Сапалы өнімге сұраныс көп

Уақыты: 14.07.2016
Оқылды: 1660
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу өлкесі ауылша­руашылығын өркендетуге өте қолайлы. Әсіресе, сапалы ет өнімдерін дайындап, шетел асырып экс­порт­тауға мүмкіндік көп. Ол үшін еңбектің ебін таба білетін ерек­ше қабілет, күні-түні талмай қызмет ететін күш-жігер және төрт түлікті өсіруге деген ықылас болса жеткілікті. Егер осы қасиеттер әрбір жетісулық тұрғынның бойында то­ғысса, онда Алматы облысы 100 миллион адамды емін-еркін ет­пен қамтамасыз ете алады. Осы аптада облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ киелі Күреңбелге келіп, дала төсінде тер төгіп жүрген жұ­мысшылармен кездесті. Сапар барысында облыс басшысы агро­өнімдер өндіруді арттыру бойынша Елбасы берген тапсырмаларды ес­ке салып, жиын-терін, мал бордақылау, шабындық жұмыстары ке­зінде кездесетін кедергілердің түйінін шешті.

Қазіргі таңда әлемде артықшы­лығы көп автоматты техника бұйым­дарына емес, күнделікті азық-түлік пен сапалы ет өнімдеріне сұраныс артып келеді. Осы ретте әлем на­за­ры­ның Қазақстанға ауғаны жасы­рын емес. Себебі, біздің елде таза ауыл­шаруашылығы өнімдерін дайын­дауға барлық мүмкіншіліктер жаса­лып жа­тыр. Мемлекеттен де үлкен қол­дауға ие. Осы арқылы біз бола­шақта тау­сылатын мұнайға тәуел­ділік­тен ары­лып, азық-түлік бойынша тұрақты бренд қалыптастыруымыз тиіс. Сол игі істің алғашқы қадамдары аудан-ау­дандарда қолға алынып отыр.

Жуыр­­да Алматы – Өскемен күре жо­лының бойында «Шадиев» шаруа қожалығы жұмысын бастаған бола­тын. Ет өнімдерін экспорттауға ба­ғыт­­­талған қожалықта бүгінде 2100 бас бұқа бар. Асыл тұқымды малды кү­­тіп-баптау үшін 18 адам жұмысқа тар­тылған. Амандық Ғаббасұлы шаруа­шылықтағы бордақыланған ірі қара­ларды аралап көріп, мал азығы­ның жай-күйімен танысты.

– Қазір әлемде аграрлық салаға сұраныс артты. Біздің өнімдер ең таза әрі ең сапалы болып саналады. Сон­дық­тан да Елбасы ауылшаруа­шы­лығын дамытуға ерекше ден қойып отыр. Мәселен, Иран мемлекетін алайық. Олар бұрын Оңтүстік және Солтүстік Америкада бордақыланған мал өнім­дерін тасымалдайтын. Қазір мүлде олай емес. Ирандықтар Қа­зақ­станда өсірілген төрт түлікке қызығу­шы­лық та­нытып отыр. Ол елдегі тұр­ғындар са­ны 80 миллионды құрайды. Біздің елде ет экпорттауға барлық жағдай жа­сал­ған, – деді облыс әкімі.

Шаруа қожалығын Фазыл Шадиев бас­қарады. Ол Қазақ ауыл­ша­руашы­лы­ғы институтында алған кәсіби білімін өзі­нің мал бордақылау алаңында кәдеге асырып жатыр. Алдағы уақытта мал басын 5000-ға жеткізуді жоспар­лап отыр. Өйткені, ашылғанына аз уа­қыт өтсе де етке сұраныс еселеп ар­тып кет­кен. Бүгінде қожалық әйгілі «Бек­­кер» компаниясымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Шаруашылық бола­шақта ет өңдейтін құрылғылар орна­тып, сүт өнімдерін шығаруды да көз­дейді. Ша­руа қожалығы басшысы­ның орынба­сары Махмұт Шадиевтің ай­туынша, көр­­шілес Өзбекстанға ет экспорттау жуырда басталады. Шағын шаруашы­лық әлемдік биорганикалық әдістерді де кеңінен пайдаланады. Бүгіннің өзін­де жұмысшылар Кали­фор­нияның жауын­құртын әкеліп, тыңайт­қыш ре­тін­де қолданып көрмек. Нәти­жесінде 400 гектар жайылым жердің құнары артып, мал азығының сапасы жақсарады.

Облыс басшысы «Қызылшоқы» ЖШС-на бас сұқты. Серіктестіктің басшысы Ибен Машарбетов егін және мал шаруашылығын өркендету жолын­да шешімін таппаған түйткілді мәсе­лелерді атады. Жиырма жылдан бері ауылшаруашылығын өркендетіп келе жатқан ұжымға жер жетпей жатыр. Егер жер көлемін ұлғайтса, серіктестік тағы да қыруар істің бетін қайырмақ. Амандық Ғаббасұлы еліміздің аграр­лық секторына серпіліс берген мұндай ұжымға тек қолдау көрсету керектігін атап өтті. Со­нымен қатар, егін егіп, төрт түлік өр­гізген ұжым орылған бидайды диір­менге өткізер кезде көп кедергіге жолы­ғатындықтарын жайып салды. «Біз көктемде ғана осы серік­тестігіміз үшін мемлекетке 1 миллион 238 мың теңге салық төледік. Алайда еңбегі­мізді жан­дан­дырайық десек, қолбай­лау­ларға жо­лығамыз. Диірмен­нің өзі бидайды ұзақ уақыт ұстайды. Өзімізге тиесілі жер кө­лемі аздық ете­ді. Енді жерімізді ұл­ғай­тайық десек, жақын маңдағы участок­тар­дың бәрі бос емес», – дейді Ибен Машарбетов.

Облыс әкімі жайқалған бидай ал­қабын аралап көріп, механизатор­лар­мен тілдесті. Аталған шаруа қожа­лы­ғында 23 адам еңбек етеді. Дала тө­сін­де қысқы аязға да, жазғы ми қай­нат­қан ыстыққа да қарамай тер төгіп жүр­ген жұмысшыларға Амандық Ғаб­бас­ұлы алғыс айтты. «Жан-жағымызға қа­райықшы. Бабадан қалған киелі жеріміздің шетіне көз жетпейді, – деді облыс әкімі жұмысшылармен кезде­суде. – Осы жердің қадірін еңбекті серік еткен сіздер жақсы білесіздер. Ақ­төбеде болған оқиғаны ойлап көріңіз­­дерші. Ақылға сыя ма? Бізге ондай қантөгіс емес, адал еңбекті ту еткен осындай тыныштық керек».

Арқарлы шатқалының қой­науын­да Бейбіт Кенжебеков басқаратын шаруа қожалығы бар. Мұнда негізгі бағыт – мал шаруашылығы. Амандық Ба­талов шабындық қызу жүріп жат­қан алқапқа дөп түсіп, қысқы мал азы­ғының на­рық­тағы бағасын, өнім­ділігін сұрады. Облыс басшысы өз өмірінен жарқын мысалдар келтіріп, оқушы кезіндегі шабындық жұмыстарын еске түсірді. Амандық Ғаббасұлы жазғы демалы­сын жүк көліктеріне шөп тиеумен өт­кізген. Әкесі жастайынан баласына ауыр еңбектің дәмін татқы­зып, мектеп қа­бырғасынан іскер етіп өсіріпті. Сол кез­ді қайыра есіне алған облыс бас­шы­сы қолына айыр ұстап, салмағы 30 келілік бір бума шөпті басынан асыра алысқа лақтырды. Осылайша шабын­дықтағы жұмысшы­ларға жігер берген Амандық Ғаббас­ұлы төскейдегі қызу еңбекті жоғары ба­ғалап, Арқарлыдан Сарыөзек кен­тіне жол тартты.

Сарыөзекте «Ақ бұлақ» ет өңдеу комбинатының жанынан құрылған «Ақбасов Б. И» жеке кәсіпкерлігі жұ­мыс істейді. Компанияның шұ­жық­тар өндіріп жатқанына әлі бір жыл толған жоқ. Алайда ет комбинатының өнім­дері тез танымалдылыққа ие болып, сапалы шұжықтар республикаға тарап кетті. Мұнда небәрі сегіз сағатта 25-30 ірі қара немесе жылқы сойылады. Бір ауы­сымда 600 келіге дейін шұжық дайындайды. Сонымен қатар, ком­бинатта ішек-қарын тазарту, бас-сирақ үйіту цехтары бар. Айналдырған жар­ты жылдың ішінде комбинатта 700-ге жуық сиыр, 1300-ден астам ұсақ мал сойылып үлгерді. Облыс әкі­мі аталған жеке кәсіпкерліктің жұмысымен та­нысып, келешектегі мақсат­та­рын сұ­ра­ды. Облыстағы ет өңдейтін ірі ком­бинат болашақта мал борда­қы­лау алаңын ашып, жемшөп дайын­дай­тын орталық құрмақ­шы. Әрі мал сүйегін өңдейтін цехты ашуды ойлас­ты­рып қойған. Облыс басшысы ком­би­наттың жұмысына оң баға беріп, ке­лешектегі жобаларына сәттілік тіледі.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Кербұлақ ауданы.