ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 29.06.2021
Оқылды: 796
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Республикалық селекторлық байланыстың кезекті отырысында отандық «жасыл экономикаға» көшу бағдарламасын іске асыру тетіктері қаралды. Оған ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН төрағалық етті. 

Жиында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев сөз сөйледі. Белгілі болғандай, «Жасыл экономика» тұжырымдамасын іске асыру аясында 2013 жылдан бастап агроөнеркәсіптік сектордағы еңбек өнімділігі 4,8 есеге ұлғайды. Жаңартылатын энергия көздерін өндіретін электр энергиясының үлесі 3 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы көрсеткішке қарағанда 33 пайыздан аса төмендеді. Өткен жылдың шілде айынан бастап елде жаңа экологиялық кодекс жұмыс істейді. Бұл құжатта жетекші еуропалық елдердің тәжірибесі бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындардағы өндірістерді жаңғыртуға және олардың экологиялық мазмұнын нығайтуға ынталандырудың пәрменді құралдары жазылған.    
Министрлік экономиканың негізгі салаларында кешенді табиғи қорғау аудитін жүргізуде. Республика бойынша мониторингпен 335 өнеркәсіптік кәсіпорын қамтылған. Қазіргі уақытта «энергия өндіру мақсатында отынды жағу», «мұнай мен газды қайта өңдеу», «бейорганикалық химиялық заттар өндірісі», «цемент өндірісі» салалық анықтамаларын қабылдау туралы мәселе қарастырылуда. 2022 жылға қарай осындай отыз анықтама әзірлеу жоспарланған. Олар Үкімет қаулысымен бекітілетін болады.
Ал біздің облыста қандай жұмыстар атқарылғаны туралы Амандық Баталов баяндады. Аймақ басшысының сөзінше, біздің облыстың үлкен гидроэнергетикалық әлеуетінің арқасында жалпы қуаты 292 МВт болатын отыз жаңартылған энергия көздері нысаны іске қосылған. Олардың құны 94 миллиард теңгені құрайды. 2025 жылға қарай 424 МВт-қа есептелген 27 жоба аяқталады. Бұл облыстық энергия өңдеу кешеніндегі баламалы көздердің үлесін 42 пайызға дейін арттырады. Пайдалануға берілген заманауи, жоғары технологиялық өндірістер 2012 жылмен салыстырғанда өңірлік өнімнің жалпы энергия сыйымдылығын 2,6 есеге төмендетуге мүмкіндік берді. 
Атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту мақсатында бірқатар көмір көздері көгілдір отынға ауыстырылды. Облысты газдандыру белсенді жүріп жатыр. Тек соңғы екі жылдың ішінде осы мақсаттарға бюджеттен 16,2 млрд. теңге бөлініп, игерілді. Бұдан басқа 33 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылды. Шағын елді мекендердегі көппәтерлі үйлерде автономды газ жылыту жүйелері орнатылады. Олармен 4,9 мың пәтерлік 152 үй жабдықталған. Биыл тағы осындай 40 жүйе орнатылмақ. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жоспары аясында он үш нысан – санитарлық полигондар мен сұрыптау желілерін салу бойынша қажетті жобалық-сметалық құжаттама пакеті әзірленді. Органикалық қалдықтарды өңдейтін екі ірі зауыт салу көзделген. 
Селекторды қорытындылаған Үкімет басшысы Қазақстан қабылдаған халықаралық келісімдерді ескере отырып, жергілікті жерлерде «жасыл экономика» тұжырымдамасын өзектендіруді тапсырды. Облыстарда экономикалық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА