ЕЛЕНБЕЙ ҚАЛҒАН ЕРЛІК

Уақыты: 12.12.2020
Оқылды: 718
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Арада 75 жыл өтсе де Екінші дүниежүзілік соғыстың сызы санамыздан әлі өшкен жоқ. Сұрапыл шайқастың бел ортасында от кешкен оғландар бабалар салған мәңгілік керуенге ілесіп, арамыздан алыстап барады. Олармен бірге қанды қырғынның қаншама құпиясы, қаншама ерен ерлік ұмыт болып жатыр десеңізші?! Елінің ертеңі үшін қан кешкен боздақтардың арасында ерлігі еленбей, әділетсіздікке ұшырағандар қаншама?! Солардың қатарында Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылса да ерлігі ескерусіз қалған Қабыкен ЖАРЫЛҒАСЫНОВ та бар. Былайғы жұртқа бейтаныс есім болғанымен біз үшін батырлығын бұлдамай қарапайым тірлік кешкен осы бір қайсар тұлғаның орны бөлек, жүріп өткен өмір жолы ұрпаққа өнеге.


    Қабыкен Жарылғасыновтың есімін ең алғаш әлеуметтік желіден, «Egemen Qazaqstan» газетінің парақшасынан кездестірген едім. Аталған газетте «Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылса да алмаған тарбағатайлық қос батыр» деген атпен көлемді мақала жарияланыпты. Мақала авторы – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының мұғалімі Қуаныш Қабидолдин тасада қалған Қабыкен батырдың қызы Текелі қаласында тұратындығын жазған. Осы ақпарат көзіме оттай басылған соң батырдың қызы Әсия апаймен жолығып, майдангердің өмірі жайлы зерттеу жүргіздім.
    Әсия апай әкесінің өмір жолынан тебірене отырып сыр шертті. Қызының айтуынша, Қабыкен ата бала жасынан елгезек болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Елін, жерін шексіз сүйген жас қай салада қызмет атқарса да жауапкершілігімен, алғырлығымен көзге түскен. Тарбағатайдың Маңырақ ауылында дүниеге келген Қабыкен 14 жасында комсомол ұйымына қабылданып, «Шілікті» кеңшарында сауатын ашып, білімін толықтырады. «Қабыкен әкеміз Байжігіт елінің алты Жұмық, Бессаты ішінде Есенгелді – Айтқожа ұрпағынан тарайды. Әкем кейін біраз жыл кеңшардың май зауытында шебер болып қызмет атқарды. 1940 жылы 20 жасында әскер қатарына алынып, КСРО – Жапон шегарасында борышын өтейді. Кейін осы жерден 1942 жылы Батыс майданға аттанады», – дейді батырдың қызы.
   Қабыкен Жарылғасынов сан ұлттың басы біріккен қанды шайқаста қазақ батырларына тән қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Қазақтың халық ауыз әдебиетінде жырланған жаужүрек ерлердің жолымен ерен ерліктер жасады. Қабыкен атаның соғыс жайлы мынадай естелігі сақталған: «Әкемнің Оқас деген жолдасы маған құс атуды үйрететін, әсіресе, дуадақ деген құсты шиті мылтықпен атып, мерген деген ат иелендім. Осы мергендігімнің пайдасы әскерге барғанда тиді. Тактикалық жаттығу кезінде үштен оқ береді, бесатармен атамыз. Сонда менің үш оғым бір жерден өтеді. Мені Тамбов қаласындағы бір айлық мергендер оқуына жіберді. Мен оқуды жиырма күнде аяқтап, үшінші полктың 7-ші корпусы, 53-ші бригадада барлаушы мерген болдым. Менің міндетім – немістің мергенін, оның қарауындағы пулеметшілерін, қару-жарақтарының қай жерде екенін анықтау. Қасымда фотоға түсіретін адам жүрді. Барлық өзіме берілген тапсырмаларды жауапкершілікпен атқардым», – деген екен бір сөзінде батыр ата.
    Қабыкен ата Брянск , Украина , Курск, Орлов майдандарына қатысып, бірнеше қаланы азат ету ұрыстарында ерен ерлік көрсетеді. Гвардия ефрейторы Қ. Жарылғасынов тіпті Берлин, Прага сияқты қан майданның ошағы саналған алып шаһарларды азат ету операциясында көзге түсіп, басшылықтың назарына ілігеді. Осы соғыста қазақтың жаужүрек ұлына «Ерлігі үшін» медалі, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендері тапсырылады.
    Батыр ұл 1945 жылы 17 қаңтарда Польшаны азат етуде Слабошевице ауданындағы Пилица өзеніне көпір салу құрылысын жүргізеді. Осы бір сындарлы сәтте қазақ жігіт мұздай суық суға белуардан кіріп, асқан төзімділікпен құрылыс жұмысын атқарып, көпірдің уақытында бітуіне орасан үлес қосады. Көпір құрылысына өз взводының әскерлерін де ұйымшылдықпен тарта білген осы Қабыкен болған.
    Ал 1945 жылдың 25 қаңтарында оңтүстік Карлсруэ ауданында кезекті бір қанды шайқас жүреді. Сапер взводына қарқынды күшпен қайта шабуылдаған жаудың автоматшылары Кеңес әскерлеріне бас көтертпейді. Осы тұста жауынгерлерге тасжолды ашу міндеті қойылады. Шайқаста ефрейтор Қ. Жарылғасынов асқан батырлық көрсетіп, бірінші болып алға ұмтылып, жаудың 9 жауынгерін жер жастандырады. Сонымен бірге, осы ұрыста ауыр жараланған рота командирін, борап тұрған жау оғына қарамай, ұрыс алаңынан аман алып шығып, офицерді ажалдан құтқарады.
    Осы жасаған ерен ерлігі мен батылдығы үшін гвардия ефрейторы, сапер Қабыкен Жарылғасынов 28 қаңтар, 1945 жылы 121- ші жеке гвардия Сандомир саперлер батальонының командирі, гвардия майоры Романов пен корпус инженері, гвардия подполковнигі Фастовтың қол қоюымен ең  жоғары марапат – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Алайда батыр атамыз Қызыл Ту орденімен марапатталып, ерен ерлігі жабулы қазан күйінде қалады. Бұл туралы майдангердің марапаттау парағында толық жазылған.
    Сөйтіп, қазақтың бірталай батыры бастан кешірген әділетсіздіктің салқыны Қабыкен атаға да тиеді. Бұл жайттың тарихи шындық екенін қазақстандық 133 майдангер туралы жазылған «Ұмытылған қаһармандар» атты жинақтан да көруге болады. Дерекке толы кітапты Берік Әбдіғали құрастырған. Нұр-Сұлтан қаласында шыққан жинақта мемлекеттік архив негізінде Қабыкен ата жайлы деректер бар.
    Қабыкен ата соғыста үш рет ауыр жараланды. Оның бірінде басынан жарақат алып, Украинадағы госпитальда емделеді. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскери борышын жалғастырып, 1946 жылдың мамыр айына дейін Австрия, Румыния, Чехословакия, Венгрия жерлерін картаға түсіруші отряд құрамында жұмыс атқарады. 1946 жылдың күзінде туған жеріне аман-есен оралады.
    Соғыстан кейін Қабыкен Жарылғасынов Ташкент қаласындағы жоғары оқу орнына түсіп, заң саласы бойынша мамандық алып шығады. Студенттік жылдарында да сабағын жақсы оқып, білім ордасын үздік нәтижемен аяқтайды. 1950-60 жылдар аралығында Самарда, Шіліктіде милицияда, ал Ақжарда тергеуші болып қызмет атқарады. Сонымен бірге, Тарбағатай аудандық комсомол ұйымының екінші хатшысы қызметінде де болған. Кейін денсаулығына байланысты «Ақжар» кеңшарында жылқышы болып, зейнеткерлікке шығады. Бейбіт өмірде Қабыкен ата домбыра шертіп, ән айтқан және қолөнермен айналысып, жасаған бұйымдары талай көрмеде жүлделі орын алған.
    Өмір жолы осындай еңбек пен ерлікке толы батыр атамыз 2009 жылы желтоқсанда 90 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бүгінде зайыбы Әминә Нығметжанқызымен бірге өсіріп, жеткізген 9 баласынан 16 немересі бар. Үш немересі әскери қызметте, заң саласында табысты еңбек етуде. Атап айтқанда, Мұхтар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шегара қызметінің запастағы подполковнигі, Мұхит – полиция қызметкері, Азамат өрт сөндіру саласында. Ал шөбересі Жанғали Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық Ұлан сапында Ақорданың қауіпсіздік қызметінде абыройлы еңбек етеді.
    Майдангер атаға биыл – 100 жыл. Осы бір атаулы күнге орай қызы Әсия апай қуанышты хабарды жеткізді. Тарбағатайдағы мектептердің бірін Қабыкен Жарылғасыновтың есімімен атау бастамасы қолға алынып жатқан көрінеді. Сонымен бірге, «Ұмытылған қаһармандар» кітабындағы 133 адамға да марапат беру ісі назарға алынған.
    Батырдың қызымен өрбіген әңгімеден ерекше әсер алып шықтым. 2007 жылы Ресейдегі Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағаты құжаттарынан «Құпия» белгісі алынып тасталып, көптеген шындық ашылып жатқанын білеміз. Беймәлім батырлардың есімі арнайы ғаламтор жобаларында орналастырылды. Сол бойынша ұрпақтары батыр аталары мен әкелерінің марапаттау қағаздарын көріп, олардың ерліктері жайында білді. Кеңес Одағы Батыры атағына ерлігі үшін ұсынылып, бірақ белгісіз себептермен басқа марапатқа ие болған адамдардың көбі анықталды. Солардың қатарында Қабыкен Жарылғасынов та бар.

Әсем ҚҰЛДАСОВА,
№14 орта мектеп-гимназиясының зерттеуші педагог санатындағы тарих пәні мұғалімі
Талдықорған қаласы