"Облыстық мәслихат": Дербес құрам бекітілді

Уақыты: 25.06.2022
Оқылды: 2421
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облыстық мәслихатының кезектен тыс III сессиясы өтіп, өңірдің өркендеуіне қажетті тетіктерді бекітудің тәртібі қабылданды.

Сессияны жүргізіп отырған облыстық мәслихат хатшысы Гүлнар Тойлыбаева алқалы жиында үш мәселе – Жетісу облысы әкімдігінің дербес құрамын, Жетісу облысы әкімінің 2022 жылдың 2 жартыжылдығына арналған халықпен кездесулерінің икемді күнтізбесін келісу және облыстық қоғамдық кеңестің құрамын бекіту сынды тақырыптар қаралатынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаудың регламентін бекітіп алған депутаттар бұдан соң ашық дауыс беру арқылы мәселелерге қолдау танытты. Бірінші мәселеге байланысты хабарлама жасаған облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, Жетісу облыстық мәслихаты облыс әкімінің 2022 жылғы 22 маусымдағы №1-ө н/қ өкімімен құрылған Жетісу облысы әкімдігінің дербес құрамын бекітуге келісім білдіруі керек. Осыған орай Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың орынбасарлығына Жеңіс Тұяқов, Әлібек Жақанбаев, Рустам Алидің іріктелгені белгілі болды. Мәселеге ашық дауыс берген мәслихат депутаттары кезектен тыс ІІІ сессияда қаралған өзге тақырыптарға да қолдау көрсетті.
Сонымен Жетісу облысы әкімінің 2022 жылдың 2 жартыжылдығына арналған халықпен кездесулерінің икемді күнтізбесінің жобасын және Жетісу облыстық қоғамдық кеңесінің құрамын бекітуге бірауыздан дауыс берген халық қалаулылары мәселелердің қабылдануына ықпал етті.

 

М. ӘСЕТҰЛЫ
Жетісу облысы