Меморандумға қол қойылды

Уақыты: 04.07.2017
Оқылды: 1160
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық Баталов іссапарымен Қарасай ауданында болып, салынып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұдан соң Қаскелең қаласында күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындарға есік ашқан «ForteBank» АҚ бөлімшесіне келіп, әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

«АльянсБанк», «ТемірБанк» және «ForteBank» қаржы институттарының бірігуі нәтижесінде 2015 жылы дүниеге келген жаңа банк Қазақстанның қаржы нарығында өз орнын алған болатын. Бүгінде елдегі 31 банк жүйесі қатарында депозиттер көлемі жөнінен бесінші, ал заңды тұлғаларға қызмет көрсету бойынша үшінші орынды иеленіп отырған «ForteBank» қызмет аясын ұлғайтуда. Аталмыш қаржылық құрылым Қазақстандағы Еуропалық жаңғырту және даму банкінің шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасымен жұмыс істейтін бірден-бір банк болып табылады. Сонымен қатар, елдегі «Даму» және «Бизнестің жол картасы» жобаларының барлық бағыты бойынша қызмет көрсетуде. Бүгінде бұл банкке 50 мың жеке тұлға мен 4 мың заңды тұлғаның тіркелуі көп жайды аңғартады. 
Алдағы уақытта облыс тұрғындарына көрсетілер қызметтің сапасы мен көлемі еселеп артады деп күтілуде. Осы орайда Талдықорған қаласынан банктің жаңа ғимаратын салу көзделуде. Кездесуде құрылысқа қажет жер телімін бөлу жөнінде уағдаласып, көп ұзамай жұмыстың басталатыны жайлы айтылды. Әріптестік туралы меморандумға қол қою рәсіміне облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, орынбасары Айдарбек Байжанов, аппарат жетекшісі Батыржан Байжұманов, Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев қатысса, «ForteBank» АҚ тарапынан басқарма басшысы Мағжан Мұратұлы, бас банктің аға банкирі Дінмұхамед Диарұлы, Алматы облыстық филиалының директоры Гүлжанат Әбдрахманова, Талдықорған қалалық филиалының директоры Азат Ғабдуллин қатысты.
 

Қуат Қайранбаев