АЛТЫНДАЙ ЖАРҚЫРАҒАН ТҮЛЕКТЕР

Уақыты: 18.06.2016
Оқылды: 1774
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеше ғана мектеп табалдырығын жасқана аттаған балғындар зымыраған уақытпен бірге партамен қоштасар сәттің де келіп жеткенін аңғармай қалғандай. Жүздерінен қуанышпен қатар қимастықтың лебі есіп, ұстаздарына деген шексіз алғысы ақтарылды келіп. Сан түрлі сыннан сүрінбей өткен оларды келешекте де небір өмір өткелдері күтіп тұр.

Талдықорған қаласының «Жастар» саябағында өңіріміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген «Алтын белгі» иегерлеріне арнап облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ «Ақ жол саған, жас түлек!» аманаты аясында марапаттау рәсімін өткізді. Түлектерді қошеметтеп, арнайы орындарына отырғызған соң ортаға ұстаздар қауымы шығып, көкке ақ көгершіндерін ұшырды. Әрбірінің айтар тілегі: «Сендер де осы көгершін сынды биікте самғап, айналаға білім шуақтарыңды шашып жүріңдер», – дегені еді. Шараның салтанатты ашылуынан кейін Мемлекеттік Гимн орындалып, барлық алақан жүрек тұсына қойылып, ұлттық рухымыз еселенді.

– Құрметті дарынды ұл-қыз­дар! Бүгінгі мереке құтты болсын, «Алтын белгі» иегерлері мен барлық түлектер, үлкен өмір жолына басқан қадамдарыңыз сәтті болсын, ақ жол тілейміз! Мәңгілік Еліміздің беделін асырып, биік белестерге жете беріңіздер! Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Жаңа құндылықтар жастардың жүрегіне тезірек жол табады», – деген еді. Сіздер шыққан биіктерге бәріміз қуанамыз, үнемі қолдап отырамыз. Ұлы ғұлама ғалым әл-Фараби: «Білімді болу деген – жаңалық ашуға қабілетті болу» дегендей, сіздерден жаңалыққа жаны құмар, әлем өркениетіне жақын, озық ойлы жастар ретінде үлкен үміт күтеміз, – деп ыстық лебізін білдірген Амандық Ғаббасұлы өткен жылмен салыстырғанда биылғы көрсеткіштің жоғары екендігін тілге тиек етіп, осыған ықпал еткен әрбір бітіруші түлекке ризашылығын білдірді.

Осы жылы облыс бойынша «Алтын белгіге» үміткер 364 түлектің 214-і білімдерін дәлелдеп шықты. Ал өткен жылы 349 түлектің 191-і сенім ақтаған еді. Бұл дегеніміз, білім деңгейінің едәуір көтерілгенінің белгісі. 2015 жылы ҰБТ көрсеткішінің орташа балы 77 болса, биыл 80-ге өсті. Үздік аттестат иеленгендердің саны 171-ге жетті. Осы сынды ауыз толтырып айтар қуанышымыз жыл сайын еселеніп келеді. Облыс бойынша жалғыз ғана 124 балл қанжығалаған Кербұлақ ауданы, Қарашоқы орта мектебінің оқушысы Талшын Чукаева: «Мен бұл жетістігімді 11 жыл бойы алған білімімнің жемісі деп білемін. Осы орайда білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма, әр басқан қадамыма дем берген ата-анама үлкен алғыс айтамын. Болашақта аудармашы мамандығының иесі атанып, еліміздің өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді», – деп тебіренді. Облыс бойынша төрт түлек 123 балл алса, 122 балды алты білімгер бағындырған, тоғыз түлек 121 балл алса, 120 балды 4 оқушы қанжығалады. ҰБТ қорытындысы бойынша ең көп «Алтын белгі» иегерлерінің көшін Іле ауданы бастап тұр. Ол жерден бас-аяғы 34 түлек ұшпақ. Екінші орында Қарасай мен Талғар ауданы 24, үшінші орында Талдықорған қаласы 23 түлекпен алдыңғы қатардан көрінуде.

Облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге түлектердің орындауындағы «Вальс» биі көптің қошеметіне айналды. Ән мен күй тербеген көкке түрлі түсті «Білім шары» ұшырылып, отшашумен көріктене түсті. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырған жастар облысымыздың айбынын арттырып қана қоймай, еліміздің үкілі үмітін ақтады. Барлық мектеп бітірушілерге сәтті сапар демекпіз!

Мәулен ӘНЕРБАЙ