Жоғалтқанымызды қашан түгендейміз?

Уақыты: 16.07.2016
Оқылды: 1644
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Байыптап тұрсақ, бүгініміз кешегіден тым бөлек. Түрленуді, тұтас эволюцияны тіршіліктің заңды құбылысы десек те, адами құндылықта, ұлттық болмыста өзгермеуі тиіс кодтық, жадтық дүниелер болатыны анық. Мәселен, салт-дәстүрді алыңыз, ол біздің тумысымызбен біте қайнасып, тамырласып жатқанын сеземіз. Ал одан айрылу – ататектен жалғасқан түптамырдан ажырау екенін біреу білсе, біреу білмес. Сол себепті де, осы ретте төл мәдениетіміздің мәйегі болған дәстүріміздің елеусіз қалған біреусін жаңғырта кеткенді жөн көрдік.

Жайшылықта өзгелердің бізді ең алдымен өте қонақжай халық деп танитынын білеміз. Бұл пейілдің кеңдігінен, ниеттің түзулігінен хабар беретіні де белгілі. Мұның да ала­бөтен себебі жоқ емес. Арысын айт­пағанның өзінде әз Тәукенің атақты Жеті жарғысында қонақты күтіп алудың тәртібі мен үйіне қонақ етуден бас тартқан жағдайдағы айып мөл­шері анық көрсетілді. Оған қоса бұл заңда үй иесінің пейілін ала алмаған жолаушының сол елдің би мен қазы­сына барып арыздануына болатыны да айтылған. Мұның бәрі бізді ұлт ретінде дарқандыққа, кеңдікке, кең­жү­ректілікке баулыды.

Дарқандық дегеннен шығады, қазақтың мәрттігі, жомарттығы – үйіне бейсауат та болса жолаушы түс­се, бір ақсарбасын сүйрей келіп бата сұрайды. Артынан жігі-жапар болып, ас-суын дайындайды. Осындағы біз айтқымыз келген бір дүние – мей­манға бас тарту тәртібі. Мұны біз ай­тарын-айтармыз-ау, бірақ қазақтың ақберен перзенті, атақты Бауыржан Момышұлынан асырып айта алмас­пыз, сірә. Осыны ойлап баба сөзіне бойладық. Бұл туралы батырдың келіні, бүгінде өзі де қазақы салт-дәстүрдің жоқшысы болып жүрген Зейнеп Ахметованың «Бабалар ама­наты» атты кітабында мынандай үзінді келтіріліпті. «Қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастарқан басына отырдық. Бай­қаймын, атаның (Бауыржан Момыш­ұлы – автор.) қабағы салыңқы. Бір кезде:

– Дастарқаның толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе, «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар байқады-бай­қамады дей алмаймын. Ал мен анық көр­дім... Біріншіден, есі дұрыс қазақ­тың әйелі қонаққа бас көтеріп кір­мейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйке жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен тазалық. Қой тісінің түбінде не жат­қанын қайдан білесің? Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған. Көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын. Қазақтар талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі осы қағылған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адам үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты әкеледі. Сонда бас ұстаған адам «ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау» деп ұға қоя­ды. Ары қарай реніштің түйінін ше­шіп, түсінуге бет түзейді. Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкел­генің. Талайлар мұның мәнін ұқ­пай­ды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек...».

Міне, бұл Баукеңнің сөзі. Осыны естігенде келіні Зейнеп апаның дымы ішіне түсіп, көзі қарауытып кеткенін айтады. Тіпті, өз естелігінде: «Бүріс­кенім соншалық, құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім», – деп ағынан жа­рылады. Енді ойлаңызшы, бүгінгі күні салтынан аз-кем адасып, сәл көз жазып қалғаны үшін өз ұятының отына мұнша өртеніп, осынша опық жейтін ибалы, инабатты келіннің қатары көп пе, сирек пе? Момышұлының сын-те­зіне салып кеп жіберсеңіз, әрине, аз. Жүздің бірі, бәлкім, мыңның бірі болар?..

Асылы, бас туралы бәтуәлі сөздің бас-аяғы бұл мақаламен бітпесе керек. Данагөй қазақтың «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген қисынына салып та көрдік. Аталған дәстүр төңі­регінде көп дерекке көмілдік сосын. Сөйттік те соның ішіндегі келесі бір сүйекті деген сөзді екшеп алдық. Мұны да сіздің бір қажетіңізге жарар деген ниетпен ортаға салғанды жөн деп таптық, оқырман.

Ертеде Сараман мен Қараман деген екі дос өмір сүріпті. Күндердің күнінде Сараман досына ренжіп қалады. Бірақ онысын тамырына айтпайды. Бір күні Қараман атқосшысын ертіп оған қо­нақ­қа келеді. Ішінде реніші сайрап тұр­са да Сараман досын құшақ жая қарсы алады. Іле-шала мал сойылып, қазан көтеріледі. Сөйтіп, етпісірім уақыт өтті дегенде қонақтар алдына бас та келеді. Осы арада атқосшысы алдарындағы бастың тістері қағылмағанын бай­қай­ды. Ал досы оны байқамайды. Соны­мен ет желініп, қымыз ішіліп, қонақтар ар­қа-жарқа болып үйіне қайтады. Сон­да жолай атқосшысы:

– Мырза, досыңыз бас тартқанда қой­дың тісін қақпай әкелді. Сізге бір ре­ніші бар екен, – дейді. Бай шошып ке­тіп:

– Қалайша? Реніші болса, бас тар­тып сыйламас еді, – деп жауап береді. Ат­қосшысы:

– Марқұм әкем айтушы еді. Қазақ біреуге ренжісе, бетінен алмаған. Өзгенің көңіліне қаяу, жүрегіне қылау салармын деп сақтық еткен. Назын тұспалмен, ыммен білдіреді. Мұ­сыл­мандықта біреудің көңілін қалдырған мың Қағбаны бұзғанмен бірдей. Сон­дықтан, дәуде болса досыңыз сізге ренішін білдірді. Қонақ есті болса, бұл сырды өзі-ақ түсінер деген, – дейді.

Осы арада бай аттың басын кері бұрып, ат-шапан айыбын атап, досы­нан кешірім сұрапты. Қандай көре­ген­дік деңізші?! Тіптен таңғалудан артық сөз таба алмайсың. Мұндай салттың сарқыншағы да қалмауға айналған бүгінгі қоғамды ойлап бір, ертеңгі ұрпақтың не күй кешетінін ойлап екі қынжыла түсесің... Осындайда өзіңнің салт-дәстүрі саяз, таяз ұрпақ өкіліне айналғаныңды біліп, шын мәнінде құнды бір қазынасын жоғалтқан жан­дай аласұруыңның өзі неден хабар береді деп ойлайсыз? Себебі, біз шын мәнінде жоғалғанымызды түгендеп жүрген ұлтпыз. Бәлки, біздің бұл әңгімемізді де сол жоқтаушы, жоқшы көңілдің бір талпынысы деп білерсіз...

Қозыбай ҚҰРМАН