БАТЫР АРУАҒЫН ҚҰРМЕТТЕЙІК

Уақыты: 10.01.2023
Оқылды: 2446
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылдың шілде айында әлеуметтік желіде, анығын айтқанда, Фейсбук парақшасында Жайнақ батыр бабамыздың ескерткіші төңірегінде Қанат  Әбілқайыр деген азамат арнайы жазбасын жариялады. Үнсіз қалғанды батыр баба рухының алдындағы қиянаттай көріп, орын алған келеңсіз оқиғаға байланысты өзім білетін ақпаратпен бөлісуді жөн көрдім.

Алдымен өзімді таныстыра кетейін. Аты-жөнім Сейітнұр Сейітқазыұлы Нұрлыбаев. 1953 жылы Кербұлақ ауданы, Доланалы ауылында өмірге келгенмін, руым Қаңлы-Бадырақ. Мамандығым инженер-механик. 1975 жылдан осы уақытқа дейін, яғни 47 жыл бойы Жайнақ батыр ауылында (бұрынғы Голубиновка кеңшарында) инженер-электрик, МТМ меңгерушісі және осы шаруашылықтың партия комитетінің хатшысы кызметін атқардым. 1995 жылдан жеке шаруа кожалығының басшысы әрі Жайнақ батыр ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасымын. 
Жайнақ батыр бабамыздың ескерткішін орнату тарихына келсек, бұл ой 1989 жылы бастау алған. Доланалы ауылының солтүстік-шығыс маңында, шамамен 3-4 шақырым жерде орналасқан «Жайнақ белі» деген жота бар. Балалық шағымда әкем Батырбай Нұрлыбайұлы «осы жерде Жайнақ батыр жерленген» деп айтатын және ауыл ақсақалдары  да, жол-жөнекей осы жотадан өткенде, киелі жер деп дұға оқитын. 
1988 жылдары кеңшардың партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарып жүргенімде, Доланалы ауылының көнекөз қарияларының басын қосып, Жайнақ батырдың жерленген жеріне келіп, марқұмға дұға жасадық. Содан кейін қариялардан сұрай отырып, Жайнақ батырдың шыққан тегін, өмір тарихы туралы әңгімелестік. Сол басқосуда Омар Сарыбаев (руы қарақалпақ), Байжұма Әбдікәрімов (руы қарақалпақ), Мұса Төлеубеков (руы найман), әкем Сейітқазы Нұрлыбайұлы (руы қаңлы) және сол кездегі аудан имамы Зейнеш Қоянбаев (руы қаңлы) сынды ауыл қариялары болды. Жайнақ батырдың қай рудан шыққаны туралы жоғарыда айтылған қариялардың бәрі өздерінің білген-естіген, оқыған тарихи әңгімелерін айтып, сыр бөлісті. Жиын соңында Жайнақ бабамыздың, Ұлы жүз Албан руынан шыққанын бірауыздан мақұлдады. Осыған қосымша әкем Сейітқазы өзінің көзбен көргенін баяндап берді. Айта кетсек, аталарымыз қыстағы Майтөбеден (Сарыөзектегі) мал айдап, жылда Шөладыр жайлауына шығатын. Жол Жайнақ белін кесіп өтетін. Ол кезде әкемнің жасы шамамен 16-17-де екен. Яғни, оқиға 1927-1928 жылы болған сияқты. Іле өзенінің арғы жағалауынан Жайнақ батырдың ұрпақтары келіп, ту боз бие сойып, кесене көтеріп, үлкен ас беріпті. Әкем  өзінің сол аста болғаны жайлы әнгімелеп берген. Оған қоса жоғарыда аттары аталған қариялардың тұжырымдары бойынша, Жайнақ белінің оңтүстігінде, яғни өкпе тұсында Алтынемел тауы орналасқан. Ол тауда «Кыстықтың сайы» деген аңғар бар. Шежіреге үңілсек, Албан руынан тараған Айт және Қыстық ағайынды адамдар болған. Ауылымыздың төңірегінде жер атаулары, Үшбұлақ сайы Қаңлылар, Диқанбай сайында Қарақалпақ руы, Қыстықтың сайында Албан рулары отырған. Демек, осы жайлауларда Жалайыр руы емес, Албан руының мекендеген. 
Сонымен үлкен ақсақалдардан батасын алып, өзім бастап, ескерткіш орнатудың жоспарын құрып, аудан басшыларының келісімін алып, болашақта ашылатын кесененің негізін талдап, ол аудандық партия комитеті бюро мүшелерінің отырысында бекітілді. Содан 1991 жылы маусым айында болашақта тұрғызылатын кесененің басында, бүкіл аудан көлемінде семинар өтіп, кесененің қазығы қағылып, тұрғызуға керекті қаражат та бөлінген еді. Сол жылы тамыз айында, өздеріңізге белгілі, Кеңес одағы ыдырап, аудандықбасшылар ауысты. 1992 жылы ауданға жаңа басшы, ұлты орыс, В. Осипов тағайындалды. Ол кісі қазақтың ортасында туып-өскен, қазақ тілінде судай, еліміздің әдет-ғұрпын, мақал-мәтелдерін жақсы меңгерген. Көктем айында мен осы кісінің қабылдауында болып, ескерткіш туралы барлық мән-жайды баяндап, қажетті кұжаттарды көрсеттім. Осипов мырза мені тыңдап, бір сөзге келмей, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мақалды айтып, қайтадан аудан шешімін шығарып, тиісті мекемелерге тапсырма берді.
Күз айларында ескерткіштің негізгі жұмысы басталып, келесі жылы, яғни 1993 жылдың 16 маусымында салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ескерткіштің ашылуы сол кездегі Гвардия ауданының құрылғанына 60 жыл толған мерейтойына тура келді. Талдықорған облысының басшысы Серік Ахымбеков арнайы келіп қатысып, салтанатты түрде ескерткішті аштық. Артынан Жайнақ батырға арнап Құран бағышталып, ас берілді. Барлық ұйымдастыру жұмысы менің мойнымда болды. Асқа шамамен 300-дей адам келіп, дәм татты. Алланың құдіретін айтсақ, ас тарқап болысымен аяқасты күн күркіреп, нөсер жаңбыр жауып кетті. Батыр бабамыздың кесенесінің орнатуына сол кездегі Гвардия ауданының хатшысы     Серік Бейсеков, Омархан Көнекпаев, Қазыбек Жылкелдинов сынды ауданның тағы басқада азаматтары үлес қосты.
Кеңес дәуірі кезінде Жайнақ батыр ескерткішін ашудағы мақсатым – осы ескерткіш арқылы Күреңбел жеріндегі сол кездегі, сан жағынан басқа ұлттарға қарағанда аз жергілікті қазақ жастарының рухын көтеру, ұлттық патриотизмнің өсуіне, өткен тарихымызды білуіне ықпал ету еді. Қазақ елінің тәуелсіздігін арман етіп, басын бәйгеге тігіп, жан аямай күресіп өткен жалпы батыр аталарымызды таныту болатын. Жайнақ батыр кесенесінің тұрғызылғанына биыл 30 жылдай уақыт өтіпті. Осы аралықта Жайнақ батыр аруағын ешкім мазалап көрген емес. 2006 жылы Жайнақ атамыздың ұрпақтары келіп, ауылда үлкен тарихи, ғылыми конференция өткізіп, аталарының кесенесін қоршап, тақтайшасын қойып, ас берді. 
Кеңпейілді, қонақжай Жайнақ ауылының тұрғындары көп рудан тұрады, ауызбірлігі мол. Кезінде көпшілік қауым болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Жайнақ батыр кесенесін тұрғызуға, Голубиновка ауылының атауын Жайнақ батыр атына өзгертуге және ауылдағы салынған мешітке Жайнақ батыр атын беруге үлкен ауызбірлік көрсетіп, қолдау білдірген.
Ал енді Жайнақ батыр ұрпағына айтарым, ауыл тұрғындарының осы бір еселі еңбегін ескеріп, сыйластық танытып, ауылымыздағы қоршалмай тұрған мешітімізді қоршап, имандылық үйіне білімді имам ұсынып, қатымхана салып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. 
Қорыта келгенде айтпағым, Жайнақ батырдың руын Албан, оның ішінде Айт деп танып, рухын сыйлаған жергілікті халықтың сенімін өзгертіп, ешкімнен келіспей жатып, тарихи дәлелі жоқ белгісіз адамдар кесене басына Жалайырдың батыры деп екінші тақтайшаны орнатуы өте орынсыз. Ұлтжанды, білімді, рухы биік азаматтар мұндай іске бармақ емес! Бұл сонда айрандай ұйып отырған халқымызға істеген арандату, руарасына от тастап, халқымызды жік-жікке бөлу ме?! Құдай мұның бетін ары қылсын. Аруақты қорламайық, бауырлар.

Сейітнұр СЕЙІТҚАЗЫ,
Жайнақ батыр ауылдық ақсақалдар 
алқасының төрағасы
Кербұлақ ауданы