ЕЛ КҮТКЕНДЕЙ БОЛДЫ

Уақыты: 11.06.2022
Оқылды: 2731
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаңадан құрылған Жетісу облысында алдағы уақытта бірнеше өндіріс ошақтарының салынып, халықтың жұмыспен қамтылатынын естіп қуанудамыз. Алматының маңында орын тепкен Қонаев қаласының да болашағы зор болатыны кәміл.  

Бүгінде Талдықорған жаңарып, жасарды. Келген адам қызыға қарайтын әсем де сұлу қалаға айналды. Мәслихат депуттарының дауыс беруі нәтижесінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Жетісу облысының әкімі болып тағайындалған Бейбіт Исабаев осы жетістіктерді одан ары қарай жалғастырып,  өлкеміздің гүлдене беруіне үлес қосады деп сенеміз. 

Бұған дейін ҚР Парламенті Сенатында қызмет етіп, ондағы әлеуметтік-мәдени даму, ғылым комитетін басқарған Бейбіт Исабаевты ел-жұрттың жағдайын, әлеуметтік, білім, ғылым мәселелерін терең білетін азамат ретінде танимыз. Өңірдегі өзекті  мәселелерді шешіп, елмен етене жұмыс істеп,  халық үніне құлақ асатын әкім болады деп білеміз. 

Ең бастысы – жұрттың  жайы. Сондықтан тұрғындардың жайлы өмір сүріп, қаламыздың, құрылып жатқан жаңа облысымыздың ары қарайғы дамуына күш жұмсайды деген үміт мол. Орталығы Қонаев қаласына көшетін Алматы облысының тізгінін ұстаған Марат Сұлтанғазиевқа да  сәттілік, толағай табыс тілейміз.   

Шара Әсетқызы,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты