Еңбекшіқазақ ауданында өрімдей қыз автокөліктің астына түсіп көз жұмды

Уақыты: 25.06.2022
Оқылды: 1202
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылында өрімдей қыз автокөліктің астына түсіп көз жұмды. Қайғылы оқиға 19 маусым күні таңғы сағат 10 шамасында болған. «Бастау» саяжайынан шыққан жеткіншек жол ережесін сақтап, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан...

Жас қыздың қазасы көпшілікті тағы шошытты. Ашуға булыққан топ оқиға болған жерге жиналды. Жергілікті билік өкілдерін шақырды. Жанайқайын жеткізбек.  Бір апта бұрын «Бастаудың» тағы бір тұрғыны осындай халде көлік апатына түсіпті. Әйтеуір аман қалған. Ал Гүлнара Әкімханова басынан өткен жайды әлі ұмыта қоймаған.
– 2017 жылы мен де күре жолда зулаған автокөліктен зардап шектім. Қол-аяғым сынып, омыртқама зақым келді. Біраз уақыт төсек тартып жаттым. Әлі де толық оңала қойған жоқпын. Жүргізушілер арнайы белгіге пысқырып та қарамайды. Соның салдарынан айдың-күннің аманында адамдар ажал құшады. Осылай өле береміз бе? Бұл мәселенің  шешімі тез арада табылуға тиіс. Меніңше, көлік нөпірінен көпір ғана құтқарады. Көпір керек! – дейді ол. 
Бір жылдың ішінде осындай көлік қаққан адамдардың саны 10-15-ке жеткенін зар жылаған жұрт жасырмай айтты. 
– Бәйтеректің Алматыдан кіреберіс жағында 8 саяжай бар. Біздікі «Бастау» деп аталады. Тұрғындар осы жолақ арқылы жолдың арғы бетіне өтеді. Ең қауіптісі де – осы кіреберістегі тұс. Өйткені, Құлжа күре жолымен жүйткіп келе жатқан көліктер жылдамдығын азайтуға асықпайды. Әсіресе, мектепке баратын балаларға қиын. Олар үйге келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Бізге бағдаршамның да, басқаның да керегі жоқ. Тек жаяу адам өтетін көпір салып берсе болды, – дейді саяжай тұрғыны Серікбай Райсов.
Көп кешікпей осында Бәйтерек ауылының басшылары да жетті. Әкім еңбек демалысында екен. Оның міндетін орынбасары Ринат Сарғожанов атқарып жүр. Тұрғындар "көпір салынса" деп қол қойған арыз-шағымын оның қолына ұстатты. 
– Құлжа күре жолы республикалық «Қазавтожол» мекемесіне қарайды. Арыздарыңызды тіркеп, аудандық автомобиль жолдары бөліміне апарып береміз. Олар ары қарай әрекет жасайды. Жұмыс осындай ретпен ғана шешіледі, – деді Ринат   Сарғожанов.
Жиналғандардың арасында кеше ғана өмірі қиылған Іңкәрдің туысы да жүр. 
– Іңкәрдің ата-анасы үйде қайғыдан қан жұтып отыр. Қызымыз биыл 5-сыныпты тәмамдаған. Арманы көп еді. Әпкесінің туған күні болатын. Оған сыйлығымды табыстаймын деп үйден шыққан. Алайда жолдың ар жағына жетіп үлгере  алмады... – деп жылап жіберді Меруерт.
Қызды қаққан жолақтан біз де өттік. Асфальтқа сызылған бояу өшуге шақ қалыпты. Жылдамдықты 40-қа дейін түсір дейтін арнайы белгіні көре алмадық. Есесіне МАИ автокөлігі бейнеленген тақтайша тұр. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. 
Автокөліктер тежеуішін шиқылдатып барып әрең дегенде тоқтады. Әсіресе, жүк көліктерінің нөпірі өте көп. Себебі ауыл маңында тас-құм шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Жан-жағымызға жалтақ-жалтақ қарап әрең өттік. Шынымен де қорқынышты...

Жұрт жетіскеннен көшеге шықпайды. Оның себептері жоғарыда баяндалды. Ауыл басшылары көпшіліктің ашына хат жазуын күтпей-ақ, көзі көрген оқиғаларға ден қойып, өздерінің тарапынан жіті қимылдап, тиісті орындардың назарын аудартуға міндетті. Олардың халық алдындағы бір қызметі осымен өлшенеді. Ендігі жерде ауданға және «Қазавтожолға» ресми қатынастар жіберумен шектелмей, жоғары орындардың қандай шешім қабылдайтынына жанкүйерлікпен құлақ түріп, ауыл тұрғындары талабының жүзеге асуы үшін жүгіреді деп сенеміз. Өйткені көпір салу адамның өмірінен қымбат емес. 
 

Болат МӘЖИТ,
Еңбекшіқазақ ауданы,
 Алматы облысы