Ақыл айтар адам аз

Уақыты: 16.07.2016
Оқылды: 1288
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

– Мама, мен көлікке отырдым. Сіздерді сағынып кеттім ғой. Тезірек жетсем екен үйге. Айтпақшы, дүкеннен не керек? Жол-жөнекей ала барайын, – деген қыздың қуанышты дауысы көліктің ішін алып кетті. Отырғанның назарын бірден өзіне аударды. Біраз жер жүргеннен кейін қыз бала жүргізушінің иығынан қағып, тоқтауын өтінді. Көзді ашып-жұмғанша үш бөлке нанды алып орнына жайғасты. Қасымда отырған алпысты алқымдаған апай шыдамай, сөз бастады: – Айналайын-ау, өзің ауылға бара жатырсың, неге мұнша нан алдың? Қаладан ауылдың түтінін жұту үшін, қазан жаппа, таба нанын жеу үшін бара жатырмын, – деп еді, қыз да пысық екен, бірден сөзді жалғады: – Ой, апатай, Сіз де айтады екенсіз? Қазір ешкім бұрынғыдай көк түтіннің арасында жүріп нан жаппайды. Қазір ХХІ ғасыр емес пе? Неше түрлі «чудо» пештер бар. Болмаса дүкеннің сөресінде нанның түр-түрі қаздай тізіліп тұр. Тек ақшаңыз болса болғаны. Мен ес білгелі бері дүкеннен нан сатып алып келеміз. Егер ауылдың нанын жегіңіз келсе, өзіңіз пісіріп алыңыз, – деп дүңк етті. Мынандай жауап естимін деп ойламаған қарт кісі ары қарай сөзін шығындағысы да келмеді. Бірден көзін сыртқа жүгіртті. Қаршадай қыздың сөзі сай сүйегімізді сырқыратып жібергендей болды. Арада үнсіздік орын алды. Тек дүрілдеген көк «жигулидің» дауысы ештеңеден сескенер емес. Өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Біраз жер жүрген соң алдыңғы орындықтағы жүргінші: – Қазір бәрін жаңа ғасырға әкеп тірей беретін болып алдық қой тегі, – деп тыныштықты бұзғысы келді. – Өткенде ұлым шаңырақ құратын қызын үйге алып келіп, таныстырды. Қаладағы емханада қызметте екен. Содан сөзден сөз шығып, бәрінің басын бірден ашып алайық деген оймен отағасым кенже баланың қолында тұратындығымызды жеткізді. Өйткені қазіргілер тұрмыс құрмай жатып, болашақ ата-енесімен бір шаңырақ астында тұрудан, бір дастарқан басында ас ішуден бас тартатын болып алды. Естіп таң қалдым. Жас күнімізде өзіміз ененің мықты мектебінен өттік қой. Білгенімізден білмейтініміз көп болатын. Енеміз бізді ұршықтай иіріп, қатқан келін етті. Сол кісілердің арқасында көп балалы ана атанып, кеудемізге жарқылдаған медаль ілдік. Елден кем болмадық, – дей беріп еді, ақ сүттің дәмі әлі аузынан кете қоймаған қыз тағы да саңқ етті.

– Сіздердің замандарыңыз басқа. Ол уақыт өтті. Кетті. Бұл біздің заман. Не істегіміз келсе соны істеуімізге толықтай құқығымыз бар. Бұл жаңа ғасыр ғой, жаңа ғасыр, – деді де ұялы байланысына жалғанған құлаққабын құлағына тығындап алды. Үлкенге деген ізеті жоқ мына қыздың сонша қоқаңдағанына ашуланған жүргізуші ауылға кіре бергенде көлікті тоқтатып, киімге томпайып алған қос сөмкені жүк салмадан шығарып, жерге тарс етіп қойды да: «Үндемеген сайын, бәріміздің аяғымызды бір етікке тығып келдің ғой сен қыз. Сенде ұят деген бар ма өзі? Анаңнан да үлкен кісілермен сонша салғыласқаның не? Білдей университетте оқып жатқаныңа болайын сенің. Енді үйіңе жаяу бар», – деп есікті тарс жапты. Ашуға булыққан жүргізуші көліктің жылдамдығын арттырды. Ешқайсымызда үн жоқ. Бір-бірімізге қарап, «әй, бәрекелді» дегендей ишара білдірдік. Діттеген жерге де келдік. Аялдаманың қасында маңдайшасында «Бірлік» деп жарқырап тұрған дүкенге кірдік. Кезек күткен үлкендер бірімен-бірі салғыласып, тіпті, алды ұрыспен ушығып кетіпті. Ақыл айтатын жасқа келгендердің сыйқына қарап, жастарын кіналағанымызға қысылдық. Сол сәтте дүкен атауын өзгертсе ғой деген ой да қылаң етіп, жоқ болды.

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА