ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС СҮРІЛДІ

Уақыты: 14.07.2016
Оқылды: 1759
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауданда заңсыз салынған құрылыстарды анықтап, бұзу жұмысы жанданды. Халық жиі шоғырланған орындарда жабайы сауданы тоқтату ісі де белсенді жүруде. Соның нәтижесінде Ұзынағаш ауылындағы орталық базар төңірегінде ретсіз орналасқан 6 дүңгіршек алып тасталынды. Жуырда сәулет және құрылыс саласындағы уәкілетті органдардың ескертуінен кейін Қарғалы ауылында рұқсат етілмеген екі нысан сүрілді.

Осы ауылдағы Подгорная көшесі, 2/1 мекен­жайын­дағы 24 пәтерлі көпқабатты үйдің жанынан Жан­на Майданқызы есімді азаматша өзіне монша са­лып алған екен. Аудандық сәулет бөлімінің басшысы Айнұр Жұрынованың айтуынша, ешқандай рұқсат құжатсыз 12 шаршы метр моншаның үйге жапсарлас тұрғызылуы пәтер иелерінің де наразылығын туды­рып­ты. Себебі, жер телімі сол үйдің барлық тұрғын­дары үшін ортақ үлестегі меншік болып табылады. Үй қапталындағы бұл учаске тұрғындардың бау-бақша егуіне арналған. Солай бола тұра оны бір ғана адамның жекебасына пайдалануы, әрине, заңға қай­шы. Сондықтан, сәулет-құрылыс қадағалау ме­ке­ме­лері нысанды сүру туралы ұйғарым бергеннен кейін құрылыс иесі өзінің жөнсіз әрекетін түсініп, мон­шаны екі күннің ішінде өз еркімен бұзды.

Қарғалының орталық көшесіндегі бір кәсіпкердің әрекеті осыған ұқсас болғанымен оның рұқсатсыз салған моншасы бұдан әлдеқайда үлкен, заңды белден басуы да өрескел. Әсет Бейсеуов көшесінің бойында орналасқан «Бақыт» мейрамханасына тиесілі жер телімінің жанынан көлденеңі 9 метрлік су қорғау аймағы өтеді. Мемлекет меншігіндегі аталған учаске жеке тұлғаға берілмейді, соған сәйкес онда ешқандай жекеменшік құрылыс болмауға тиіс. Алайда, мейрамхана қожайыны мұны түсінгісі келмегенге ұқсайды. Шектес жатқан су қорғау аймағының дәл үстінен қоғамдық монша салып алғаны белгілі болды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Болат Әбдиев оның заңсыз әрекеті қандай салдарға әкеп соғатынын дер кезінде ұғындырғаннан кейін ғана кәсіпкер жалпы көлемі 9х25 метрлік нысанды өз еркімен бұзуға кірісті.

Құрылыс заңдылығының орындалу деңгейі бүгінде артып келеді. Қазір табыс табамын деп рұқсатсыз құрылыс жүргізетіндер пайда орнына өздері шығындалады. Бұрынғыдай әуелі салып аламын, сосын айыппұлын төлеп, заңдастырып аламын деуге келмейді. Заманмен бірге талап жаңаланып, тәртіп қатаңдап барады. Заңға қайшы келгендіктен төккен тер, құйған қаржы зая кететінін көп жұрт түсініп қалды. Дегенмен, білместіктен немесе білгісі келмегендіктен ара-тұра «қызыл жолақтан» өтіп кету, белгіленбеген жерге сауда нүктесін орналастыру сияқты жөнсіздіктер әлі де қылаң береді. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен еш босатпайды. Сондықтан, іс бастамас бұрын алдымен оның заңдылығын қамдап алмаса болмайды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы.