ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АСЫЛ ҚАСИЕТІ ӘЛЕМ НАЗАРЫН АУДАРТЫП ОТЫР

Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 1014
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қадірлі қонағымен қатар дәм тартқан жолаушыға да құрмет көрсетуді өзіне мәртебе санайтын халқымыздың дарқан көңілі, жанашыр пейілі, ауызбірлік пен ынтымақ, келісімге ұмтылғыш қасиеті әлем назарын аудартып отыр. Дәл осы қасиеттер мемлекеттік деңгейге көтеріліп, халықаралық аренада жоғары бағалануда. Оның мысалын көптеп келтіруге болар. Кезінде атамекеніне қоныс аударған көптеген ұлттардың қазақтың әні мен күйін сағынып, отырыстың сәнін кіргізуі немесе қазақша ет асып, қошқар мүйіз оюы бар шапан жамылған өзге ұлт өкілдерінің қуанышты сәттері әлеуметтік желіде толып жүр. Осыған қарап «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген халқымыздың даналығына тәнті бола түсесің.


КСРО атты алпауыт мемлекеттің тарауынан соң өз алдына дербес ел болып, тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде үлкен бір белесті бағындырып, әлем жұртшылығына өзіндік бет-бейнесін, дүниетанымын ұсынып отыр. Ұлы Жібек жолының бойында ғасырлар бойы күн кешіп, әлемдік өркениетке елеулі үлес қосқан батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы әлемдік геосаяси ұстанымға ықпал етуден танған емес. Бір ғана атом бомбасынан бас тартып, қарусыздану ұстанымын ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы әлемдік жұртшылықтың назарын аудартқаны анық. Шынында күллі адамзаттың амандығын, Жер шарының бүтіндігін, қоршаған орта – табиғаттың тазалығын ойлау ғаламдық деңгейде ой толғайтын қайраткерге тән қасиет. Бірақ жаһандану дәуірінде өршіген басқыншылық ниеті осындай керемет қасиетті де көзге ілмей кетеді. Соның кесірінен бейбітшілікті ту еткен қарапайым халық зардап шегіп жатады. Мысалға Таяу Шығыс жұртшылығын босқыншылыққа түсірген Ирак соғысын алсақ та жеткілікті.

Барша жанның амандығын тілейтін халқымыздың асыл қасиеті осылайша әлем назарын аудартып отырғаны анық. Сондықтан да мемлекетіміз адалдық, әділдік, шынайылық сынды ұстанымдарымен көркейіп келеді. Жаратқан Алла Тағала еліміздің, жеріміздің, мемлекетіміздің Тәуелсіздігін баянды етсін!

Нұрлан Қылышбаев,
ҚР Парламенті Сенатының 
депутаты