Кисе Курокованың бас жоспары

Уақыты: 05.07.2016
Оқылды: 1564
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлемдегі ең жас шаһардың келбеті мен сәні жарасып, бірлігі мен достығы нығайған. Бүгінде Арқаның төсінен орын тауып, еркелей аққан Есілдің төңірегінен бой көтерген бас қаламыз еркіндігіміздің нышанына айналған. Иә, қалаға көз тастап ғимараттардың биіктей түскенінен еліміздің еңсесін, Тәуелсіздігі­міздің тегеурінін, жасампаздықтың жаңғыры­ғын айқын көреміз. Бұл кереметке куә қылған бас шаһар ол – Астана!

Сәулет өнерінің бар шеберлігі төгілген қалаға бүкіл әлемнің назары ауған. Себебі о бастан-ақ қаланың бой көтеруі үшін жүйелі жоспар құрылып, жүзеге асқан болатын. Шаһар салынатын аймақтың да  ажары жоғары Арқа төсі болуы  бізге берілген кереметтің бірі. Бас жоспар кез келген қала үшін үлкен маңызға ие. Былайша айтқанда, оның құжаты – қала құрылысының егжей-тегжейлі жоспар­ла­нуының, сәулет құрылыстары композициясының, жол айрықтар мен магистральдардың негізгі құ­жаты. Бұлардың барлығы тиімді жоспарланса, ме­гаполисте өмір сүруге қолайлы жағдай болады. Мі­не, осы қағиданы ұстанған Елбасымыз бас шаһар­дың жоспарын жасау үшін арнайы байқау өткізіп, әлемнің мен деген мықты сәулетшілерінің басын қосты. Сәнді ортаның сәулет үлгісі өмірге жаңа стиль әкелді. Бұрыннан қалыптасып қалған, негізгі сәулеттік бағытын айқындаған, қазірдің өзін­де эстетикалық талғамы мен талабы жоға­ры Елорда өзге жұртты тамсандырып, таңғалдыруда. Ол сұлу қала сәулетінің бас идеологы Елбасымыздың еңбегімен келгені шүбәсіз.

Елбасымыз болашақ қаланың бас жоспарын жа­сау­ға тұңғыш халықаралық бай­қау жариялап, әлемдік сәулет өнерінің сұңғылалары жіберген жүздеген жобаны сара­птаудан өткізді. Сынға қатысуға айтулы сәулет дер­жа­ва­ларынан өтініштер келіп түскен. Елбасының назарында Жа­пония, АҚШ, Австралия, Ита­лия, Франция, Германия, Ре­сей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкі­стан, Поль­ша, Чехия, Ук­р­аи­на, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден келген 50-ден астам жо­ба қаралды. Барлық жоба көрмеге қойылып, ха­лықтың қаласы болған соң әр тұрғын  жобаларды өз көзімен көруге құқылы болды. Жалпы жұмыс­тардың ішінен болашаққа бедер, елімізге бедел береді деген шарттар мен талаптарға сай келетін  27 әзірлеме қа­зылар алқасының қарауына ірік­телді. Сөйтіп, жарыс қоры­тын­ды­сы бойынша, Қазақстан­ның жаңа астанасын салудың бас жос­пары ретінде заманы­мыздың аса көр­некті сәулетшілердің бірі – ж­а­пон кон­цептуалисі Кисе Курокаваның (шын аты – Но­риаки) жобасы қабылданды. Елбасы идеясының шешімін тапқан жапонның  әйгілі сәулетшісі Кисе Курокава қала құрылысын экологияландыру бағы­тын ұстана отырып, оған табиғи философиялық ас­тар берді. Сәулетшінің өзі “Өмір принципі” деп атаған бұл жоба Елбасымыздың көңілінен шығып, сөйтіп, сәулет әлемінде ХХІ ғасыр жаңалығы болып табылған жаңа шешімнің ғұмыры басталды.

Кисе Курокава әлемдік сәулет өнері та­рихында өзіндік қайталанбас та­лантымен танылған. Ол  – Амстердам қала­сындағы Ван Гог мұра­жайы, Куала-Лумпурдың ха­лық­аралық әуежайы, Осака қаласы­ның Ұлттық-экологиялық мұражайы, Бол­га­рия­дағы “Витоша” қонақүйі, “Сони” корпорациясының мұ­на­расы сияқты жобалардың ав­то­ры.  Сәулетшінің тұжырымдауынша, өткен ғасыр ме­ханикалық принциптер үстем­дік алған дәуір болса, жаңа ғасыр өмір принциптеріне көшетін дәуір бо­­лады. Ендеше, Қа­зақстанның жаңа астанасы “симбиоз” атты ше­шуші ұғымды арқау етуі тиіс. К. Курокава идеясы­ның мәні, қала құрылысы мен табиғи эко­логиялық жүйенің үйле­сім­дікпен дамуы болып табылады.

Бас қаланың құрылыс алаңдарында аталған жоба тәжірибе жүзінде іске асырыла бастады. Пре­зиденттің тапсырмасымен еліміздің үздік сәу­лет­шілері Елорданың бас жоспарына уақыт өте өзге­ріс­тер мен тың жаңалықтар енгізді. Бұл орайда өңір­дің экологиялық жүйесі мен қала құрылысының бірегейлене салынуына басты назар аударылды. Елорданың бас архитекторы Елбасы өңірдің табиғи жағдайларын, ауа ра­йының құбылмалылығын ескере келіп, қала маңында жасанды орман алқабын қалыптастыруды күн тәртібіне қойды.

Мемлекет басшысының бас­та­масымен “Жасыл аймақ” мем­лекеттік кәсіпорны құрылып, Астана аумағын көгалдандыру шаралары қолға алынды. Қа­ланы Арқаның аңызақ желі мен сұрапыл дауыл­дарынан қорғау үшін жыл сайын 5 мың гектар жерге ағаш отырғызылып, жасыл белдеу жасалды. Халық арасында “Президент орманы” аталып кеткен бұл жасыл белдеу бүгінде 50 мың гектар алқапты алып жатыр. 10 жыл ішінде бой көтерген ағаштар сыңсыған жы­ныс­ты орман болды. Қазір бұл орманда қоян, түлкі, қарсақ, елік сияқты аң­дармен қатар өңірдің сәнін келтіретін жүздеген құс ұя салуда. Міне, осылайша Курокаваның архи­тек­туралық идеясының ар­ма­нына айналған “симбиоз” жүйесі алғаш рет Астанада жүзеге асты. Ақиқа­тында шаһар  құрылысы әлемдік архитектуралық ақыл-ойдың тәжірибе алаңына айналды.

Ұлан-ғайыр алқапты қамтыған,  жазира далада аспанмен таласқан ғи­ма­рат­тар сәулет өне­рінің сал­танатын асырды. Аста­на­лық архитектуралық ан­самбльде шығыс сәулет өнерінің жауһарлары мен батыс сәулетшілерінің батыл идеялары жарқырай кө­рініс тапты. Бас қаланың бас жоспарын жапон­дық сәулетші Кисе Курокава жасаса, Астананың архитектуралық айбынын айшықтаған “Пирамида” мен “Хан Шатыр” ойын-сауық орталығы атақты ағыл­шын архитекторы Норман Фостердің шығар­машылық ізде­ні­сінің жемісі. Ал бас қаланың сәулет және мәдени өмірінің сәнін асырған киноконцерт залы италия­лық сәулетші Манфреди Нико­лет­тидің қолтаңбасы.

Міне, бір ғана емес, бірнеше үздіктердің қол­таңбасы қалған бас шаһардың келбетті болмауы мүмкін емес. Бар ниетпен, қажырлы қайрат жұм­салған жас қала бүгінде әдеміліктегі бас қалаға айналды. Сөйтіп, жұмыр жүйемен өзара үйлесімді жарасымдылық табатын қала құрылысын салудың “симбиоз” атты жаңа идеологиясы Арқа төсінде өмірге келді. Нә­ти­жесінде қазақ даласында төрткүл дүниені тамсандырған тамаша  қала  Астана  бой көтерді.

Құралбек Сәбитов