ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ?

Уақыты: 15.06.2021
Оқылды: 748
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

       Елімізде орын алған коронавирус пандемиясының білім саласына айтарлықтай өзгеріс әкелгені белгілі.  Өткен оқу жылында оқушылардың дені қашықтан білім алып, ата-аналарға біршама салмақ түскені жасырын емес. Осы орайда «қашықтан оқыту тиімді ме?» деген сауалдың әрбір ұстаз, ата-ананың көкейінде тұрғаны анық.


       Бұл ретте, әлбетте, мектепте алған білімге жетері жоқ, бірақ пандемия кезінде қашықтан оқыту тиімді дер едік. Өйткені, бала – болашағымыз. Баланың денсаулығы мен амандығынан артық ештеңе жоқ. Сол үшін бірінші кезекте сақтық шараларын сақтаудың маңыздылығы зор. Осы орайда қалалық мектеп оқушылары қашықтан білім алды. Қиын кезде ата-аналар тарапынан қолдау болып, бала оқыту мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны үшін алғысымыз шексіз. Ата-аналар белсенділігін танытып, түсінбей қалған тақырып бойынша хабарласып, сұрақтарын қойып, балалардың сабақты меңгеруіне барынша атсалысты.

       Бүгінгі уақыт талабы қашықтан оқытудың тиімді тұстары бар екенін дәлелдеуде. Ол оқушылардың білім алуға деген жауапкершілігі мен өздігінен ізденушілік қабілеттерінің артуы. Бұрын мектепке келіп-кетіп жүрген балалар ұстаздар үшін оқитындай болып көрінсе, ендігі кезекте білім алудың қаншалықты маңызды екенін сезініп, мектептің бағасын түсінді.

       Қалай десек те: «Оқы­та білетін мұғалім қандай жағ­дай болсын оқытады. Оқи білетін бала қандай жағдай болсын  оқи­ды». Бұл сөздің ақиқаттығы қашықтан білім беруде анық байқалғандай. Ұстаздар қашықтан оқытудың қиындығына қарамастан ағынға қарсы шығып, онлайн білім берудің тиімді тұстарын меңгеріп, жаңа жүйеге тез-ақ бейімделіп кетті. Оқытудың жаңа жолдарын, тиімді әдістерін іздеді. Бір сөзбен айтсақ, қандай жағдайда да жүйелі білім беріп, оқу сапасын да ақсатпаудың жолын меңгергендіктерін көрсете білді.

       Иә, бүгінгі таңда ұстаздарға артылып отырған міндет зор. Заманауи білім, тағылымды тәрбие беріп, оқытудың тиімді тәсілін іздестіріп, бесаспап маман болуың керек. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін мұғалім де соған сай білім бере білуі тиіс. Осы жолда ұстаздарға тек сәттілік тілеймін.

Ақбөпе Есенғұл,
Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының  ағылшын тілі пәні мұғалімі

Талдықорған  қаласы