МҰҚАҒАЛИҒА АРНАЛҒАН МУРАЛ САЛЫНДЫ

Уақыты: 24.06.2021
Оқылды: 1276
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Суретшілер Есік қаласындағы көп қабатты үйлердің қабырғасына ұлы тұлғаларға арнап мурал салды. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың бейнелері алыстан асқақтап тұр. Бұл игі іс Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Әлібек Жақанбаевтың бастамасымен жүзеге асқан.

  


Аталған суреттер қаладағы 2-ші және 3-ші ықшамаудандағы үйлердің қабырғасына салынған. Онда ұлы тұлғалардың ұлағатты сөздері  жазылған. «Ең бірінші бақытым – халқым менің, соған берем ойымның алтын кенін», «Шешен кісі сөз бастар, адал кісі ел бастар», «Өмірдің екі тірегі бар. Үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау». Бұл өсиеттер жас ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, олардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілік сезімін оятатыны анық.

Мурал салуды алматылық суретші Александр Романов қолға алды. Ол өткен жылы Үшарал қаласында Абай Құнанбаевты бейнелеп, Қабанбай батырға да осындай құрмет көрсеткен болатын.

Суретшілер мурал жұмысын бір айдың ішінде толық аяқтаған. Оған 60 келіге жуық бояу жұмсалыпты. Бұған сол ықшамаудандарда тұратын қалалықтар дән риза.

«Үйіміздің қабырғасында қазақтың біртуар перзенттерінің бейнесі тұрғаны қандай керемет! Енді балаларымыз күн сайын аталарына қарап, олардың асыл сөздерін көңілге тоқитын болады» – дейді үй тұрғындары.

Болат МӘЖИТ