Бір әріпті білмесең

Уақыты: 02.07.2016
Оқылды: 1463
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қай тұсыңды қозғайын, датта десең сөз дайын, әдептен бірақ озбайын деп шабыт үсті шамырқану мен шамдануға бармай, шығыршықты шыр айналған тиындай бір әріптің төңірегінде әңгіме өрбітіп көрелік.

Алаңдаудың қажеті шамалы, бұл шынымен де әңгімеге арқау болар­лықтай әріп десем қате­лес­пес­пін. Әлімсақтан қазақпен бірге жасасып келе жатқан, бұра сөйлеп, бұзбалап шығаруға келмейтіндей оның килік­пейтін жері, кіріспейтін сөйлемі жоқ. Әңгіменің дәмді шығуы үшін дәлел-дәйекпен тұз­дықтап қоюға да әбден болады. Мысалы, «ұлтым – қазақ», «кіта­бым – Құран», «Отаным – Қа­зақ­­­стан», – деп бәзбір ұлтшылмын деп өзіне ғажайып баға беріп жүр­ген қайраткерлердей кеуде керіп ұран­дасақ та ол әріптің килік­пейтін жері жоқ. Тағатыңызды тауысып не қа­лайын, өзіме де сы­қыр­лаған сағат­тың үнін алтыннан артық қоятын жанның бірімін. Төтеден тартсақ, «қ» әріпі жа­зиралы Жаркентте қа­ға­жу көріп келе жатқандай...

Бір әңгіме бастасақ өтірікке ба­лап, ақиқаттың астарынан жал­ған­­дықтың жібін ұстауға тыры­саты­нымыз бар еді-ау. Сондықтан да «қ» әрпінің қағажу көруі не се­бептен дегенге тағы да дәлел кел­тірелік. Қытай мемлекетінен кіріп Жаркент арқылы батысқа қарай шұбатылған Ұлы Жібек жолы жа­тыр. Тарихтан белгілі осы көшені қиып жатқан бір жолға қылқалам шебері, қазақтың мақтанышы Әбіл­хан Қастеевтің аты берілген бола­тын. Ал көше аты жазы­латын тақ­тайшада берген есімнің де, елдің де беделін түсіретін жазу ілініп тұр­ғаны сізге жалған, бізге шын. Сол қилысып жатқан қос көшеге оңай адамдардың есімі берілмеген. Оның бірі Қонаев болса, екіншісі Қо­жа­мия­ров. Қайсар қазақ де­ген­дегі «қ» әрпін иемденген үш тұл­ғаның есімі жоқ та, тегі кері кет­кен­дердің қолымен жа­зыл­ғандай. Анықтап айтсақ, Қастеев көшесі деп тұратын тақтайша «Кас­теев көшесі», Қонаев «Конаев» және «Ко­жамяров» болып жазылған. Ол аз десеңіз, он әріптен тұратын «Қо­жа­мияров» сөзінде екі қате көзге шалынады. Әуелгісі сіз бен бізге таңсық емес. Екіншісі, «я» әрі­пінің алдынан келетін «и» түсіп қал­ған...

Жанарды жарқ еткізіп, ұяттан беттің отын шығаратын олқы­лық­ты мүмкін жергілікті жандар елей бермес. Алайда сырт көз сыншы екенін ұмытпаған абзал. «Қ» әр­піне аса мән бермейтін аса мәр­тебелі жергілікті басшылардың құлағына осылай жазып алтын сырға тақтық десек те болар. Айту бізден, түзету сізден болсын.

АРДА БИ.