Бәсекеге бәс тіксек

Уақыты: 28.06.2016
Оқылды: 1595
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дәуір үнін дөп басу, шындықтың шырағданын қандай бір қыл­көпір қылтаңда да жарқырата жаға білу – тілшілер қауымы үшін парыз атаулының ең асылы. Жоғары парасат-пайым, биік кә­­сіби шеберлік һәм тегеурінді тыныссыз осынау белес жота­сы­­нан көріне алмасымыз және хақ. Интеллек­туалды жур­на­листика заманы келді дейтініміз де содан. Ертелі-кеш сапы­ры­ла бе­рер көбік сөздің күні өтті, білесіздер. Ақпараттар дәуірі әріп­­тес­теріміздің көбінің айылын жиғызды, сезесіздер. Өрелі оқыр­­ман төрелі сөз, боямасыз толғауды қажетсінеді. Қазақ бас­па­­сө­зінің бұл ауандағы тарихы бай, бұрнағы тағылымымыз бір ба­сымызға жетерлік. Қоғамның айнасына айнала білу – негізгі те­мірқазығымыз деген ұста­нымға байланған кез келген әріпте­сіміз айдынымыздың шал­қар екендігін оқып та тоқыған, сезіп те отыр. Енде­ше, елеулі тұстарда енжар соғуымызға не жорық? Қан­дайда бір әңгіме қозғасақ та қазақы болмыс, ұлт­тық мүдде тұрғысынан пікір түйіндеудің міндеттілігін қапе­рі­міз­ден шығарып алып жүр­ген­дігіміз де – көп кемшілік. Қай ауан­да сөз саптауын ұмытқан, я соның жөнін білмеген жанның нен­дей күйге ұшы­рарын бас­пасөз атаулыдағы көпірген дүниелерден бәріңіз де бек аңғарып жүрсіздер. Бұдан сабақ алар сәт те туды. Өйт­кені са­марқаулық көрсетіп, жауапкершілік атаулыны жылы жауып қоюы­мыз­дың салқыны, басқаны былай қойғанда, ха­лық­тық қал­пы­мыз бен мемлекеттігімізге нұқсан келтіре бастады.

Қолына қалам ұстаушылар тәуелсіздік кезеңінде ғаламның жалынан ұстағандай селк ете сергіп, айнала бажайлай қараса керек еді. Бұл үшін, яки барды бағамдап, басқаға баға беру үшін өзіңнің азаматтық келбетіңнің шұғылалы шығуы заңдылық. Демек, біз ең алдымен сөйлем құра білер журналисті емес, толыққанды азаматты қалыптастыруымыз шарт. Әр журналист ұлт атынан сөз ұстап, қоғам дамуының қамшыгері күйіне енетіндіктен сол халықтың кешегісін, өсіп, өну жолдарын білуді өзіне басты парыз санауы керек деп есептеймін. Иә, бәрі бірдей тарихшы, зерттеуші атануы міндетті емес, әйткенмен жоқ дегенде осы өрістегі әліпбилік буындағы қағидат­тармен құлағдар жүрмесе несі журналист? Міне, сонда ел табиғатына үңілесің, өз қадіріңді түйсінесің. Туған ұлтының толағай табиғатын, бет-пішінін зердесіне сіңірмеген жан көпшіліктің көңілі көншірліктей толғақты тақырыпты қалай дөп таппақ, қалайша өрелі ой түзбек?! Яғни, журналист қалай ма, қаламай ма, ол – қоғам қайраткері, саясат сардары! Санасынан Отанға деген ыстық сезім себелеп, ел игілігін еселерге сеп болар ерен ойлары атойлап жұртшылықты иландырар идеяларға ұласып кете барғанда ғана ол перзенттік те кәсіби де борышының үдесінен табылмақ!

Кешегі қаламының ұшында асқақ рухтың оты ұшқындаған Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасовтардың салып кеткен сара жолы – дара жол болып бүгін де жарқырап тұр түйсікті пендеге! Ал мұның түп төркіні – дәл қазір өзіміз тілге тиек еткен құс жолындай аймаңдай көріністің айтулы күшінде!

Өмір шындығын елемеске лажың жоқ. Қазір не көп – БАҚ көп. Ақпарат тасқынын тоғытып жатқан интернеттегі әлеуметтік желілер, радио, теледидар, тіпті әркімнің қолындағы ұялы телефондар дейсіз бе, бәрі де бәсекенің тай қазанында қайнап-ақ жатыр. Сөйткенмен де бәсекеге бәс тіккендері жоққа тән. Бір-біріне өре түрегеліп, жаға жыртысып жатқандары да баршылық. Қалай бұра тартса да айналып келіп, Ақиқат деген ұлы ұғымның қазығына бас ұра байланады! Тек сол алтын қазыққа жетіп жығылғанша талай сөздің дәмі текке кетіп, құдіретті уақыттың бекерге озатындығы ғой жанға батарлығы!

Қаншама интернет, озық технология заманы дегенімізбен Азат дәуіріміздің арналы реформа, арайлы шаруаларын жүректе жеті толғап, бір пішіп оқырмандарымен салмақты ой бөлісіп отырған баспасөз саласының мән-мағынасы бұрынғы қай кездегіден дәл қазір ерекше дер едік. Дамып кеткен батысыңда да, шығысыңда да баспөсөздің беделі артқан. Неге десеңіз, мынау зымыран заман, даңғазалы дүниеде барша адамзат секілді біздің жұртымыз да бәтуәлі бағытқа бағдар берер шынайы серікке шын мәнінде зәру халде. Қарапайым мысал, азық-түлік саудалау орындарына бардыңыз. Жылтырақ қорабшалары көздің жауын алар тауарлардың қайсысын таңдайсыз. Ішінде менің сапалық көрсеткішім нашарлау еді деген бірі жоқ. Дәмін тата қалсаң, неғұрлым сырты жылтырақтарының іші “қалтырап” шыға келеді. Мұны айтасыз, базар сөрелеріндегі күнделікті тұтынар етіміздің өзінің сегіз түрі бар екен. Бірі “күштеп” семіртілген, бірі “ептеп” бапталған малдыкі, қайдағы-жайдағы аты өшкір дерттерді қоздыратын заһарлы дәрі қабылда­ғандары хақында тіпті сөз қозғамай-ақ қоялық. Алла тапсын амалын! Рухани азығымыз кітапқа қатысты да, олсыз ғұмыр кеше алмас киімге келсеңіз де осы әңгіме. Бәрінен де бұрын ішінен небір аласұрған ағымдарға тарамдалып жатқан ата дінімізді айтсаңызшы! Мұндайда кім сауат ашпақ, шырақ жақпақ? Ел мен Жер, саяси-экономикалық, рухани-қоғамдық, адамгершілік-әдептік, ғаламдық-ғибраттық, экологиялық тақырып­тарды оқырмандарға өз көзқарастарын таңбастан кім еншілемек? Әрине, тиісті мемлекеттік, я қоғамдық ұйымдардың білікті мамандарымен бірлесе қимылдайтын байсалды басылымдар! Белгілі бір салаға жете маманданған жетелі журналистер. Осы ауанда көлге тамған тамшыдай шықса да ұлтты өсірер сараптама­лық тұрғыда табанды іс, тұрлаулы шаруа тындырып жатқандық­тарын редакция­мыздың қызметкерлері өздерінің төл мерекелері үстінде зор мақтаныш тұтады! Өткен жылы еліміздегі барша газет-журналдар ішінде оза шауып, Елбасымыздың Алғысына Ақордада ие болғанымыз тағы бар. Журналистер қуанышы – жариялылықтың жұбанышына айнала бергей!

Төл мерекеміз есік қақпай жатып-ақ, газе­ті­міз­дің ұжы­мын, жекелеген қарымды қыз­мет­керлерімізді сөз қадірін өз қадірім деп ұғынар облыс, аудан, қала­лар­дың, сондай-ақ басқармалар мен ұйымдардың басшылары, Астана, Алматыдағы әріптестеріміз бен бір қауым оқырмандар құт­тықтап, үлкен қошемет білдірді. Ағытылған ақ ниеттеріңізге мың қайтара алғыс айтамыз!

Әміре ӘРІН