Хьюстондағы қазақ мектебі

Уақыты: 18.06.2016
Оқылды: 1740
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

АҚШ-тың Техас штатына қарасты Хьюстон қаласында тұратын қазақ балалары ұлттық салт-дәстүрді, ән мен биді, халық ауыз әдебиетін бойларына сіңіріп, домбыраның құлағында ойнап жүр. Бұған сеп – қара домалақтардың дарынын ашқан қала ішіндегі жексенбілік қазақ мектебі. Мұхиттың арғы бетіндегі қазақтардың

«Шаңырақ» атты қауымдастығымен құрылған білім ордасы бүгінде өз жұмысын жалғастыруда.

Бүлдіршіндерінің шүл­дір­леуіне жол бермей, өз ана тілін ұмытып кетпеуі үшін ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді, жал­пы ұлттық құндылықты қа­ла­ған ата-ананың тілеуі қабыл бол­ды. Қазақылықпен кере­ге­сін қалаған оқу ордасының есігі 2012 жылдан бері ашық. Бір кереметі, мектептің сал­та­натты ашылуы еліміздің Тәуел­сіздігі күні қарсаңында өткі­зіл­ген еді. Оқу орнында 3-6 жас­та­ғы балақайларға арналған «Ба­лапан», 7-12 жастағы жет­кін­шектерге арналған «Тұлпар» топтарына арнайы сабақтар жүргізіледі. Ұстаздар қауымын еріктілер тобы құрайды. Ұр­пақ­тар сабақтастығын үзбеуге мүд­­делі қандастар қара дома­лақ­тарының бойына ұлттық бояуды сіңіруді осылай қолға алған. Алғашында мұнда ма­мандық бойынша сабақ беретін мұғалім болмаған. Сондықтан санаулы ұстаздар мамандығы сәйкес келмесе де білгенін үй­ретіп, барын берді. Оқу ор­нын­да бар-жоғы төрт адам қызмет етеді. Бала бойына білім сі­ңі­ріп, қазақы қалыптан қара до­ма­­лақтарды қалыс қалдырмауға та­лапты Хьюстон тұрғыны Мер­­зет Әліп ханымның еңбегі елеу­лі. Ол – қазақ үшін тегін тәрбие беріп, жалақысыз жұмыс атқа­рып жүрген жан. Ма­ман­дығы эко­номист болса да қазақ тілі­нен оқытады. Мектептің ұйым­дастыру шараларының барлы­ғын қолына алып, қар­жысыз-ақ қыруар шаруа тын­ды­руда. Сон­дай-ақ, Эльмира есімді ұстаз да бала бойындағы та­лант­ты ұш­тап, өнер өлкесіне жетелеуде. Өз ниетімен бала тәр­биесі үшін тиын да сұра­майтын ұстаздың жү­регі кең, жаны жомарт. Ал қалған екі мұғалім елімізден шетелге шы­ғып, білім алып жүр­ген сту­денттер. Оларға ата-ана­лар өза­ра келісіп жалақы төлеп тұ­рады.

Шетелдегі қазақ балалары үйде қанша жерден қазақша сөй­легенімен, ағылшынша жау­ап беруге құмар. Оған Мер­зет Әліп ханым өз балалары ар­қылы мысал келтіреді. Сегізінші сыныпта оқитын үлкен қы­зы­ның өзі кейде: «Ана, ағыл­шын­ша айта салайыншы, маған қа­зақшадан гөрі ағылшынша айту оңай», – дейді екен. Сол себепті балалардың ана тілінен мүлдем ажырап қалмауы мақсатында ашылған мектеп болашақ үшін үлкен маңызға ие. Алдағы күн­дері ұс­таздар санын көбейтіп, да­­рын­ды балаларды даралау да ойда бар.

Мектепте әр жексенбі сайын төрт сағат сабақ оқытылады. Ұс­­таздар қазақтың тілі мен та­рихын, салт-дәстүрін үйретуге барынша күш салады. Қазақ әндерін жаттатып, ұлттық биге бау­лудан да алдына жан сал­майды. Хьюстанда үш мыңға жуық қазақ тұрады. Көбісі қыз­мет бабымен келгендер және сту­денттер. Алдыңғы жылы оқу ордасында 30-дай қазақ баласы оқыса, қазір 18 оқушы білім алады. Мектепте шетелде бұ­рын­нан тұрып келе жатқан қа­зақ отбасының балалары мен әкесі америкалық, анасы қазақ бүлдіршіндер де бар. Қызмет бабы мен ата-аналарының кө­шіп кетуіне байланысты оқу­шы­лардың құрамы үнемі өз­ге­ріп отырады. Түрлі себептерге бай­ланысты балалар кейде қа­зақ­ша сабаққа келмей қалады. Оқу ордасы мен еліміз ара­сын­да ешқандай байланыс жоқ. Бірақ Қазақстан Респуб­лика­сының АҚШ-тағы елшілігінің қызметкерлері өнегелі істі қол­ға алған отандастарына риза­шы­лық білдіріп, алғысын айт­қан. Жер шарының қай қиы­рында жүрсе де қазақ­тығы­мыз­ды ұмытпай, ғажаптығымызды паш етіп жүрген жандарға ал­ғыс шексіз. Бұл біз үшін үлкен мақ­таныш. Мәңгілік Елдің ұр­пақ­тары осылай болса керек.

Ай НИСА.