"Хиджаб дауы": Мектеп формасы қандай болғаны жөн?

Уақыты: 25.06.2022
Оқылды: 2980
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мектепке орамал тағып, хиджаб киіп келуге заң жүзінде тыйым салынған. Алайда, бұл жайт діни жолды ұстанатын оқушылардың мектепке мүлде келмей қоюына әкеліп соғуда. Осыған орай Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп жасындағы оқушылардың хиджаб кию мәселесін қайта қарау туралы ойын білдірген еді. 
«Министрліктің тиісті бұйрығы бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Мектептер де – зайырлы мекеме. 2016 жылдан бері қабылданған бұйрық бар, ол өзгермеді және өз күшін жойған жоқ. Әрине, мектеп формасын сақтау керек. Алайда шындыққа тіке қарап, проблеманы жасырмауымыз қажет. Осы мәселеге қатысты балалардың мектепке бармай жүрген фактілері де бар.
Білімнің инклюзивті болуы өте маңызды, яғни осы балаларға білім беруіміз керек. Ол онлайн форматта да болуы мүмкін», – деді министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Хиджабпен мектепке кіргізілмегендіктен, кейбір оқушылардың оқумен қамтылмай қалып жатқаны туралы министрдің алаңдаушылық білдіруі – құптарлық жайт. Қоғамда өзекті болып тұрған бұл мәселенің қалай да шешімін табу керек. Жалпы, орамал тағу, хиджаб киюден бөлек, «мектеп оқушыларының формасы қандай болуы керек?» деген де мәселе бар.

Ұлттық нақыштағы киім үлгісі болса...

Қанат Маратұлы, 
дінтанушы-психолог:

– Мектепке хиджабпен келуге рұқсат берілмеуінің бір сыры бар. Егер оған рұқсат берілсе, басқа діни ағымдардың өкілдері де өз құқықтарын алға тартуы мүмкін. Министрлік осы жайтты ескеруде. Негізі ұлттық нақыштағы, ою-өрнекті мектеп формасы болса деймін. Қыздардың басында кезінде аналарымыз бір байлап қана тарта салатындай кішігірім орамал болғаны жөн-ақ. Өйткені, орамал көп нәрседен қорған болады. Оны таққан жанның жүрегіне иман орнайды. Қазір мектепте не болмай жатыр? Бір жыныстылар көбеюде. Еркектер әйелге айналуда. Мектепте жүріп-ақ, оқушылар түрлі сұмдыққа баруда. Ол туралы ұстаздар жақ ашпайды. Шу болғанын қаламайды. Ертең сол үшін жұмыстан қуылады. Сол себепті ештеңе көрмегендей кейіп танытады. Бірақ жастардың бүгінгі әрекетіне көз жұму – болашағымызға балта шабумен бірдей. Сол себепті, тәрбиені қолға алуымыз керек. Ол неден басталады десек, киген киіміміз бен жүріс-тұрысымыздан көрініс табады. Қазақы үлгідегі орамал мен оюлы мектеп формасын шығарып, ең болмағанда оны бір-екі жылға сынақ ретінде мектептерге енгізсек деген ұсынысым бар. Нәтижесі дұрыс болып, тәрбиеге оңды ықпал етіп жатса, ары қарай да жалғастыруға болар еді.

 

Бүлдіршінге хиджаб кигізу – қиянат

 Дания Қыдырбаева, 
облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы:

– Жалпы, өзім мектепте хиджаб кию деген мәселеге қарсымын. Өйткені, оқу орны болған соң тәртіп бәріне ортақ.  Мейлі, ол мұғалім, оқушы болсын, білім ордасының талаптарына бағынуы керек. Талап болған жерде тәртіп те болады. Оның үстіне, әлі оңды-солын танып үлгермеген балаға күштеп хиджаб кигізу қиянат деп ойлаймын. Баланың аты – бала. Бүлдіршін қыз өзгелер сияқты шашын өріп, әдемілеп, басқа балалармен тең қатарлы ойнағысы келеді. Ал, ата-ана болса, баланың осы еркіндігін шектеп, баяғыша айтсақ, пәренже жауып қойғысы келеді. Бұл ақылға сыймайды.
Хиджаб жамылғандар ұзын етекті көйлек киеді. Қоғамдық көлікке мінгенде етектерімен жер сыпырып жүреді. Сол қалпымен мектепке немесе университетке барады, сонда тазалық қайда қалады?
Мектеп формасы сыныптағы тәртіпке, жинақылыққа әсер етумен қатар, балалар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті сездірмеуге ықпалын тигізеді.
Осы тақырыпты бірнеше мәрте көтеріп, ата-аналармен кездесу өткізгенде басым бөлігінің бірыңғай мектеп формасы болғанын қалайтынына көз жеткіздік. Алайда, қазіргі таңда әр мектептің формасы әркелкі. Барлық мектепке ортақ, оқушының нағыз бет-бейнесін көрсететін форма болса деген ұсынысым бар. Мектеп формасын оқушы қуана киіп, сонымен мақтанатындай дәрежеде болуы керек.

 

Оқушы еркіндігін шектеуге болмайды

Айна Мамырбаева, Талдықорған қаласындағы №17 орта мектептің педагог-психологі:

– Жалпы, мектепте балаларға бірдей формамен жүру міндеттелінеді. Осыған орай, өзім қызмет ететін білім ошағында бірыңғай көк түсті бекітілген мектеп формасы бар. Ол балаларға ыңғайлы үлгіде жасалған. Ал, екінші мәселеге келсем, мектеп жасындағы балалардың хиджаб киюіне қарсымын. Жас ерекшеліктеріне сай психикасы толыққанды тұрақталмаған оқушы намаз, дін, хиджабтың мағынасын түбегейлі түсіне бермейді. Көбіне ата-анасының ықпалымен киюге мәжбүр болады. Сол себепті ересек адамдардың баланың ойын улауына, өзінің түсінігін мәжбүрлеп тануына жол бермеуге тиіспіз. Оқушы өз жасына сай балалық шақтың әр сатысынан өтіп, физикалық, психологиялық тұрғыда қалыпты дамуы қажет.
Хиджаб кигені үшін балаларды үйде онлайн оқытып, еркіндігінен шектеу де дұрыс емес. Әрбір бала мектепке келіп, басқалар қатарлы білім алуға міндетті. 

 

 

Жастар талғамына сай тігілсе...
Аяулым Өмірзақ, 9-сынып оқушысы:

– Мен мектеп формасының еркін үлгіде болғанын қалаймын. Ол баланың қозғалып, жүріп-тұруына ыңғайлы болса деген тілегім бар. Классикалық үлгідегі киім көп жағдайда  қолайсыздау. Сондықтан мектепке киетін киімнің мейлінше бостау, кеңдеу болғаны дұрыс. Қыз балаларға мектепке шалбармен келуге рұқсат берілсе деген де өтінішім бар. Әдетте, шалбарды қыс мезгілінде, күн суық кезде ғана киюге рұқсат етіледі. Шалбар да қазіргі оқушылардың талғамынан шығатындай кең балақты болса деймін. Жалпы, бірыңғай формаға қарсы емеспін. Тек қазіргі заман үлгісіне сай тігілсе деймін. 

Қазіргі таңда қыздар дәстүрімізге сай тақия, бөрік кие бастады. Қандай әдемі, талғамға да сай. Осындай құндылықтарымызды қайта тірілтіп, ел болып еңсемізді көтерсек, жас ұрпаққа лайықты білім, тәрбие берсек деген ізгі тілек қана біздікі. 
Ал сіз, бұл тұрғысында не ойлайсыз? Қазақ қызының хиджабқа оранғаны дұрыс па? Әлде, салт-дәстүрімізге сай болғаны жөн бе? Бәлкім, батыстық стильді құптайтын боларсыз. Ой бөлісіңіз, қадірлі оқырман!