ҚАЗАҚ ТАРИХЫН БАЯНДАЙДЫ

Уақыты: 23.06.2021
Оқылды: 928
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«История цивилизации непокорной степи» – төрт кітаптан тұратын жинақ Жетісуға тікелей қатысты, тас дәурінен бастап ХХ ғасырға дейін ел мен жер тарихын баяндайтын, сондай-ақ, моңғолдардың дәуірлеген тұсына тоқталып, қазақтың «Жеті Жарғысын» жан-жақты талдаған материалдар жинақталған топтама. Жаңа кітап – қазақ тарихы мен мәдениетін кеңінен білгісі келетін оқырманға арналған. Кітап авторлары – Гүлнар Қапекова мен Мухамбедия Ақышев.  


Талдықорғандағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханада өткен жинақтың  тұсаукесерін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жүргізді. Әуелі сөз алған тарихшы, журналист кітапты құрастырушылардың бірі Мухамбедия Қоянбайұлы:

-Жерлестеріңіз Гүлнар Қапекованың 45 жыл бойы жинаған мәліметтерін де негізге алдық. Кітапты қысқаша таныстырып өтсем, 1-томда тасқа қашалып жазылған жазбалар мен тарихи орындар жөнінде, 2-томда адамдардың тыныс-тіршілігі, жаугершілік замандаға батырлардың ерліктері айтылса, 3-томда еліміздің ежелдегі өркениеті баяндалады. Бізді тек көшпелі халық деп қана қарайтындар бар, оларға өркениеттің бізден бастау алатынын нақты мәліметтермен көрсеттік. Мәселен, киіз үйдің өзі өркениеттің алды. Ал 4-томда ұлт-азаттық көтеріліске тоқталамыз, көп есімі атала бермейтін Бекболат Әшекеев жөнінде жан-жақты талдаймыз, деді. Артынша кітап авторы Гүлнар Қапекова кітап жазудағы ізденісін, әр мәліметті зерттеу барысындағы оқиғасын, қызықтарын атап өтті. Арнайы дайындап әкелген бейнебаяндама арқылы тамыры терең тарихымызға кеңінен тоқталып өтті. Сөзінің соңында кітапты шығаруға көмек берген барша жандарға алғысын білдірді.

Арнайы шақырылған қонақтар мемлекет және қоғам қайраткері,  облыстың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев пен «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсәлім Идигов жылы лебіздерін білдіріп, кітапты қазақ шежіресін білу, тану бойынша қосылған үлкен еңбек деп атап өтті. Соңында кітаптың қызыл лентасын қиып, оқырманға ақ жолтай тілекпен жолдады.   

Қали АСҚАР