"ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰЛҒАЛАРЫ" БАҒДАРЛАМАСЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 27.06.2021
Оқылды: 1512
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тәуелсіздік! Кеудеңді көтере, мақтана айта алатын қасиетті ұғым! «Тәуелсіздік» дегенде әр адамның бойын мақтаныш кернейді. Десек те, көпшілік тәуелсіздік жылдарында елінің аяқтан тік тұрып, нық қадам басуы жолында еңбек еткен тұлғаларды біле бермейді. Міне, осы орайда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қарсы «Жетісу» телеарнасында «Тәуелсіздік тұлғалары» бағдарламасы көрерменге жол тартты. 


Аталмыш бағдарлама идеясының авторы – «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы. Ал журналист, продюсер Гүлжан Қызайбай жүргізіп, тұлғалардың образын ашуға жан-жақты еңбек етеді. Бүгінгі күнге дейін «Тәуелсіздік тұлғалары» бағдарламасының 15 қонағы әңгімесін айтып үлгерді. Соңғы бағдарлама желтоқсанның 16-жұлдызында көрермен назарына ұсынылады. Бірінші бағдарлама Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев туралы болса, тұжырымдайтыны – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы болмақ. Бұл туралы бағдарлама жүргізушісі: 
– Бағдарламаны ашудағы негізгі мақсатымыз – Тәуелсіздік алған жылдары еңбек еткен ардагерлерді насихаттау. Тәуелсіздікті аяғына тік тұрғызған майталман жандардан сұхбат алу. Бағдарлама Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 тұлғаны жазсақ деген мақсатпен дүниеге келді. Айта кетерлігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы бағдарламаны деректі фильм бағытында түсірмедік. Басқа қырынан көрсетуді ойладық. Яғни, дәл Тәуелсіздік жылдарында ол қандай шешімдер қабылдады, қауіпті екенін біле тұра қандай тәуекелдерге барды деген сауалға жауап іздеуге тырыстық. Екінші хабар жазушы Нұрлан Оразалин туралы болды. Ол кісі – сол кезде Депутат болғандардың бірі. Екіншіден, бірнеше жыл Жазушылар Одағын басқарған. 

Елдің тарихын білу үшін фольклор, әдебиетке жүгінетіміз сөзсіз. Өйткені, сол арқылы ел тарихы, жер тарихы жазылады емес пе? Нұрлан Оразалин ағамызды бірінші жазуымыздың да себебі сол. Тәуелсіздік алған жылдары ішкі, ұлттық мәдениетімізді қалыптастыру үшін ақын-жазушылардың еңбектерін білу мақсатында, – дейді. 

Мемлекеттің қалыптасуында экономиканың дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Қай сала болмасын ел экономикасымен тығыз байланыста. Елбасы Н. Назарбаевтың өзі де: «Алдымен экономика» деген. Сондықтан енді ғана тәуелсіздік алып, тәй-тәй басқан баладай болған Қазақстан мемлекетінің экономикасының дамуы да бірінші кезектегі мәселе болғаны сөзсіз. Өз кезегінде ел экономикасының дамуына орасан зор үлесін қосқан кімдер дегенде аузымызға Оразалы Сәбден түсері анық. Бағдарлама авторы, жүргізушісі де осыны ойлап, Оразалы Сәбденді сөзге тартқан. Айта кетерлігі, кейіпкер экономист қана емес, сол жылдары депутат болған. Бағдарлама жүргізушісінің айтуынша, осы уақытқа дейін 80-ге жуық экономикалық еңбектер жазды. Кітаптары әлемнің алып елдерінде өте өзекті. 

«Тәуелсіздік тұлғалары» бағдарламасын жүргізуші кезінде бірінші бейнебаян түсіріп, топ құрған әнші Медеу Арынбаев пен білім саласының дамуына баса көңіл бөлген Күләш Шәмшидинованы да сөйлеткен. Одан бөлек, медицина, әдебиет, спорт, мәдениет саласының дамуына үлес қосқан тұлғалар да көрсетіліп үлгерді. 

Көрермен тарапынан қолдау тапқан бұл бағдарламаның берері көп. Себебі, Тәуелсіздіктен кейінгі ұрпақ бүгінгі бейбіт күнде өмір сүріп, еңбек етіп, тер төккен тұлғалардың есімдерін білуі тиіс. Оларды тыңдай отырып, Тәуелсіздіктің оңай келмегенінен, аға ұрпақтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңді қалай өткергенінен хабардар болуы керек.

Еңлік АРЫҚБАЙ