Жарқырап, жайнай берші...

Уақыты: 05.07.2016
Оқылды: 3534
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бас шаһар турасында жазылған ән де, жыр да аз емес. Жас қаланың жасампаз­ды­­ғы талайдың таңдайын қақтырып, ша­бы­тын еселеп келеді.

Сондай бір ерекше тол­ға­ныспен жарқ етіп, тыңдарман жүрегінен орын алған ән – «Елім­нің жүрегі Астана». Па­триот­тық рухты арттыратын бұл ән құдіреті «елім» деген жанның көзіне жас алдырып, ерекше сезімге бөлейді. Марқая отырып тыңдап, рухтана орындайтын «Елімнің жүрегі Астананың» өзіндік шығу тарихы бар. Ән орындаушысы Алтынай Жора­бае­ваның айтуынша, ол – бағы үлкен, жолы жеңіл ән. Бұлай деуінің себебін эстрада жұл­дызы былай деп түсіндірді.

–  2002 жылдың желтоқсан айы болуы керек, марқұм Қайрат Жәнібеков ағамыз түн жары­мында қоңырау шалып: – Кере­мет ән туып тұр. Келесің ба бір­ге қарап көрсек. Характерін сәл өзгерту керек секілді, – деді. Қарсылық танытпастан шақыр­ған жерден табыла қалдым. Қайрат аға: – Қайырмасы «Жар­қырап жайнай берші сен Ас­та­на» деген сөзге сұранып тұрған әуен, – деп тіпті осы тұсын өзі жа­зып кетті. Негізінде бұл Ма­хам­бет Түгелбаев ағамыздың әні болатын. Сәл өзгешелік ең­гізіп, ұжымдық жұмыс ретінде бірігіп өңдедік. Сазы дайын болған соң сөзін ақындарға жаздыртсақ ұзақ күтіп қала­мыз-ау деген оймен мұғалім Сараш Қоңырбаева апамызды екілер шамасында қоңырау шалып, шақырып алдық. Сараш апа 20-30 минуттың ішінде сөзін жазды. Міне, бұл осылай сәтті шыққан ән болды. Оны мен де жан-тәнімді салып орындадым, – дейді әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алты­най Жорабаева.

Шын мәнінде «Елімнің жү­регі Астана» деп атауында тұр­ғандай бас шаһардың гимні іс­пет­тес ән болды бұл. Оны халық та әлдеқашан мойындап қойған. Жан-тәнін салып орындаған әншінің әні қалайша жүректерді селт еткізбес? Отансүйгіштік сезімді еселендіре түсетін мұн­дай сазды әуен, мағыналы сөз қашанда көптің сұранысына ие болып, ескірмейтін әндердің қатарына енеді. Сондықтан да болар «Елімнің жүрегі Астана» тұсауы кесілісімен-ақ әп-сәтте, хитке айналды. Сол кезеңде бұл әнсіз бір де бір концерт, бір де бір салтанатты отырыс өтпейтін болған.

«Елімнің жүрегі Астана» 2003 жылы «Азия дауысы» ая­сында ұйымдастырылған бай­қауда жүлделі орынды еншілеп, халықтың ыстық ықыласына бөленген. Ерекше сұранысқа ие болған әннің шын мәнінде па­триот­тық сезімі зор азамат­тар­дың көзіне жас алдыратындай құдіреті бар.

Бұл жөнінде Алтынай әнші­нің де өз естелігі бар. – Сахнада ән орындап тұрған сәт еді. Көзім Төлеген Мұхамеджанов ағамызға түсіп кетті. Бетін басып жылап отыр екен. Кейін кездес­кен кезінде неге жылаған­ды­ғы­ның себебін өзі айтып берді. «Бұл әнді тыңдап отырып кө­кейім­де жүрген сан сауалдың жауабын таптым. Астанаға бе­кер келмегендігімді түсіндім. Сондықтан болар бұл әнді тың­даған сайын тыңдағым келіп тұ­рады. Көзіме жас үйіртсе де, өзімді рухтандыра түседі», – деді. Менің орындауымдағы ән бір адамға мақсатын орнық­тырып, сұрағына жауап берсе, ол мен үшін  баға жетпес жетіс­тік. «Елімнің жүрегі Астана» Президенттің қатысуымен өте­тін концерттердің бәрінде орын­далады. Сонда қанша рет бай­қағаным, Елбасы үнемі маған қосылып осы әнді бірге шырқап отырады. Міне, меніңше ән мен әншінің халық мерейіне бөленуі де­ген осы, – деп ағынан жа­рылды.     

Орындаушының барын са­лып айтқан әні көпшіліктің жүре­гінен қашанда орын алатын­дығы рас. Тыңдарман көп сұ­рай­тын болғандықтан да «Елім­нің жүрегі Астана» Алтынай ханым үшін репертуарындағы ерекше әннің бірі де бірегейі. Халық мағынасыз әндерді тың­дағаннан гөрі, осындай әр жү­ректің төрінен орын алған әуезді әнді тыңдауға әуес. Сондықтан «Елімнің жүрегі Астана» еш­қашан ескірмейтін Шәмші Қал­даяқовтың әндеріндей ел ау­зында мәңгі қалатындығына сенім зор.

Меруерт Молдағалиева