ТӨРТІНШІ БИЛІКТІҢ ТОЛҒАУЫ

Уақыты: 28.06.2016
Оқылды: 1599
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі әлемді аппарат емес, ақпарат басқарады. Табан астындағы тап қазіргі кезең – тегеурінді, тасқынды деректердің дәуірі. Ақпаратсыз адам теңіз суын сапырған екпінді дауылға ескексіз қарсы тұрған қайық тәрізді. Дүлей дауыл – дәрменсіз дерек пен дәлелсіз дақпырт шатқаяқтап жүрген қорғансыз қайықты біресе оң, біресе сол бүйірден соққылап, іштен ірітетін саңылау іздейді. Одан қалса күтпеген жерден кеуделеп кірген жел сөз желбіреген ақ желкенді жыртып, қайықты қалайда құрдымға батырғысы келеді. Ендігі елдің етектен тартқан бөрісі – екіұшты хабар, жағасына жармасқан жауы – жылтыр сөзді жаңалық. Арасынан ақиқатын аршу – журналистерге артылған ар жүгі. Алаш арыстары айтпақшы, бас адамдармен бірге әрбір журналист те іс пен сөз көсемдігін түзу істеп, қалт-құлт еткен қайықтың қос бүйіріне анық ақпараттың ескегін орнатуы тиіс.

Қайық – халық. Ал халықтың қаруы – ақпарат. Алайда халыққа ақиқатқа құрылған ақпарат жеткізілмесе, сөз тізгіндеген тілшіге тағы сын. Жел сөзге ерген журналист Отанына опасыздық жасағанмен тең. Өйткені, қалам ұстау – екінің біріне бұйырмайтын ерекше қасиет. Сөз тізгіндеу – киелі іс. Қасиетті Құран Кәрімде де Алла: «Қаламға және оның жазуына серт», – деп сөз бен істі тоғыстырып, адамдарды адалдыққа баулып тұр емес пе? Мұны сөз өнерінің киесін түсінген күні кешегі Алаш асылдары жақсы білді.

Олар ұзақ жыл жаугершіліктен көз ашпаған қазақ халқына жаппай қара танытып, газет арқылы оқуға, білім алуға, ғылым игеруге және өндірісті өркендетуге шақырды. Басылыммен бостандық туын тігуге талпынды. Дәл осындай жанқиярлық жолда қазақ журналистикасының көш басында тұрған Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының орны бөлек. Үшеуі үш жүздің басын қосып, алғаш халықты ақпаратпен қаруландырды. Баспасөз тарихында ерекше көзге түсетін «Серке», кейіннен «Қазақ» газеттері өмірге келді. Ал Мұхамеджан Сералиннің «Айқаптағы» Алаш үшін жасаған ерліктері өз алдына бір төбе.

Үш ғасыр дербес билік жүргізіп, ел ішінде әлеуметтік тартысты әбден ушықтырып жіберген Романовтар әулеті ақыры өздері қазған орға омақаса құлады. Қазақ елінің ішінен көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтар атқа қонды. Ұзақ мерзімді медреседе олар тек діни іліммен шектеліп қалмай, жаратылыс ғылымдарын жан-жақты меңгере бастады. Сондай толқынның алғашқы легі – Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы бірігіп, отарлық езгіден көз ашпаған қазақтың сойылын соғатын жаңа газетті өмірге әкелді. Бірауыздан басылымның атын «Қазақ» қойды. Мұның алдында ғана Ресей жерінде жүріп, газет шығару сынды ұлы істі қолға алған қазақ зиялылары сәтсіздікке ұрынып, оспадар биліктің қаһарына іліккен еді. Бір саны шыққан «Серкеден» кейін араға алты жыл салып «Қазақ» газеті уығын қадады. Газеттің мазмұнды әрі жүйелі шыққаны сонша, әрбір көшпелі қазақ ат үстінде жүріп оқитын дәрежеге жетті. Қазақтың ғасырлар бойы мекен еткен киелі баспанасы – киіз үйдің кескінін символ еткен газет бес жыл Алтай мен Атыраудың, Сарыарқа мен Жетісудың арасына жаңалық таратып отырды.

Ақ патша тақтан тайып, ел іші алатайдай бүлінген сындарлы уақытта қазақтың бір топ зиялы қауымы Алаш билігін қолға алды. Алайда ашынған халық орыс жалшыларының жалған ұранына сеніп, ұлтшылдардың ұлы идеясына атүсті қарай бастады. Екінші дүниежүзілік соғыста қара танымаған қазақ жастары оқ пен оттың ортасында окоп қазды. Патша билігі қазақтарға қару беріп, соғысқа қатыстыруды артық көрді. Осындай ұлт намысына тиетін олқылықтарды Алаш оқығандары газет бетінде дүркін-дүркін жариялап, қантөгіс пен көтеріліске бейім елін бүліншіліктен аман сақтап қалды. Газет ақ патша тақтан құлап, бас-басына билік құрған сергелдең қоғамның өшпейтін шамшырағына айналды. Елдің беталысын, халықтың мұң-мүддесін, биліктің жаңа жарғыларын, мемлекеттің келешекке нық қадамын халық тек газеттен оқыды.

Жат жерде, бөтен топырақта сонау 1907 жылы қазақша «Серке» деген газет құрып, кіріспе мақала жазған Міржақыптың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. «Ең алдымен қазақ  халқы – Россияға тәуелді халық, – деп жазды Дулаттың қайсар ұлы Петербургтың төрінде. – Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті де керек емес нәрселерге жұмсалады
Халық күйзелісін жан-тәнімен сезінген сандаған адам есепсіз қаражат шашып Петербурға жол тартып, министрлердің табалдырығын тоздырады. Бірақ оған құлақ асқан министрлер болмады».

Жиырма жасар жас журналистің тайсалмай ащы шындықты жайып салуы оның ақиқатқа деген риясыз пейілін көрсетіп берді. Мақалада автор қазақ қонысының тарылғанын, бас ал десе шаш алатын жандайшаптардың қалың елді қан қақсатып жатқанын, шұрайлы жерден қол үзіп, шерменде күй кешкен ағайынның зарын жазды. Алғашқы санымен-ақ биліктің қаһарын тудырған басылым ақыры түпкілікті жабылды. Бірақ туған елге, журналистика жолында жүрген қазіргі жастарға Міржақыптың өмірі үлгі болып қалды.

Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуінің тері төгілген «Қазақ» газетінде қазақтың мұңы, елдің еңсесін тіктеу мәселесі, оқу-ағарту, ұлт азаттығы тақырыптары көтерілді. Бір ерекшелігі, «Қазақ» газеті аузынан зәр шашқан ақ патшаның заманын да, ел ішін ала тайдай бүлдірген уақытша биліктің залалын да, жарлылардың жалаулатқан алғашқы жалған ұран сөзін де көріп үлгерді. Газет сан мәрте жабылды. Сан мәрте отарлаудың қыспағына түсті. Бірақ халықтың бірлігі мен бостандыққа деген талпынысының арқасында аман қалып жүрді. Басылым туралы Міржақып маңызын жоймайтын әділ бағаны өлең арқылы беріп кетті.

Шашатын сол хабарды газет-журнал,

Хал-жайын, шаруаларын түгел жазып.

Жетеді күн батысқа жұмасында,

Оқиға күн шығыста болған анық, – дейді ол. Шындығында, өзі айтпақшы, «һәр жұрттың күзетшісі, көз-құлағы, қауіп-қатер, жау менен жұт төнсе, күні бұрын еске салып білгізетін» газет қазақты оятты. Ұлтқа рухани сілкініс әкелді. «Қимасаң аз нәрсені, өз пайдаңа, Есігі өнер-білім саған жабық. Дүниені жүріп көрмей, естіп білмей, Жатасың ішің пыспай үйде неғып?» – дейді Міржақып.

Рас, газет қай кезде де ұлттың сөзін сөйлеген. Ел ішінде ақпарат арқалаған жұқа қағаздағы алғашқы басылым әйгілі өнертапқыш Иоганн Гутенберг 1450 жылы баспа станогын жасағанда жарыққа шықты. Тұңғыш газеттің дүниеге келуі Англияда шығарылған 1588 жылғы "Инглиш меркьюри" басылымымен байланысты. Ежелгі Шығыс қалаларында көпшілік орындарға ілінетін хан жарлықтарынан бастау алғаны тағы бар. Орта ғасырда Венецияда жаңалық жазушылар орталығы құрылып, арнаулы ақпараттарын «газета» деп аталатын монетаға сатылды. Ол дәуірде де басылымдар ел мұңын арқалап, халықтың мүддесін қорғау бағытынан танбады.

Бүгінгі қазақ баспасөзінің басында «Қазақ» газеті тұр. Ә. Бөкейханов газеттің  екіге  толып,  үшке  аяқ  басуына  байланысты:  “Тәңірден  соңғы  күшті  халық  қой. Халық  қолдаған  іс  анау-мынаудың  қастығымен  өшпейтінін  көзбен  көріп , қолмен  ұстағандай  болдық.  Әуелі  Құдайға  сеніп , екінші , құдайдан  соңғы  күшті  халыққа  сүйеніп , “Қазақ”  алдағы  жасына  аяқ  басты . Қайырлы  болсын!” – деген тебіреністі сөз қалдырған. Аталған газет шын мәнінде халықтық сипатқа ие еді.

Өткен ғасырдың сұрапыл жылдарында тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен қазақтың ұлттық мүддесі мерзімді басылым бетінде сақталып қалды. ХХ ғасырдың басында Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов «Ел газетке не жазбақ?» атты мақаласында: «Жанға жағымды, тілі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ. Кім көрінгенге қолжаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеме болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қоймайтын да орын бар. Жұрт жазбаса ішіндегісін тауып жазатын газет тәуіп те, пайғамбар да емес. Ел жазбасам, маған серт, баспасаң саған серт деген жолға түссе, сонда газет елдікі болады. Сонда жұрт газетті қызығып оқитын болады, газеттен пайдаланады», – дейді. Бұдан артық айтар сөз жоқ бүгін де.

Қуаныш ТҰНҒАТАР