Мемлекеттік қызмет – биліктің айнасы

Уақыты: 25.06.2022
Оқылды: 2735
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қонаев қаласында Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Еңбегі еленген бір топ қызметкер марапатталып, сый-құрметке бөленді. Қуаныш иелерін облыс әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ құт­тықтап, ақ тілек, жылы лебізін арнады. 

Аймақ басшысы құттықтауын облыс орталығын көшірудегі уақытша қиындықтарға қарамастан қызметтеріне адалдық танытып, бір кісідей белсенділік көрсетіп жүрген барша еңбек иелеріне ризашылығын білдіруден бастады. 
– Мемлекеттік қызмет – биліктің айнасы. Кез келген мемлекеттің дамуы мен жетістікке жетуі ең алдымен мемлекеттік қызметшіге тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік жүйені жетілдіру де қызметкердің кәсіби біліктілігіне, өз ісіне жауаптылығына, ішкі мәдениеті мен әдепті мінезіне байланысты қалыптасады, – деген облыс әкімі бұл ретте Алматы облысы қызметкерлерінің әрдайым абырой биігінен көрінетініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, ол бүгінде ел Президентінің бастамасымен мемлекеттік қызмет институтында жаңа реформалар қолға алынып, осы жаңашылдықтар аясында жаңа заңдар қабылданып, тиісті заңнамаларға толықтырулар енгізілуде екенін, халық өтінішін қарау тәртібі өзгеріп, бюрократиядан арылу шаралары қолға алына бастағанын, ашықтық пен жариялылық принципі алға шыққанын атап өтті. 
– Тұрғындармен етене байланыста жұмыс істеу – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан бәріміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын басшылыққа алып жұмыс істеуіміз керек. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының ауқымды міндеттерін әрқайсымыздың үйлесімді қызметіміз арқылы ғана іске асыруға болады. Бүгінде бұл жұмысты біздің аймақта 2 мыңға жуық мемлекеттік қызметші орындайтын болады. Бұл үлкен құрмет және үлкен жауапкершілік», – деді Марат Елеусізұлы. 
Сонымен бірге облыс басшысы көптеген әріптестерінің еңбегі мемлекеттік наградалармен аталып өткені қуантатынын жеткізді.  Содан соң өз істеріне адалдық танытып, жемісті қызмет атқарып жүрген сала мамандарын марапаттап, құрмет көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, облыс әкімі аппаратының басшысы Төлеген Сәрсембаев, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Айдын Темірбаев ҚР Президентінің Алғыс хатына ие болды. 
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі Еңбекшіқазақ ауданы Қаратұрық ауылдық округі әкімінің орынбасары Бауыржан Сокуровқа, облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Зәуре Құсайыноваға табысталды. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Қонаев қаласы
Алматы облысы