатынан сезімтал, сергек, ескі сөздерді, мақал-мәтелдерді көп білетін, оларды орнымен сөз арасында пайдалана алатын сергек адамдар еді. Сол әжем мен шешемнің жиын-тойларда ән салғанын, айтыстарға түскенін бала кезімде көріп өстім. Маған да сол кісілерден ептеп жұғысты болды-ау деймін. Әлі күнге дейін елге барғанымда шешемді білетіндер мені көпке дейін жібергісі келмей тұратынын талай аңғардым. Кемсеңдеп жылап қалатындары аз емес. Талай ауыл тойларында салған әндері сақталған жоқ. Тек Бейбіт Құсанбектің маған арнап жасаған бір хабарында анамның ән салған сәті сақталып қалған. Тарыққан, торыққан сәттерімде үйімдегі кітап сөресінде тұрған шешемнің суретіне қарап ұзақ отырып қалатыным бар. Қысқасы мен шешемді өте жақсы көрген баласымын.

Жаңа сөз арасында анам рухани сергек, сезімтал адам еді деп айттым ғой. Ол айтқаным еш өтірік те емес. Өйткені, анамның қолынан дәм татпаған ақын-жазушылар аз шығар. Кешегілерден Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкей, Қалдарбек Найманбай, Қадыр, Тұманбай, Фариза, Өтежан Нұрғалиев, Жәнібек Кәрменов, Жұмабай Әбілов, Қаныбек Сарыбаев, Өмірбай Сәуірбаев, Мұратбек Оспанов, бірде, тіпті Түркістанға келген Өзбекстан, Тәжікстан, Якутия, Татарстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Түркия сияқты елдердің Жазушылар одақтарының 1 хатшылары, бүгінгілерден Күләш Ахметова, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Қалихан Ысқақ, Әшірбек Сығай, Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов, Құлбек Ергөбек, Ұлықпан Сыдықов, Нұридин Балқияев тәрізді көптеген қаламгер әкемнің қара шаңырағында қонақта болып, шешемнің қолынан дәм татқан. Оралхан Бөкей ағамыз Оңтүстікке жасаған ең соңғы сапарында менің әкемнің қара шаңырағында болып, шешемнің қолынан дәм татқан болатын. Орағамның бұрын еш жерде жарияланбаған фотолары менде сақталған. Күндердің бір күнінде жариялармын деп жүрмін.

Мен анама рухани өте жақын боп өстім. Анам әлденені алғалы еңкейе берсе, ол кісіден бұрын еңкейіп әлгі затына қол жалғап жіберетінмін. Мені баласынбай сырын айтатын. Есімде қалғаны, бірде Алматыға келе жатып шешеме Бішкектен әдемі алтын сырға әпердім. Шетелге шыққанымда ең бірінші шешеме сыйлық іздейтінмін. Жанымдағы серіктерімді талай ренжітіп, шешеме сыйлық іздеген сәттерім аз болған жоқ. Бірақ шешем сыйлықтарыма қатты қуанбайтын, тіпті, кейде маған ұрысатын. «Өзің алыста жүріп, осылардың не керегі бар, шырағым-ау», – деп. «Өзің тарығып қаласың ғой, ала берме мұндайларды» дегендей.

Анамды менің ақындық жолға біржолата түскенім қатты алаңдатты. Біздің елдің ол замандағы ақындарының бақытты болғаны жоқ деп ойлайтын. Саттардың ерте дүние салғаны, Қаныбек Сарыбаев пен Өмірбай Сәуірбаевтардың Есениндей боп көшеде шарап ішіп жүретіні шешеме ұнай қоймайтын. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Кейде шешемнің айтқанын неге істемедім екен деп ойланатыным, өтірік емес. Шешем менің жазылмайтын мұңлы нотам! Үзілер сәтінде жанында бола алмадым. Әлі күнге дейін анама арнап жеке үлкен шығарма жаза алмай келем. Санаулы өлеңімнің кейбір жолдары болмаса....

Анам 1999 жылы 2 шілде күні 68 жасында елде дүниеден өтті. Қайратты, сабырлы кісі еді, жарықтық.

Қозыбай ҚҰРМАН