Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДАҒЫ "ШАҢЫРАҚ" БАЙҚАУЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Уақыты: 11.10.2021
Оқылды: 920
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Этносаралық қатынастар тақырыбында жазып жүрген журналистерді ынталандыру арқылы отандық журналистиканың дамуына жәрдемдесу, көпэтносты Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерінің озық  үлгілерін ілгерілету, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, БАҚ-тағы қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірлік мәселесіне арналған публицистикалық материалдардың сапасын арттыруды мақсат еткен «Шаңырақ» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға биылғы 15 қаңтар мен 10 қазан аралығында мемлекеттік және орыс тілінде жазылып, түрлі ақпарат құралында жарияланған, телеарналардың эфирінде көрсетілген, интернет-ресурстарда жарық көрген баспасөз материалдары және теле-радио бағдарламалары түрінде 21 жұмыс келіп түскен. Олардың байқауға үкілеп жіберген мақалаларын білікті журналистерден құралған қазылар алқасы сараптап, тиісті бағасын берді.

– Мақсаты айтып тұрғандай, қоғамдық келісім, ұлттар арасындағы татулық, этнос арасындағы береке-бірлікті нығайтуға арналған байқауға қойылатын талап та жеңіл болмайды. Сондықтан бұл конкурсқа қосатын материалдар да мазмұн-мағынасы сай болып, жұтынып тұруы керек. Әрине, бұл ретте байқауға түскен материалдардың бәрі бірдей талапқа сай келмейді деуге де немесе бәрі бірдей керемет деп те айтуға болмайды. Кейбір есеп үшін жазылған дүниелерді  байқауға жібере салған жайттар да кездесті. Әрине, этножурналистика саласын жазатын тілшілерге үлгі алып, өнеге ететін дүниелер де аз емес. Сондықтан әділқазылар алқасы материалдарды жан-жақты сараптап, оның байқау шарты мен таңдаған номинацияның талабына сәйкес келетіндерін іріктедік. Ең бастысы, әрбір үміткердің материалы әділ бағасын алды деп сеніммен айта аламын, – дейді әділқазылар алқасының мүшесі, облыстық «Jetisy» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым.

Әрине, байқау болғасын оның жеңімпаздары да болады. Биылғы облыстық байқаудың бас жүлдесін облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина иеленіп, Алғыс хат пен қомақты заттай сыйлыққа ие болды. Қалған 9 журналист те өздеріне тиесілі орындары бойынша марапатқа ие болды.

– Этножурналистика бүгінгі тәуелсіз елдің болашағы үшін ауадай қажет сала. Оның мақсаты Қазақстан халқы Ассамблеясы немесе қоғамдық келісім кеңестерінің жетістіктерін көрсету ғана емес. Осы тақырыпқа қалам тарта отырып, халқымыздың ұлттық құндылығын әспеттеу болып табылады. Сондықтан әріптестерімнің этножурналистика саласында жалықпай ізденуінен үміт етемін, – дейді байқау жеңімпазы Забира Сайдильдина.
Байқау осылай қорытындыланды. Соңында көпшілік естелік суретке түсіп, байқауды өткізуге қатысты ұсыныс-тілектерін айтты.

Омар АҚЫН