ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 11.10.2021
Оқылды: 1220
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биылғы жылыту маусымы бойынша туындайтын мәселелер облыстық әкімдікте өткен селекторлық жиында талқыланды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов төрағалық етті. Басқосуға қысқа дайындық жөніндегі облыстық штаб мүшелері мен бюджеттік бағдарлама әкімшілері шақырылды. Селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдері мен тиісті коммуналдық мекемелердің басшылары қосылды. 


Алдымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнекеновтың баяндамасы тыңдалды. Айтуынша, аймақта жылу беру сыртқы ауа температурасына сәйкес аудан, қала әкімдерінің өкімдерімен қазан айының екісінен басталған. Талдықорған қаласында қазанның жетісінен толық берілсе, Қапшағайда тоғызыншы қазанда жылу жіберілді.    

Жылыту маусымына бюджеттік ұйымдар үшін 5,6 млрд. теңгеге 26,2 млн. литр дизель отыны сатып алынып, оның 58 пайызы жеткізілген. Тұрғындар үшін көмір қажеттілігі 1,37 млн. тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге халыққа 809,5 мың тоннасы сатылыпты. Тұйықтар мен қоймаларда жазғы кезеңнен қалған қалдық     26,9 мың тоннаны құрайды. 

Белгілі болғандай, халыққа көмір сату өткен жылмен салыстырғанда баяу жүруде. Өткен жылдың қазан айында бұл орайдағы көрсеткіш 70 пайызды құраған болатын. Тұйықтарға орта есеппен күніне 78 вагон жеткізілуде, соның ішінде Алматы өңіріне 41 вагон, Талдықорған өңіріне 37 вагон көмір әкелінді. Қазан айының 1-8 күндері аралығында Талдықорған қаласына 93 вагон көмір келіп түскен. 

1 қазандағы жағдай бойынша білім беру және денсаулық сақтау нысандарына сұйық отын жеткізуде бірқатар ауданның көрсеткіші төмен. Бюджеттік ұйымдар үшін 23,9 мың тонна көмір сатып алуға бюджеттен   705,9 млн. теңге бөлінген. Жеткізілгені 21,3 мың тонна, яғни, 89 пайыз. Алакөл ауданының 33 денсаулық сақтау нысаны бүгінгі күні қатты отынмен қамтамасыз етілмеген. 

Сауда үйлерінің ақпаратына сәйкес биылдың шілде, тамыз және қыркүйек айларына тұйықтар мен қоймаларға 4793 вагон Қаражыра көмірін, 3 652 вагон Шұбаркөл көмірін жеткізу жоспарланған. Алайда, осы айлар ішінде Қаражыра көмірінің 221,3 мың тоннасы, Шұбаркөл көмірінің 246 мың тоннасы жеткізілген. Қаражыра мен Шұбаркөл кен орындарынан тиеліп шыққан вагондар облыс бекеттеріне дейін орта есеппен 5-6 күн жүруі керек болса, қазіргі уақытта теміржол бекеттерінде тоқтап тұру салдарынан бұл мерзім 15-20 күнге созылған. Бұл жағдай жылыту маусымы басталмай тұрып көмір сату орындарында тапшылық тудыруда және әлеуметтік шиеленіс пен бағаның өсуіне әсерін тигізген. 

Осыған байланысты халыққа түсіндіру жұмыстары Іле, Қаратал, Көксу, Панфилов, Райымбек, Ұйғыр аудандарында және Қапшағай, Текелі, Талдықорған қалаларында тиісті түрде жүргізілмеген. Сонымен бірге, Қапшағай, Талдықорған және Текелі қалалары мен Алакөл, Ескелді, Панфилов, Көксу аудандары бойынша «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-мен арада қатты отынды жеткізу бойынша ұсынылған деректердің сәйкессіздігі бар екені байқалған.    

Лаззат Махатұлы жауапты қызметкерлерден жоғарыда аталған кемшіліктердің себеп-салдарын сұрап, нақты жауаптар алды. Соңында жылу маусымын еш кедергісіз өткізу үшін айтылған кемшіліктерді жойып, бұл бағыттағы жұмысты жеделдету жөнінде тапсырмалар берді. 

Бұдан соң білім нысандарының күрделі жөндеу жұмыстары пысықталды. Биыл 22 білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу үшін 8,3 млрд. теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде, өткен жылдан өтпелі 10 нысан бар, оның 8-і мектеп, біреуі колледж және біреуі балабақша. Бүгінгі таңда 11 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жұмыстары толық аяқталған. Жыл соңына дейін бітуі тиіс 9 мектепке күрделі жөндеу жалғасуда.

Селекторлық кеңесте, сондай-ақ, әскери келісімшарттық қызметке азаматтарды қабылдау, коронавирустық инфекциямен күрес және вакциналау іс-шаралары пысықталды. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Сурет ғаламтордан алынды