Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖАҢАША БАСҚАРЫЛАДЫ

Уақыты: 26.06.2021
Оқылды: 1666
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Талдықорғандағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында Алматы облысында мүлік иелері бірлестігін немесе жай серіктестік институтын енгізу жөніндегі реформаны жүзеге асыру мәселесі талқыланып, жиында облыстағы үш қаланың жағдайы мен Қарасай ауданындағы нәтиже айтылды. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев қатысты. 


Жиынды жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Бағдәулет Үстенов баяндамашыларға кезек-кезек сөз беріп, тыңдаушылармен араны байланыстырып отырды. Әуелі өз баяндамасын оқыған облыстағы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов «Жыл басында барлығы 2519 көпқабатты тұрғын үйлерді кезеңмен жаңа басқару формасына ауыстыру жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін 602 мүлік иелері бірлестігін және 1917 жай серіктестік құру қарастырылған. Облыс бойынша 3581 көпқабатты тұрғын үйдің 2698-і әділет органдарында кондоминиум объектілері ретінде тіркелген, 883 тұрғын үйді тіркеу үшін биылғы жылға арналған кондоминиум объектілерін тіркеу бойынша негізгі көрсеткіштердің кестесі бекітіліп, жылдың соңына дейін тіркеуден өткізу жоспарланған. Бүгінде облыс бойынша барлығы 61 мүлік иесі бірлестігі және 895 жай серіктестік құрылды», – деді. Бағлан Сағындықұлы заңнаманың тиісті деңгейде іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нормативтік құқықтық актілерді бекіту керектігін де айтты. Мәселен, кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстауға арналған шығыстың ең төменгі мөлшерін көрсеткен Балқаш, Ескелді, Қарасай, Көксу, Кеген, Кербұлақ, Райымбек, Сарқан, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары бойынша жұмыс жүргізілмегенін алға тартып, басқа аудандардың дерегі порталда ашық көрсетілгенін айтты. Ал коммуналдық қызметтерді ұсынуда Ескелді, Кеген, Кербұлақ, Райымбек, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары бойынша жұмыс атқарылмағандығы да сөз болды. Осы тұрғыда Бағлан Сағындықұлы нормативтік-құқықтық актіні аудан және қалалар мәслихаттары шешімімен бекіту бойынша жұмысты тездетуді сұрады. 

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асқар Бегманов, Текелі қаласы әкімінің орынбасары Елдос Мырзабек және Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет мүлік иелерінің бірлестіктері институтын енгізу мәселесі қала әкімдігі және қалалық мәслихаттың жіті бақылауында екенін және жұмысқа қарқын қосатындықтарын, жоспар бойынша іс жүргізетіндіктерін жеткізді. Жиналғандар жуық арада тағы бір жиын өткізіп, нәтижені жан-жақты талқылауға уағдаласты. 

Қали АСҚАР