ӨНЕР ШЕРУІ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 23.06.2021
Оқылды: 1091
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Маусымның 22-сінде «Сәлем, Елорда!» тақырыбымен ІІ республикалық өнер шеруі Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясынан бастау алып, Жамбыл ауданында жалғасты.


Еліміздің әр өңірінен жиналған өнер ұйымдарының өкілдері алдымен Жамбыл ауылына сапар шегіп, жыр алыбы Жамбыл мен дарынды композитор Нұрғиса Тілендиевтің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде ақын өмірімен байланысты құнды жәдігерлермен танысты. Одан кейін «Сәлем, Елорда!» өнер шеруінің тұсаукесері аясында Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, концерттік ұйымдардың басшылары мен бір топ өнер қайраткерлері Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын барысында аталған өнер шеруінің 2021-2022 жылғы өткізілу жоспары талқыланып, Алматы облысының өнер және мәдениет салаларында жеткен жетістіктері, осы саланы дамыту мәселелері сараланды.

Жиын барысында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы мәлімдегендей, «Сәлем, Елорда!» өнер шеруі биыл еліміздің оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс аймақтарын қамтып, 4 облыста ұйымдастырылады.

– Биылғы жыл мерейтойлы даталарға толы. Солардың бірі – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы. Биыл «Сәлем, Елорда!» өнер фестивалі Алматы облысында өтіп жатқандықтан жобаны ақын ауылындағы осындай іс-шарадан бастауды жөн көрдік. Жалпы, жоба аясында аудандық, облыстық және қалалық мәдениет ұйымдары өзара тәжірибе алмасып, осы саладағы өзекті мәселелерді бірге талқылауда. Жоба Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында жыл соңында өтетін гала-концертпен аяқталады, – деді Жеңіс Сейдуллаұлы.

Делегация мүшелері аудандық мәдениет үйінде өңірдің мәдениет саласындағы жетістіктерімен  танысып, ұлттық салт-дәстүр, қолөнер бұйымдары, фотосуреттер көрмесін аралап көрді. Осында шараның салтанатты ашылуы болып, аудан әкімі Нұрлан Ертас «Сәлем, Елорда!» өнер шеруінің қатысушыларын құттықтады. Сондай-ақ облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақыпбекова Жетісу жерінен басталған мәдени шараға байланысты игі тілегін білдірді. Қарасай, Жамбыл аудандары өнерпаздарының концерттік бағдарламасы тамашаланды.

Жамбыл ауданында өтіп жатқан іс-шарамен қоса Алматы қаласында да іс-шаралар легі толастаған жоқ. Бұл сәттерде Алматы қаласында режиссер, дыбыс операторы, жарық қоюшыларға арналған шеберлік сағаттары мен практикумдар өткізілді. Өз саласының майталмандары Әубәкір Рахимов, Кәкімжан Сегізбаев, Малик Исмуханов, Фархад Молдағали еліміздің әр өңірінен жиналған концерттік ұйым қызметкерлеріне мастер-класстар өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, «Сәлем, Елорда!» жобасы өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеу мақсатын көздейді. Биылғы өнер шеруі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ел Тәуелсіздігінің 30 және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы секілді республикалық маңызы бар мерейтойлар мен атаулы даталарға арналады.

«Сәлем, Елорда!» жобасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асуда. Жобаны «Қазақконцерт» ұйымы жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» өткізіп жатыр. «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруі 23 және 24 маусым күндері өз жалғасын таппақ.

Серік САТЫБАЛДИЕВ