МЕМЛЕКЕТ ӨРІСІН КЕҢЕЙТУ

Уақыты: 10.01.2023
Оқылды: 1847
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргі қоғамның сұрағы көп. Ал көп сауалға жауап беру құзіретті құрылымдардың мойнында. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын тегіннен-тегін бекіткен жоқ. Мұндағы мақсат – билік пен халық арасындағы қарым-қатынас «тонның ішкі бауындай» астасып, сабақтасып жатуы тиіс. Қазіргі биліктің барлық сатысы осыған бағытталған.

Елімізде барлық деңгейдегі мәслихаттың құрылғанына биыл 28 жыл толды. Содан бері мемлекетіміздің дамуы жолында сан соқпақты артта қалдырды. Қазір мәслихаттардың мойнында ел дамуы жолындағы үлкен жауапкершілік жүгі бар. Тарқатып айтсақ, мемлекеттік мүдделерді ескеріп, мәселелерге бағытталған шешім қабылдайтын мәслихаттар оны жүзеге асыру шараларын белгілеп, жұмыс барысын бақылайды. Сондай-ақ, өңірлердің даму жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті бекітіп, қаржының нысаналы, тиімді орындалуын бақылайтын мәслихаттар жергілікті атқарушы органдардың қаржы секторына ықпал ете алады. Сонымен қатар, атқарушы орган жетекшілерінің есебін қарап, мәслихат шешімдерін орындамаған ұйымдардың, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныс бере алады. Аудан, қала, облыс әкімдерінің кандидатураларының біріне келісім береді. Айта кететін жайт, аудандық һәм қалалық мәслихаттарды айтпағанда, облыстық мәслихатта Парламент Сенатының депутаттарын сайлау әрі тиімсіздігін көрсеткен халық қалаулыларын кері қайтарып алу құзіреті де бар. Бұл – Әділетті Қазақстан даңғылына түскен еліміздің мәслихаттарға артқан сенімінің бір парасы ғана.

Мәслихаттың тағы бір құзыреті – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуына атсалысу. Себебі, ел Президентінің мүддесі – бұқараның мүддесімен астасып жатыр. Мұны айқын түсінген Мемлекет басшысы тең мүмкіндіктер елін әділетпен орнатуды көздейді. Ал барлық деңгейдегі мәслихаттардың мақсаты – әрбір ел тұрғынының жайлы өмірі үшін қарекет ету.

Елдің жайы мен бұқараның байыбына болысып жүрген азаматтардың басын қосқан құрылым – Жетісу облыстық мәслихаты қарқынды жұмыс нәтижесін көрсетіп отыр. Президенттің №887 Жарлығына сәйкес бұрынғы Алматы облысы екіге бөлініп, 8 маусымда Жетісу облыстық мәслихаты құрылды. Алты айдың ішінде облыстық мәслихаттың VІІ шақырылым депутаттары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянып қалған жоқ. Бүгінде мәслихатта осы шақырылымның 19 депутаты бар. Оның ішінде, 5 депутат азаматтық қоғам өкілі, 3-і кәсіпкерлік, 3-і білім, 3-і ауыл шаруашылығы саласынан болса, мәдениет, БАҚ, қаржы, квазимемлекеттік сектордан бір-бір депутаттан. VІІ шақырылым депутаттарының 15-і «AMANAT» партиясы сапынан, 3 депутат ҚХП, 1 депутат «Ауыл» партиясынан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты дәстүрлі Жолдауында адам құқықтарын қорғау мен гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жетілдіру қажеттігін атап өткен еді. Сол бағдарлық құжатта сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізу тапсырылған. Облыстық мәслихат осы тапсырманы нықтап орындап отыр. Бүгінде мәслихат сапындағы депутаттардың 7-і, яғни, 36,7 пайызы нәзікжандылар қатарынан.

Жетісу облыстық мәслихаты құрылған сәттен бері 13 сессия өткізіп, 43 шешім шығарды. Нәтижесінде өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуына сүбелі үлес қосатын мәселелер шешіліп, даму жоспары нақтыланды. Сонымен қатар, облыстың 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Өзге сессияларда осы бюджетке 3 мәрте өзгеріс енгізіліп, өңірдің 2022-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы жаңа редакцияда бекітілді. Облыстық мәслихат мінберлерінде бұдан бөлек, Қоғамдық кеңес құрамы, аумақтық сайлау комиссиясының, облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының және өзге де комиссиялардың құрамы бекітілді. Сондай-ақ, «Жетісу облысының (аудан, қала) Құрметті азаматы» атағын беру, өңірдегі қала және елді мекендерді көркейту-көгалдандыру ережесін қабылдау, облыстың шекарасын бекіту, келер жылға Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сай облыс, аудан-қала әкімдерінің халықпен кездесу кестесін бекіту сынды бірнеше маңызды шешім шығарды.

Жалпы, мәслихаттың ел дамуы жолындағы қызметі ұшан-теңіз. Оның бір парасы – тұрақты комиссияларының отырыстары мен ондағы қаралған және шешімін тапқан мәселелер. Айта кетсек, былтыр 8-ші маусымда өткен алғашқы сессияда Жетісу облыстық мәслихатының 4 тұрақты комиссиясы бекітілді. Бар-жоғы 6 айдың ішінде атаулы комиссиялар 14 отырыс өткізді. Жалпы, комиссия мүшелері әр саладағы олқылықтарды жою мақсатында оңтайлы бастамалар көтеріп, шешімді жолдарды көрсетеді. Мұның өзі мәслихаттардың Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларының мүлтіксіз орындауға мұрындық болып жүргенін тағы бір айқындай түссе керек. Шыны керек, осы уақытқа дейін өткен әлеуметтік комиссия отырыстарында мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне бейімдеу, кәмелетке толмағандардың ерте жүктілігі мен суицидтің алдын алу, өңір тұрғындары арасында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, өңірде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру, сынды өзге де маңызды мәселелерді қарады. Ауылшаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері бойынша комиссияда 7 мәселе қаралса, индустриялық-инновациялық даму, транспорттық-логистикалық инфрақұрылым, орта және шағын бизнесті қолдау, туризм, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс тұрақты комиссиясы 9 мәселені қамтыды. Сондай-ақ, өңір тыныс-тіршілігінде ауқымды мәселелердің шешілуіне атсалысып жүрген облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіліктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясы бар. Айтқандай-ақ, жуырда атаулы комиссия Талдықорған және Үштөбе қалаларындағы өзен арнасындағы тастарды рұқсатсыз қазу жұмыстары бойынша мәселені қарады. Шын мәнінде, заңсыз карьерлердің кесірінен өзен арнасының экологиялық ахуалы төмендеп кеткен әрі ағын судың арнасы да бұзыла бастаған. Осы ретте ауыр жүк көліктерін бақылау мақсатында әрі заңсыз әрекеттерге тоқтау салу үшін жылжымалы көлік бақылау бекетін ұйымдастыруға қаржы бөлу қарастырылды. Осы ретте арнайы құрылымдарға автоматтандырылған өлшеу құралдарын орнату және қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген көлік алу жоспарланып отыр. Бұл құралдар заңсыз арнадан тас тасығандарды және жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тиеуін анықтайды. Аталмыш бағытта жалпы 73 млн. теңге бөлуге ұсыныс берілді. Міне, осындай ауқымды мәселелерді шешу өңір әлеуметі үшін аса маңызға ие.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз», – деген еді. Айтқандай-ақ, халық сеніміне селкеу түсірмеу аса маңызға ие. Үкімет отырысында ел Президенті атқарылар негізгі міндеттерге тоқталған еді. Инвестициялық саясатты оңтайландыру, баға тұрақтылығын қалыптастыру, баға ауытқушылығын болдырмау үшін азық-түлік қоймаларының көлемі мен санын ұлғайту, инженерлік жүйелерді жаңғырту, жастарды мемлекеттік саясатқа ұйыстыру сынды біршама тапсырма жүктеді. Бұл тапсырмалардың жүйелі жүзеге асуына Жетісу облысының мәслихаты атсалысып, ел мен бұқараның сенімін ақтайтынына сенім мол. Себебі біздің құзірет – мемлекеттің өрісін кеңейту. Ал мемлекет өрісі әлеуметінің әлеуеті артқанда кеңімек.

 

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,
Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы