ЕСІРТКІ – ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫН ТЕЗ УЛАЙДЫ

Уақыты: 29.06.2021
Оқылды: 781
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Есірткі – жастардың санасын тез улайды. Зиянды затты саудалаушылар алдымен ұл-қыздарға нашаның дәмін тегін татқызады. Олар «рахат» өмірге елтіп, қызық шақты қайталағысы келе бастайды. Героинді бір рет қолданып көрген адамның бойында оған деген тәуелділік қалыптасады. Кез келген әдетті тез қабылдайтын жастардың ағзасы улағыштарға тез бейімделеді.


Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп, өзінің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп төндіреді. Сондықтан, есірткінің алдын алу, ем жүргізу қоғам болып күресетін шаруа. Талдықорғандағы наркологиялық диспансер есірткі және ішімдікке бейім адамдарды емдеумен айналысады. Есірткімен күрес күні қарсаңында диспансер директорының орынбасары, облыстың штаттан тыс бас наркологы Жанна Елтайқызына жолығып, мекеменің тыныс-тіршілігі, ем-шара жүргізу жайы барысында біраз сұрақ қойған едік. 

Дәрігердің айтуынша, мекеме үш бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Оның біріншісі, 50 адамға арналған емдеу орталығы, оған ауыр жағдайда келген сырқаттар жатқызылады. Екіншісі, әлеуметтік-медициналық оңалту орталығы. Үшінші, мәжбүрлеп емдеу шарасы. Оған отбасына көнбейтін, жан-жағындағыларға кесірін тигізетін адамдар жатқызылып, ем-шара жүргізіледі. Жанна Елтайқызының айтуынша, жастар арасында синтетикалық есірткіге әуестенушілер көбейген. Дәрігерлер оқу орындары, жастар арасында алдын алу шараларын, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатса да еліктіргіштер мен есірткіні тұтынуға бейімдегіштер жан-жақтан азғыруда. 

Бүгінгі таңда есірткіні ғаламтордан немесе клубтардан оңай сатып алуға болады. Басында ақысыз ұсынады. Тәуелділік пайда болғаннан кейін көп ақша талап етеді. Нашақорлық – қылмысқа жетелейді. Есірткі алу үшін олар ұрлық-қарлық жасайды. 

 Есірткі – әуестікпен дәмін татып, жалыққан соң тастап кететін ойыншық емес. Дәмін тату дегеніміз – шыңырауға өз-өзіңізді тастау. Сондықтан, оның дәмін татып көрмеген жөн. Жастарды жаман әдеттен сақтандыру мақсатында дәрігерлер бар білім-біліктерін салуда. 

 – Біздің дәрігерлер ем-шарамен емдеп қана қоймайды, зиянды затқа әуестерді сөзбен де жақсы өмірге ынталандырады. Денсаулық сақтаушыларымыз психологтың да міндетін атқарады. Наркологиялық диспансерде жұмыс істеу оңай емес. Сонда да біздің дәрігерлер табандылық танытып келеді. Бұл орайда диспансерде күн-түн демей еңбек етіп жүрген медицина мамандары бар. Жайық Сатыбалдиев, Дүйсен Қоқымбеков, Айдын Жақыпбаев, Мақсат Ерғабылов, Нағима Нұрғалиевалардың зиянды әдеттерге бейім адамдарды емдеудегі табандылығына рахмет айтуымыз керек. Отбасы мен жан-жағындағыларды мезі еткен адамдарды қоғамға қайта бейімдеуде күш-қуатымызды сарқа пайдаланамыз. Бірақ, еңбегіміздің ақталуы адамның өзінің күш-қуатына байланысты. Сондықтан, балаларымызды жаман әдеттерден сақтандырайық, – дейді Жанна Елтайқызы.

Гүлжан ТҰРСЫН