САЗГЕР МЕРЕЙІ ШАЛҚЫДЫ

Уақыты: 23.06.2021
Оқылды: 1133
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында композитор Әділхан Адырбаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Жер жаннаты Жетісу – ән мен күйдің қанаты» атты шығармашылық кеші өтті. Есімі елге танымал сазгер 40 жылдай өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнап, қазақ өнерін өрістету жолында аянбай еңбек етті. Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің директоры қызметін де абыроймен атқарып келеді.


Өнер тойында Әли Ысқабай, Шұғайып Ақынұлы секілді ақындардың сөзіне жазылған Әділхан Қылышханұлының әндері әуеледі. Әсіресе, балаларға арналған туындылар көрермен көңілін шалқытты. Колледж студенттері біріннен кейін бірі сахна төріне шығып, ұстазының әндерін нақышына келтіріп орындады. Ақ тілегін арқалай келген кеш иесінің әкесі Қылышхан Адырбаев: «Нұр жауған қазақ жерінде, бәрің келіп отырсың ақын сарайдың төріне, қуаныштарың көп болсын, қайғыларың жоқ болсын. Бұлбұлдары сайрап, жұлдыздары жайнап, еліміз қуаныштан ойнап, ел аман, жұрт тыныш болсын. Іші толған ырыс болсын, барлығы дұрыс болсын», – деп жиналған қауымға бата берді.

Асқар таудай әкесінен кейін сөз алған айдынды Алакөлдің тумасы, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Әділхан Адырбаев үлкен әулетте тәрбиеленгенін, ата-әжелерінің де өнер адамдары болғанын айтып, талантын ұштап, өнер жолына бастаған ата-анасына шексіз алғысын ақтарды.

Талай жыл талмай шәкірт тәрбиелеген Әділхан Қылышханұлының еңбегі еленіп, құрмет-қошеметтен кенде болған емес. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мәрте Алғыс хатымен марапатталып, «ТМД мемлекеттерінің өнері мен мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін» медалін иеленген.

Кеште ҚР Композиторлар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Серікжан Әбдінұровтың құттықтау хаты оқылып, кеш иесінің еңбектері жинақталған «Жер жаннаты Жетісу – ән мен күйдің қанаты» атты әуендер кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, дирижер Әли Алпысбаев өнер жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан әріптесін құттықтап, жылы лебізін білдірді. Осыған дейін де Әділхан Қылышханұлының «Бақытты балалық шақ» атты әуендер кітабы тыңдарманға жол тартқан болатын

Шара барысында Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің ұжымы сый-сияпат табыстап, иығына шапан жапты. Талдықорған заң колледжінің директоры Мықтыбек Рахымбекұлы да жүрекжарды құттықтауын айтып, тілегін арнады.

 

Мәулен ӘНЕРБАЙ