ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ СЫНАҚ

Уақыты: 23.06.2021
Оқылды: 1000
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған сервис және технология колледжінің түлектері жаңа форматта сынақ тапсырды.  Өңір бойынша алғаш рет демонстрациялық емтихан тапсырған аталмыш оқу орнының 25 студенті екі кезең бойынша жылдар бойғы жиған білімін, қабілет-қарымын көрсетті.


Сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан оқу орны өткен жылы «Жас маман» жобасы бойынша жаңа технологиялармен қамтылып, 4 өндірістік шеберханасы жабдықталған болатын. Жаңа құрылғылар студенттердің алған білімін тәжірибеде сынап көруге мол мүмкіндік берді.  Осыған орай демонстрациялық сынақ тапсырған түлектер алғашқы күні ақуызды кремнен себетше жасаса, келесі күні тәтті торт әзірледі.

– Түлектер үшін жаңа сынақтың берері мол. Аспаз және кондитер мамандығы бойынша білім алған түлектердің қабілет-қарымы жоғары. Өздерінің шығармашылық ойлау өрісі де кең екен. Тәтті бәліш пен торт жасаған әрқайсының қолынан шыққан мәзір дәмі тіл үйіреді, – деген «Айсер» және «Шаған» мейрамханаларының бас аспазы, емтихан сарапшысы Айдар Баймолдин тамақтандыруды ұйымдастыру бағытында білім алып жатқан жастардың шеберлігіне көңілі толатынын жеткізді.

Биыл 297 түлекті қанаттандырып отырған оқу орнында өткен қоскүндік сынақта облыс орталығындағы мейрамханалардың бас аспаздары, бас кондитерлері сарапшы болып,  аспаз және кондитер мамандығын алып шығатын түлектердің жұмысын бағалады. Атап айтсақ, Айсер» және «Шаған» мейрамханаларының бас аспазы Айдар Баймолдин, «Статус» ойын-сауық кешенінің бас кондитері Екатерина Поледа, «Пинта» және «Банка» демалыс орнының бас аспазы Мирас Жанай мен колледж ұстаздары сынақ қорытындысын шығарды.

– Бұл оқу орнын бітіргелі жатқаныма қуаныштымын. Колледж көп мүмкіндік берді. Терең білім дарытты. Сынақ барысында ақуызды креммен себет, шалафабрикат пісіру, торт әзірлеу бойынша үйреніп-білгенімізді ортаға салудамыз. Бізді алда жарқын болашақ күтіп тұрғаны анық, – дейді өз күшімен Түркия Республикасының Мұғыла Сыткы Кочман университетіне оқуға түскен аталмыш колледждің түлегі Жарас Айтқұлов.

Айта кетерлігі, жыл басында сынақ тапсырып Мұғыла Сыткы Кочман университетіне мейрамхана және қонақүй мамандығы бойынша оқуға түскен Жарас Айтқұловтың ағасы Ғалымбек Айтқұлов та Талдықорған сервис және технология колледжін аспаз  мамандығы бойынша бітірген екен. Бұл жағынан колледж түлегі өздері ағалы-інілі болып білім алған оқу орнына, ұстаздарына дән риза екенін жеткізсе, колледж оқытушылары 25 түлекке сәт сапар тілеуде.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ