Келісіп пішкен тон келте болмас

Уақыты: 21.06.2016
Оқылды: 1727
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Адамзатты асыраушы – Жер-ананың қадірін біліп, күтіп-баптау мен оған иелік ету бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. «Жері байдың – елі бай» демекші, түгін тартса майы шығатын құнарлы Жетісу жері ежелден елдің құт-мекеніне айналған. Халқымыздың қазынасы – қара жерден несібесін теріп, ырыздығын айырып отырған шаруагерлерге жерді сату немесе жалға беру осы күннің өзекті мәселесіне айналғаны баршаға мәлім.

Осы тұрғыда еліміздің бірқатар өңірлерінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жекешелендіру мен шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға байланысты мәселе туындағаны белгілі. Мамыр айында Елбасы Н. Назарбаев заңның даулы баптарына мораторий жариялап, жер реформасын талқылау үшін Үкімет жанынан комиссия құрған. Өткен сенбіде құрамында Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастықтар өкілдері бар жер комиссиясының көшпелі отырысы Талғар ауданындағы ең ірі шаруашылық «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында өтті. Оған  облыстың барлық аудандарының шаруашылық иегерлері атсалысты. Көшпелі отырыс жұмысына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Күн тәртібінде халқымыздың басты байлығы – жер реформасы сөз болған келелі жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті.

 –  Біз бүгін Елбасының тапсырмасымен құрылған жер туралы комиссия мүшелері Алматы облысының жұртшылығымен жүздесіп, ой-пікір, ұсыныс-тілектерін тыңдау мақсатында бас қосып отырмыз. Бәрімізге аян, Жетісу – қазақ жерінің ең көркем, келісті аймағы саналады. Шаруаға жайлы, топырағы да құнарлы өлке. Комиссия мүшелерінің негізгі міндеттері жер заңнамасының нормаларына қатысты ұсыныстарды қарау болып табылады.     Халық арасында түсіндіру жұмысын кеңінен жүргізу мақсатында ағымдағы жылдың 14 мамырынан бастап Gall-центр /1434/ қызмет етуде.  Бүгінгі күнге дейін келіп түскен қоңыраулардың саны 9464-ке жетіп, оның ішінде жер телімдерін рәсімдеу, жалға алу, сату, сонымен қатар, үстіміздегі жылдың 6 мамырында ҚР Президентінің Жарлығымен нормаларға мораторий жариялауға қатысты қоңыраулар келіп түсуде. Келіп түскен ұсыныстар тіркеуге алынып, комиссия мүшелерінің қарауына енгізілуде. Бүгін осының төңірегінде ой бөлісуге келіп отырмыз. Осы бағытта ашық пікірталас жүргізіп, Алматы облысы жұртшылығының, шаруаларының ой-пікірлерін, ұсыныстарын тыңдамақпыз, – деген Б. Сағынтаев отырысты ұйымдастыруға ұйытқы болған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына алғысын білдірді.

Ауылшаруашылық жерлерінің жалпы көлемі 24,3 млн. гектар, 2 млн. 100 мың гектар шабындық жерлер, 68,4 млн. гектар жайылымдық жерлер болып табылады. Бүгінгі күнге 99,5 млн. гектар жер немесе 98,7 пайызы ұзақ мерзімге жалға берілген ауылшаруашылық жерлері, тек қана 1,3 млн. гектар немесе 1,3 пайызы ғана жекеменшіктің иелігінде. Запастағы 83,2 млн. гектар ауылшаруашылық алқаптары бүгінгі күнге нарықтық айналымға тартылмаған, – деген ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі           Е. Нысанбаев бұдан әрі жер реформаларының тарихына тоқталды.

– Соңғы 15 жылдық мәліметтерге қарасақ, топырақтың құнарлылық деңгейі едәуір төмендеген. Әсіресе, 1990 жылдан бастап топыраққа минералды және органикалық тыңайтқышты пайдалану көлемі кеміп кеткен. Нәтижесінде 31 млн. гектар жер эрозияға ұшыраған. Жерді тиімді пайдаланбаған жағдайда заңнамалармен қатаң шаралар қолданатылатындығын атап өткім келеді – деді ол.

Көшпелі отырыста облыс әкімінің орынбасары С. Бескемпіров сөз алды.

 – Алматы облысының жер қоры, 2015 жылдың қарашасында анықталғандай, 22 млн. 358 мың гектарды, оның ішінде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер 8 млн. 632 мың гектарды құрайды. Облыста барлығы 61 мың шаруашылық жүргізуші субъектілер бар. Жер көлемі 8,6 млн. гектар. Оның ішінде меншік құқығындағы жер көлемі 547,6 мың гектар немесе 6,3 пайыз. Уақытша жер пайдалану құқығындағы жер көлемі 8 млн. 88 мың гектар немесе 93,7 пайыз, – деген облыс әкімінің орынбасары өңірдегі ауылшаруашылық жерлерінің жарамдылығы мен өнім өндірудегі жетістіктерін баяндап берді.

Бес сағатқа созылған алқалы жиында 70-тен астам адам жерге қатысты өз пікір-ұсыныстарын ашық білдірді. Облыстың барлық аудандарымен онлайн байланыс орнатылып, шаруашылық иегерлерінің пікірлері де тыңдалды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде жер елдің игілігі үшін пайдалануы тиіс екендігі сөз болды. Ой-пікір білдірушілердің басым бөлігі жер жергілікті шаруаларға 49 жылға жалға берілуі тиіс деген ойларын ортаға салса, ал біраз бөлігі мемлекет меншігінде болғаны дұрыс деп есептейді. Жермен жұмыс жасап отырған шаруагерлердің біраз бөлігі шетелдік технологияның тиімділігін тілге тиек ете келіп, жерді шетелдіктерге жалға беруден қорқақтауға еш негіз жоқтығын көлденең тартып жатты. Осы орайда, алғашқылардың бірі болып сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Келемсейіт жерді ұзақ мерзімге жалға беру мен демеу қаржымен ғана ұстап тұрудың қиындығын айта келіп, мол өнім өндіруде инвестицияның жолын ашу керек деген ойын білдірсе,  Талғар ауданындағы «Айр-Шир» ЖШС-нің басшысы, аудандық мәслихат депутаты                  А. Сүлейменов өзі иелік ететін 3450 гектар жер аумағын шетелдік технологиямен игеріп отырғандығын, тіптен, онда шетелдік мамандардың еңбек ететіндігін сөз ете отырып, бізге жер жұмыс істеуі керек. Ол үшін жер жекеменшікке берілуі керек деген ұсынысын білдірді. Бұдан әрі жерге қатысты пікірлер де осы пайымда жалғасын тауып жатты.

Жиын соңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев селекторлық жиында ой айтқандардың пікірі саналуандылығын айта келіп, жалпы жер мәселесі әлі де екшеліп, көпшіліктің пікірі ескеріліп, сөзін толыққанды  шешімін табатындығымен түйіндеді.

Жерді жалға беру мен жекешелендіру мәселесін талқыға салған жер комиссиясының келесі отырысына Елбасының Жарлығымен жаңадан тағайындалған ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауылшаруашылық министрі Асқар Мырзахметов төрағалық етпек.

Ұлбосын Исабек

Талғар ауданы.