Кемшілікке кеңшілік болмайды

Уақыты: 14.07.2016
Оқылды: 1527
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласы күн сайын гүл­деніп, түрленіп келеді. Сәу­летіне сал­та­наты сай құрылыстар қаланың ажа­рын ашып, барымыз­дың бағасын арт­тыруда. Сондай-ақ, жыл сайын қы­руар қаржы бөлініп, қала ішіндегі жол­дар мен жылу, жарық желіле­рін жөн­деу­ден өткізу және инфрақұры­лым­ды ны­ғай­ту жұмысы да жүйелі жүр­­гізі­луде. Иә, миллиардтаған қар­жы­ның есе­­бімен ат­қарылып жат­қан жобалар­дың келе­шегі ке­мел. Сондық­тан бұл орай­дағы жұмыс бары­сы тиісті мекеме, басқар­ма­лардың жіті қа­даға­лауында. Дей тұрғанмен, баянды істің бағасын қа­шыратын кемшіліктер де жоқ емес. Облыс әкімі Амандық Баталов осы мәсе­лелерге орай облыс ор­­талы­ғын­дағы құрылыс жұмысы жү­ріп жатқан бір­неше нысанды аралап, ке­зіккен келең­сіздіктерге ескерту айт­ты.

Өңір басшысы ең алдымен Талдықорған әуежайына ат басын тіреді. Нысанның төбесін, тағанын, қабырғасын, сыртқы касбетін толығымен ауыстырып, 1-2-қабаттың ішкі безендірілуі мен құрылымын толықтай өзгерту «Нұр – Шапағат құрылыс» ЖШС-не жүктелген. Сонымен қатар, әуежайдың мүмкіндігін арттыру үшін негізгі ғимарат­тың жанынан жаңадан VIP зал бой көтеріп, ол жерге жиынжай, әуежай қызметкерлеріне арналған кабинеттер, қонақтарды күтіп алып, шығарып салатын арнайы орындарды салу жұмысы да соларға берілген. Жоспар бойынша құрылыс жұ­мысы мамыр айының ортасында басталып, келесі ай­дың соңында пайдалануға берілуі керек еді. Өкінішке қарай, нысанның қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Мердігер компания басшылары уәдесін орындайтын­дықтарына қанша сендіргісі келгенімен әлі де жұмыстың тең жарымы орындалмаған нысанның уақытында бітетініне ешкім кепілдік бере алмады. «Адам санын көбейтіп, жұмыс қарқынын тездетіп, құрылысты уақытында аяқтаймыз» деген түрлі сылтау айтуға әдеттеніп алған мекеме мамандары осыдан біраз бұрын облыс әкімі көрсеткен кемшілік­терді де түзетпеген. Сондай-ақ, VIP залдың айна­ла­сында көзге көріксіз, көңілге толымсыз көріністер же­терлік. Әсіресе арамшөп қаулап өскен аула, күтім­сіз тұрған ағаштар, жүргіншілер жүретін жолдың сұрықсыз келбеті өңір басшысының сынына ұшыра­ды. Облыстың бас сәулетшісі Дәркен Нұржанов түр­лі түсті сызбаны көрсетіп, ауланың алдағы уақытта адам танымастай өзгеретін дәлелдегісі келгенімен кемшіліктерді тәптіштеп көрсеткен облыс әкімі құ­рылысты қабылдап аларда осы кемшіліктердің жөнделуіне барынша назар аудару керектігін орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов пен облыс­тық басқарма басшыларына, сала мамандарына ескертті.

Ал бұдан кейін кемшілік қалаға кіреберісте са­лынып, құрылыс жұмысының дені аяқталған «Көк­тем» аллеясынан табылды. Ондағы жаяу жүр­гін­ші­лер жүретін жолдар талапқа сай жасалып, жасыл желек отырғызылған. Аллеяның дәл ортасындағы қыз бен жігіттің қола мүсіні көгілдір көкке қол созған жастық жігерді әйгілеп тұр. Десе де, бұл маңдағы абаттандыру жұмыстарының әлі де талапқа сай еместігі байқалады. Аллеядан шашылған топырақ ары-бері өткен жүргіншілерге қиындық тудыратын көрінеді. Ал аллеяның маңындағы аумақтың тазалы­ғы мен әдемілігіне де назар аударылмағаны анық. Өңір басшысы мердігер компания өкілдеріне осындай кемші­ліктерді көрсетіп, тез арада жөндеу керектігін тапсырды.

Облыс әкімдігі «Өңірлерді дамыту – 2020» және «Жаңа индустрияландыру» бағдарламасы аясында қаланың солтүстік-шығыс аумағынан 120 гектар жер бөліп, индустриалды аймақ құру жобасын қолға ал­ды. Бұл облыстағы 6 ірі жобаның бірі ретінде қарас­ты­рылып отыр. Алайда, бұл аймаққа инвестор­ларды қызықтыру үшін оның инфрақұрылымын жақсарту керек. Сол себепті облыстық әкімдік аталған аймақтың су, жарық, жылу желілері мен өзге де коммуникация­лық қызметтерін облыстық бюджет есебінен жасап беруді қолға алды. Бүгінде мақсатты жұмыстың дені орындалған. Алайда, индустриалды аймақтың жол құрылысына жауапты «Талдықорған жолда­ры» ЖШС-нің жұмысына өңір басшысы қанағат­танбады. Өйткені кезіндегі жоспар бойынша салына бастап, құрылысы тоқтап, қаңқасы қалған ғимарат­тарды бұзып, ойлы-шұңқыр жерлерді түзету жұмысы қолға алын­баған. Осыған орай облыс әкімі Амандық Баталов қала әкімі Бағдат Қарасаевқа аталған кемшіліктерді тез арада түзетуді тап­сырды және бұл орайдағы жұмыс­тарды қадағалап отыруды міндеттеді.

Қаратал өзені бойындағы аллеяны аралап шыққан Амандық Ғаббасұлы бірнеше жылғы тынымсыз жұмыс­тың бүгінгі нәтижесін көріп, ризашылығын білдірді. Айта кетерлігі, аумағы атшаптырым аллеяда бәрі бар. Оты­руға ыңғайлы орындық, жайқалып өскен жас желек, кө­лең­кесінде көлемді іс-шара атқарауға ыңғайлы шатыр, тақтай­дай төселген жол, балалар ойнайтын құрылғы­лар, спорттық шараға ыңғайлы дайындық алаңы көңіл қуантады. Оның әрбір тасында, жас желегінің өзегінде қаламыздағы «Шымыр» ЖШС жұмысшы­ларының қол табы сайрап тұр. Бір өкініштісі, бұл жерде бірде-бір дәретхана салынбапты. Бұл кемшілік алдағы уақытта жөнделеді деп сендірді мердігер компания өкілдері. Ал Қаратал шағын ауданында бой көтерген үш жүз төсектік көпсалалы аурухананың құрылыс жұмысы бітіп тұр. Медициналық мекеменің травматология, хирургия, нейрохирургия, офтальмо­логия, эндокринология, неврология және пульмано­логия мен терапия бөлімдері заманауи талапқа сай бой көтерді. Жалпы құны 8,3 млрд. теңгені құраған нысанның бас мердігері «Астана–құрылыс» ҰК» АҚ жұмысты сапалы әрі уақытында бітіріп берді. Өкінішке қарай, дәл бүгінде жұмыс істеп тұруға тиісті меди­циналық мекеменің құрал-жабдықтарының уақы­тын­да жеткізіліп, орналастырылмағаны және онда жұмыс істейтін қызметкерлерді іріктеп, қызмет міндетін жүк­теу жұмысының кешіктірілгені себепті нысанды ашу жұмысы кешіктіріліп келеді. Оның себебін тиісті сала басшыларының жауапсыздығынан деп қарас­тырған өңір басшысы орынбасары Бақтияр Өнербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқарма­сы­ның бас­шысы Асқан Байдувалиевке сөгіс берді.

Қазір қалада құрылыс жұмысы қызу жүріп жатыр. Жол жөнделіп, жарық пен жылу желілері тартылып, жылу қазандықтары жөндеуден өткізілуде. Бір қызығы, осындай жобаларды жауапкершілігіне алған мекемелер жұмыстың сапасын ғана ойлайды да, көркемдігін көп ескере бермейді. Жансүгіров көшесін жаяу аралаған өңір басшысы жол жиегіне ретсіз қойылған жиектастар мен жол бойында салынып жатқан заңсыз құрылыстарды қатаң сынға алды. Әсіресе, «Құс жолы» кешенінің қатарынан орын тепкен қосымша құрылыстың талапқа сай келмейтінін ескертіп, оның иесін тауып, түсіндіру жұмысын жүргізуді қала басшысына тапсырды. Тіпті, қаладағы арық жүйелерінің бүлініп, ағынды су болмағандықтан ауладағы жасыл желектердің қурап бара жат­қанын тілге тиек ете келіп, қала ішіндегі арық жүйелерін ретке келтіруді айрықша міндеттеді.

Қаланың әлеуметтік-эко­номикалық дамуы жеке инвестор­лар­дың да қызығушылығын тудыруда. Мәселен, қазіргі уақытта оңтүстік-батыс тұрғын ауданында жеке инвестордың есебінен 16 қабатты қонақүй құрылысы жүр­гізілуде. Жоба аяқта­лы­сымен 100-ге жуық талдықорғандық тұрақ­ты жұмыс орнымен қамтылады. Қа­ла­ның сәулетін ашатын ғимараттың маңайында жаңа аллея құрылып, дема­латын орын ойластырылмақ. Облыс әкімі соған орай безендіру-монтаждау жұмысы басталған аталмыш қонақүйге де бас сұқты. Жалпы, құрылыс жұмысы­ның үйлесімділігін назарға алған өңір басшысы ондағы кейбір кемшіліктерді де көрсетіп, нысанның алдын абаттандыруға қатысты қалалық мекемелерге ескерту жасады. Ең бастысы, қалаға кіреберісте орналасатын құрылыстың ішкі беріктігімен қатар сыртқы сәулетіне ерекше ден қоюды тапсырды.

Сәулет демекші, облыс әкімі Амандық Бата­лов­тың тікелей қолдауының арқа­сында Талдықор­ғанда жаңа драма театры, көрме залы, Салтанат сарайы, жабық бассейн, теміржол вокзалы сынды жо­балар қол­ға алынуда. Бұл жолы Амандық Ғаббасұлы құры­лыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан Көрме залы мен Салтанат сарайының қазіргі жағдайымен танысып шықты. Ондағы жұмысшылардың қарқыны мен ше­берлігіне ризашылығын білдірген облыс әкімі нысанды уақытында бітіріп, ел игілігіне беру керектігін тапсырды. Осыдан кейін облыс әкімі Алматы – Талдықорған күре жолының бойындағы коттеджді қалашықтың жағдайымен танысты. Осы жерде көпшіліктен түскен сұрақтарға жауап бере келіп:

– Біз қандай жұмыс бастасақ та, қала тұрғын­да­рының игілігі үшін қолға аламыз. Сондықтан, бұл әр кез назарда болады. Шаһар өзінің тазалығымен және жасыл желегімен ерекшеленеді. Сондықтан, құ­ры­лысы жүріп жатқан барлық ғимараттың айнала­сы абаттандырылып, көгалдандырылуы тиіс. Жаңа отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау ісін маман­дар­дың жүргізгені жөн. Құрылысқа сапалы бұйымдар пай­даланылып, оның ережелері мен нормалары қатаң сақталуы қажет. Талды­қор­ған­ның кіреберісінде бой көтеріп жатқан нысандар өзінің көркемдігімен көз тартып тұруы керек, – деді өңір басшысы.

Амандық Ғаббасұлы әр нысандағы жұмыстың са­пасына айрықша мән берді. Қателіктерді қатаң сынға алып, салаға жауапты орынбасарлары мен ме­кеме, басқарма басшыларына, құрылыс ком­па­ния­ларының өкілдеріне көрсетілген кемшілікті бел­гілі уақыт шегінде түзетуді тапсырды.

Қажет АНДАС