Жетістігі мол жетісу

Уақыты: 25.06.2016
Оқылды: 1786
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Жетісу өңірінің әлеуметтік-эко­но­микалық даму барысымен танысу үшін облы­сымызға арнайы сапармен келді. Сапар барысында Үкімет бас­шысы Талдықорған қаласындағы бірқатар жаңа нысандарды аралап, облыстың инвестициялық әлеуетін зерделеді. Сондай-ақ, жетісу­лықтармен кез­десу өткізіп, ел экономикасын өркендету мен өңір тұр­ғындарының әлеуметтік даму бағыт­тарын бағамдады.

Өңірімізге арнайы ат басын бұрған Үкімет басшысы ресми сапарын алдымен Талдықорған қаласында жаңадан бой көтеріп келе жатқан Оңтүстік-Батыс тұр­ғын ауданынан бастады.

Жалпы бұл аймақтың әлеу­меттік-экономикалық жай-күйі жан қуантар­лықтай екені бел­гі­лі. Облыс әкімі Амандық Бата­лов­тың бастамасымен талай жұ­мыстар атқарылып, жүйелі іс өз жемісін беріп ке­леді. Кие­лі мекендегі көз тоқтатар ғима­рат­тардың қатарын толық­тыра түсіп, күннен-күнге қарқын алған құрылыс жұ­­мыс­тарына тоқталған облыс әкімінің орын­ба­сары Ғалымжан Әбді­райы­мов Үкімет бас­шы­сы­на Же­ті­судың жетіс­тік­терін тіз­бе­леп өтті.

Негізінде биыл мемлекеттік бюджеттен 4,75 млрд. теңге бө­лі­ніп, «Алматы – Талды­қорған» магистральді газ құбыры тар­тылуда. Ал оның 210 шақы­ры­мының жұмысы бүгінгі таңға дейін атқарылған. Қалған бөлігі ағымдағы жылдың жел­тоқсан айына дейін толығымен тар­тылып бітеді деп көзделуде.

Талдықорған аймағын газ­дандыру жобасымен танысқан Үкімет басшысы об­лысы­мыз­дағы «Талдықорған», «Борал­дай», «Қайрат», «Арна», «Қа­зы­бек бек» сияқты 5 индуст­риал­ды аймаққа зер салды. Ал­дағы уақытта 594,9 гектар ау­мақ­­қа жоба­ланған «Тал­ды­қор­ған» индустриалды аймағында бірінші кезекте 120 гектар жер­ге кәсіпорындар салынбақ. Оның инфра­құрылымына бюд­жеттен 3 млрд. теңге бөлінген. Осы қаражаттан 15 шақырымға су құбыры, 14 шақырымға кә­різ­ жүйесі, 12 шақырымға авто­жол, 5 шақырымнан астам те­мір­жол салынбақ.

Сондай-ақ, Елбасының «Нұр­лы жол» бағдарламасы аясында халықаралық, рес­пуб­ликалық, өңірлік маңызы бар жолдар салынуда. Бүгінгі таңда облысымызда Алматы – Қор­ғас, Алматы – Бішкек, Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағыт­та­ры бойын­ша жол төселу үс­тін­де. Мұның өзі еліміз бен өңі­рі­міздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын биікке көтеретіні белгілі. Сон­дық­тан да, Үкімет бас­шысы бұл мәселеге баса на­зар аударып, оң бағасын берді.

Келесі кезекте «Жаркент – Қорғас» аймақтық кешені жоба­с­ы талқыланды. Қазірдің өзінде Нұркент қалашығы әсем ғима­раттарымен көз тартып, талай отбасы­ның бақытты мекеніне айналды.

Талдықорған қаласының әкі­мі Бағдат Қарасаев Үкімет басшысына облыс орта­лы­ғында бой көтеріп келе жатқан жаңа нысандар мен Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданының толық жоба­сын таныстырды. Солардың қатарында 2016-2017 жылға жоспарланған Салтанат сарайы, драма театры, этноауыл сынды Талдықорғанды ажарландыра тү­сетін мәдени маңызы бар нысандар көрсетілді.

Премьер-Министр сүт өнім­дерін өнді­ретін «Адал» акцио­нерлік қоғамы мен «Дәулет Бе­кет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Жаркент крах­мал зауыты», «MEAT PRO­CES­SING AND SERVICE» «Cары-Бұлақ», «Creen Land Alatau» ЖШС шаруа қожалықтарының жұмысын көрсе­тетін арнайы стендтермен де жан-жақты та­нысты.

Келесі кезекте Премьер-Министр жас­тарға қызмет көрсету орталығына ат басын бұрды. Орталық жастар­дың бірқатар өзекті мәселесін ше­шуге қыз­мет көрсету үшін құ­рылған. Негізгі мақсаты – Елба­сы Нұрсұлтан Назар­баев­тың тап­сыр­ма­ла­рын, өңірдегі мемлекеттік жас­тар саясатын жү­зеге асыру, жастарды қолдау.

Жарық, іші кең, заманауи үлгімен са­лын­ған ғимаратқа ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ат басын бұрды. Жастар орта­лығы екенін табалдырықтан ат­тай бергеннен-ақ байқауға бо­ла­ды. Оған білімді, талапты, та­лантты, өмірге деген жеке көз­қарасы бар облыстағы жасампаз жігіттер мен қыздардың құр­метті қонақтарды қарсы алғаны дәлел. Айта кетейік, Жастарға қызмет көрсету орталығын «Ж-Строй-Инвест» ЖШС салған. Жобаның жал­пы құны 1006 млн. теңге. Ғимарат екі қабат­ты. Мұнда «Жасыл ел» мен студенттердің құрылыс жасағының облыстық штабтары орналасқан. Орталық жастар мәселелерін шешуде сервистік көмек көрсетеді. Атап айтқанда, жастарды оқыту­да, еңбекке ор­наластыруда, жастар баста­маларын қолдауда ең үлкен олжа болмақ.

Бүгінде облысымызда 521 мыңнан астам жас бар. Оларға жан-жақты қызмет көрсету үшін 20 жастар ресурстық орталығы жұ­мыс істейді. Жастарды жұ­мыспен қамтып, об­лыс­тағы жұ­мыссыздық санын азайтуда жақ­сы нәтиже бар. Өткен жылы облыс көле­мінде Жеңіс­тің 70 жылдығына арнап «Жеңіс балын», биыл Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арнап «Тәуелсіздік балын» өт­кізді. «Біздің мін­де­тіміз – мемлекеттік бағ­дар­­лама­лар бойынша жастарға кеңі­нен кеңес беру. Сол арқылы жас­тарды жұмыс­пен қамтып, елі­міздің өсіп-өркендеуіне жұ­мыла атсалысу. Орталыққа кез келген жас келіп, өзі­нің қалауымен интернет кі­тап­ха­наны қолдана алады. Со­нымен қатар, бізде жас­тарға ар­налған жеке интернет журналы да бар. Бүгінгі таңда ғаламтор желі­сіндегі жастар парақ­ша­ла­рына тіркел­ген 120 мың жас бар. Жастардың басым көп­шілігі ғалам­торды кеңінен пай­да­лан­ғандық­тан біз ға­ламтор ар­қылы да жұмыс істейміз. Же­тіс­тік­теріміз де жаман емес», – деді жас­тарға қызмет көр­сету орта­лығының жұмы­сын Үкімет бас­шысына таныстырған облыс­тық ішкі саясат басқармасының бас­шысы Рус­там Ал­пыс­баев.

Үкімет басшысы Кәрім Қа­жымқан­ұлы­мен кездесу кезінде жас депутаттар, мұға­лімдер, ғалымдар, дәрігерлер, спорт­шылар, кәсіпкерлер, журна­листер мен студенттер жұмыс­пен қамтудың, тұрғын үймен қамта­масыз етудің өзекті мәсе­лелерін талқылап, жастар кәсіп­керлігін қолдау жағын да кө­тер­ді. Кәрім Мәсімов Алматы об­лы­сының жастар саясатын жү­зеге асырудағы табыс­тарына өз ри­зашылығын білдірді.

Бұдан соң Үкімет басшысы Оқушылар са­райына ат басын бұрды. Жаңа құрылыс ны­са­нымен мұқият танысқан соң Премьер-Ми­нистр ондағы үлкен концерт залында об­лыс жұрт­шылығымен кездесу өткізді. Іс-ша­раға бірқатар мемлекеттік органдар мен Ұлт­тық ком­па­ниялардың басшылары да қа­тыс­ты.

Әуелі Үкімет басшысы кез­де­суге қаты­су­шыларды Қазақ­станда 23 маусымда атап өті­летін Полиция және Мем­ле­кет­тік қыз­меткерлер күні­мен құт­тықтады. Өз кезегінде өңір әкімі Аман­дық Баталов облыстың әлеу­меттік-экономикалық дам­уы­ның нәтижелері мен бола­шақта атқарылатын жұмыстар туралы мәлімдеді. «Елбасының алдымызға қой­ған міндеттерін, мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларды, дағдарысқа қарсы іс-шаралар жос­па­рын жүзеге асыру нә­тижесінде облы­сымызда әлеу­меттік-экономикалық дамудың оң серпіні қамтамасыз етілді», – деді өңір әкімі.

Мұнан соң Ұлттық эко­но­ми­ка вице-министрі Роман Скляр, Ауылшаруашылық министрі Асқар Мырзахметов, Білім және ғылым министрі Ерлан Саға­диев, «Бәйте­рек» Ұлттық бас­қа­ру­шы холдингі бас­қар­ма­сы­ның төрағасы Ерболат Досаев, Энер­гетика министрі Қанат Бозымбаев, Қаржы министрі Ба­қыт Сұлтанов облысқа қа­тыс­ты қолға алынып жатқан ілкімді істер мен алдағы жос­парлар жайына тоқталды.

Тоқсан ауыз сөздің то­бық­тай түйінін айтқанда, рес­пуб­ликада бюджеттік өсім бойын­ша алдыңғы қатарда тұрған Алматы облысына алдағы уа­қытта республикалық бюд­жет­тен 144 млрд. теңге көлеміндегі қомақты қаржы қарас­ты­ры­лыпты. Қазірге дейін оның 50 млрд. теңгесі бөлініп, жалпы қаржының облыстағы игерілу көр­сеткіші 98 пайызға жетіпті.

Құнарлы да құйқалы Же­тісу жері аталса, өңірдің төл өнімі – қант қызылшасы жайы­на тоқталмау мүмкін емес. Ке­ңес дәуірінде 26 мың гектар ау­маққа дейін тәтті түбір егіп, дәурені жүрген облыс бүгінде сол мақсатта табысты жұ­мыс­тар атқаруда. Соны бағам­даған Премьер-Министр жүге­рі, қант қызыл­шасы егілетін алқапты ұлғайтуға мән беру қажеттігін, Алматы облысы үшін суармалы алқапты кеңейту негізгі міндет екенін атап айтты. Қажет болса бұл мақ­сатта жеке бағдарлама жасап, қаржы бөлетіндерін, өйткені Алматы облысы жері­нің әлеуеті мол екенін жет­кізді. Сон­дай-ақ, К. Мәсімов облыс әкімді­гінің алдында тұрған маңызды шаруаның бірі – Ақсу қант зауытын қалпына кел­ті­ру­ді тездету қажеттігін айтып өтті.

Бүгін жемісті күн болды, маңызды мәселелер айтылды. Жауапты тұлғаларға бүгін кө­те­рілген бірде-бір мәселенің қа­лыс қалмауын тапсырамын. Осында отырған адамдар сол шешімдердің салмағын сезіне білуі тиіс. Мемлекет басшысы бізге осыны тапсырды, – деді Үкімет басшысы.

Талдықорған – жас қала. Сол себепті де бүгінде облыс ор­талығында жастар мәсе­лесі­не айрықша көңіл бөлінуде. Жиын барысында бұл жайт та Премьер-Минис­трдің наза­ры­нан тыс қалмады. Іс-шара ба­ры­сында жастар бел­сен­ді­ле­рі­мен кездес­кенін тілге тиек ет­кен ол: «Олардың бәрі ел тәуел­сіздігінің құрдастары. Олар мүлде басқа адамдар – ашық, еркін, сауат­ты, қазақ, орыс, ағылшын және басқа тілдерде жетік сөйлейді. Бұл бізді қуанта­ды», – деген сүйі­ні­шін білдірді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА,

Қозыбай ҚҰРМАН.