Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

Азаттықтың алтын мөрі

Уақыты: 05.07.2016
Оқылды: 803
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Бозінгенді боздатқан, боз даламда сөз қатқан, құра­лайды көзге атқан айбарлы бабаларымның тілегі сен едің-ау, Еркіндік. Саған жеттік, желпіндік, селебені сертпен сүйер күннен ұзап, көк байрақтың астына кеп серпілдік. Арыс­тардың жүрегіне тұмар боп тағылған арманы, алға ұмсын­дырып, өмірге құлшындырған бар бағы – байрағымның биікте желбірегені еді-ау. Егемен­дікті ең­серіп, қуаныштан масайрап, масаттанып, тең­селіп, бұл даңғылдың мәңгілікке жал­ға­сатынын Елбасы айтып, ел сеніп ғұмыр кешудеміз. Тәңірге тәу­бе. Алаш Орданың арманына айналған Азат­тық пен Мәңгілік Елдің алтын мөрі – сен едің ғой, Астанам. Жар­қыраған жас қалам, жас та болса бас қалам, мәңгілік жы­рымнан мәртебелі атауыңды тастаман!

Төріңнен төрт тарап нұрлы сөз күткен, көркіңе күллі ел көз тіккен, Елордам, се­німен мақ­танам. Өзіңде өткен бір күнім,  сүріп тастаған тірлігім секілді көрінеді кей­де. Жыл­дан-жылға түрленіп, сәт сайын гүл­деніп келе жат­қаның жанды жады­ратады. Сенің жар­қырауың, жай­на­уың, кемеңгер елдің жаһан­дану жо­лына, даму даң­ғы­лына түс­кендігінің айғағы. Сондықтан да, өркениеттің тал бесігі атанған құтты ме­кеннің құнарлы топы­рағында бой кө­терген Бәйте­регіңдей еңселі бол, Елордам!

«Арман қала – Астана», – деп ақындар жырына, саз­герлер ән мен күйіне арқау етуде. Оның өзі аз жылдарда ажарланып, Азия­ның кін­дігін­де, қаймана елдің түн­дігінде көкпен таласқан сенің зәулім ғима­раттарыңдай қала­нып, мәңгілік тарихың хатқа түсіп жат­қанының белгісі.

Елдігімнің еншісі, өрлі­гімнің белгісі бола білген, бар қазақтың көзқуанышына ай­налғаның, ер­лігінің ерен үлгісі ғасырлардан үзілмей жал­ғас­қан халық үшін бір төбе. Бас қаласыз, Астанасыз мемлекет бол­майтыны анық бол­са, сен жасампаз елдің соғып тұр­ған жүрегісің. Жалын атқан жас жүрек жылдан-жылға қуат­танып, қар­қын­дап соғуда. Бұл Ұлы дала өркениетін әлім­сақтан қалап, нақ­тылы қолға алған біздердің мәң­гілікке бет ал­ғанымызды мың мәрте ай­қын ай­ғақтап берер жас жү­рек­тің жа­нартаудай жалын шар­пып дүр­сілдеуі.

Тәңірге тағы мың тәубе! Ұлан-ғайыр даламда, жарық шаш­қан ғаламға, ғимараттары тым биік, тарихы терең, тұң­ғиық елдің еңсе­сіндей Елор­дамның қаланғанына. Енді сенің ғұмырың үшін, алтын тұғырың үшін күш салып, елеулі еңбек ету қаны мен қалыбы қазақ болған әр адамға бұлжымас бо­рыш һәм парыз. Шартарапқа шұ­ғыла болып ша­шылар, талай ға­сырлық ғұмыры тарих болып ба­сы­лар, зәулім ғимараттары зеңгір көкпен та­ласар, қазақтың кең­қолтық қонақ­жайлығына жарасар, жайнай бер, Астанам!

Асыл Сұлтанғазы