Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖЕРГЕ ЖҮЙЕ МЕН ИЕ КЕРЕК

Уақыты: 29.06.2022
Оқылды: 806
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Алматы облысы ежелден аграрлы аймақ болғанымен, бүгінде өнеркәсібі өркендеген индустриалды өлкеге бағыт алуда. Дегенмен, мұнда әлі де ауылшаруашылығының мүмкіндігі көп. Әсіресе, өзен-суы мол, түгін тартсаң майы шығатын Қарасай ауданы елімізге қажетті азық-түлік тауарларын көптеп өндіре алатынына ешкім дау айта алмайды. Алып мегаполис – Алматының іргесінде орналасқандықтан мұнда өндірілген өнімді өткізудің мәселесі де шешіліп қойған.  Енді сол мүмкіндікті аудан аграршылары қалай пайдалануда деген мәселеге келейік.

Ауданда жер көлемі өзгелермен салыстырғанда шағындау. Өткен жылы бақшалық алқаптарды аралағанымызда суармалы жерде тек қана сырттан келген, атап айтқанда, Жамбыл облысында тұратын дүнгендердің жұмыс істеп жүргенін көрген едік. Нақтылы жердің иесі кім екенін анықтау оңай шаруа емес екен.  Білгеніміз – қомақты жерлерді жекешелендіріп алған лауазымды тұлғалар суармалы алқаптарды соларға жалға беріп қоятын көрінеді. Ал, ауыл тұрғындары күнкөріс жасайтын жерлерінің жоқтығынан қалаға барып жұмыс жасауға мәжбүр. Қарасай аудандық ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сырым Жарқынбаевтың айтуынша, бүгінде көкөністің бағасы қымбаттауына байланысты бақша егумен айналысатын қарасайлық азаматтардың қатары артып келе жатқан көрінеді.

– Алматы облысы бойынша  24,1 гектар өнеркәсіптік жылыжай Қарасай ауданында орналасқан, – дейді Сырым Ақылжанұлы. – Бұл жерлерде, негізінен, Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын қамтамасыз етуге қажетті қызанақ пен қияр өндіріледі. Екіншіден, аудан облыстағы ауылшаруашылығы өнімінің 7,1 пайызын беріп отыр. Әсіресе, құс өсіру жақсы жолға қойылған. Атап айтқанда, «Алсад Қазақстан» ЖШС-інде  жылына 175 млн. дана жұмыртқа өндіретін екі фабрика және өндірістік қуаты 104 млн. дана болатын «Қазақстан құстары» ЖШС өз қызметін жалғастыруда. Бұл  Алматы қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастырудағы біздің үлесіміз болмақ.

Мұның сыртында ауданда 14 мың тонналық көкөніс сақтайтын қойма жасақталған. Оның ішінде 2 200 тоннасы өзімізде өндірілген жеміс-жидекті сақтауға бағытталған. «Керуен» деген агрофирма барлығы 150 гектар алқапқа, оның ішінде  75 гектарға жаңа технология бойынша алма өсірумен айналысып келеді.  Қалғаны – картоп, пияз, сәбіз сияқты бақшалық өнімдер. Қол жеткен табыстар баршылық. Алайда, ауданда ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру жылдан-жылға кеміп бара жатқанын да жоққа шығаруға болмайды.  Мысалы, соңғы бір-екі жылдың бедерінде аудандағы үш жылыжай өз жұмысын тоқтатқан. Ірі қара өсіру мен ет дайындауда да кері кету байқалады. Жылдың басынан бері мал бордақылау алаңдарында бір келі де ет өндірілмегені осыны аңғартпай ма?! Сүт өндіруде де осындай олқылықтарды байқауға болады. Бір жылдары аса салтанатпен ашылған «Медеу коммерц» тауарлы сүт фермасы да несиесін жаба алмауы себепті жұмысын тоқтатыпты. Шағын фермерлерді есепке алмағанда, мұнда бүгіндері сүт өндірумен айналысатын құрылымдар жоқтың қасы.

Алыс ауылдарды айтпағанда, Алматының іргесінде тұрып малшы-бақташы, механизатор, мұрап сияқты жұмысқа адам табу күннен-күнге қиындап барады. «Көктемгі егіс кезінде тракторға отыратын адамды Өзбекстаннан ұшақпен алғызуға мәжбүр болдым» деген еді бір агрофирма президенті. Жастар техникаға отырып, жер өңдеу жұмысынан барған сайын алшақтап барады. Бұлай бола берсе, болашақта жермен жұмыс жасайтын шаруасыз қаламыз ба деген қауіп те жоқ емес.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы
Алматы облысы