Жұдырықтай жұмылған

Уақыты: 16.07.2016
Оқылды: 1502
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» деген сөз бар. Сол айтқандай, жайшылықта адамдардың денсаулығын жақсарту жолында тыным таппай еңбек етіп жүрген ақжелеңді жандар жайлы ойлана бермейтініміз жасырын емес. Алайда, ерте ме, кеш пе, дәрігердің алдына бір баратынымыз да ақиқат. Ағзамызға шипа қонып, дертімізден айығып шыққан кезде олар атқаратын қызметтің маңыздылығына мән беріп, ризашылығымызды білдіріп жатамыз.

Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылындағы аудандық аурухананың ұйым­шыл ұжымы жайлы жақсы сөздерді бұ­рын­нан естіп жүруші едік. Сондықтан «Мың рет естігенше, бір рет көрген ар­тық» деген тәмсілге сүйене отырып, Ал­ма­тының іргесіндегі ауылға арнайы ат ба­сын бұрдық. Екі қабатты еңселі ғимарат алыс­тан көзге шалынып, айналасындағы жа­сыл желегімен, тап-тұйнақтай таза­лығымен жаныңа шуақ құятындай. Ал­ды­мыздан жолыққан медициналық ме­ке­ме­нің қызметкерлері жылышырай танытып, бас­шыларының бөлмесіне барар бағытты сілтеп жіберген. Бас дәрігердің жұмыс бөлмесі кең болғанымен артық-ауыс дүниені байқай қоймадық. Бұл да болса оның қарапайымдығы мен қанағат­шыл­ды­ғын аңғартатын шығар деп ой түйдік. Ашық-жарқын мінезімен бірден баурап алып, өзі басқаратын медициналық ме­ке­менің жай-күйін асықпай баяндай бас­тады.

Жалпы Қарғалының ежелден іргелі елді мекен болғаны көпшілікке мәлім. Кеңес одағы кезінде мұнда бірегей шұға комбинаты орналасып, әскери шинельдер, түр­лі жамылғылардан бастап киім-ке­шек­тің неше түрі шығарылған көрінеді. Өн­ді­ріс ұлғая келе Ұзынағаш, Қаскелең, Үш­қоңыр тәрізді ауылдардың біраз тұрғыны осында еңбек еткен. Сол жылдары қала типтес поселке атанып, халықтың саны да артқаны белгілі.

Емдеу мекемесінің тарихы да таңдай қақтырмай қоймайды. Бірде балабақша, бірде милиция бөлімінің ғимаратында орналаса жүріп ақжелеңді абзал жандар халыққа сапалы медициналық қызмет көрсете білген. Аурухана бас дәрі­гер­ле­рінің бірі – Салиха Меңдібаева қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаевтың анасы болғаны өз алдына бөлек әңгіме. Ал 1960 жылы бүгінгі еңселі ғимараттың іргетасын қалап, жұмысын жолға қойған бас дәрігер Ысқақ Әлібеков Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Ол мұндай құр­метке ие болған ауылдық деңгейдегі алғашқы дәрігер десе де болады.

Алматы мемлекеттік медицина инс­ти­тутының стоматология факультетін жақ-бет сүйегі хирургі мамандығы бойынша тамамдап, Қарғалы ауылына жолдамамен келген Сертай Сағиев өз өмірін осы ауылмен бүтіндей байланыстыратынын ойламаған да болар. Алдыңғы буын аға­ла­ры­нан үйрене жүріп, өзінің білімді маман, бі­лікті ұйымдастырушы екенін көрсете білген жас жігітті ауданның бас дәрігері Қадыр Омаров аудандық тіс емханасының бас дәрігері қызметіне тағайындайды. Бұл лауазымды өз дәрежесінде атқарып, ел алғысына бөленген Сертай Сейфул­ла­ұлының еңбек жолын бастаған Қарғалы ауылдық ауруханасына қайта оралғанына да біраз жылдың жүзі болды. Сонау қиын-қыстау жылдары бөлінетін қаражаттың болымсыздығынан тозып кеткен аурухана ғимаратын, оның төңірегін қалпына кел­тіру де оңай болған жоқ. Алайда, өзіне тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарап, ынта-шынтасымен атқаруды әдетке айналдырған бас дәрігер аз жылдың ішінде көп істерді тындырып үлгерді. Ғимараттың іші-сыртына күрделі жөндеу жүргізіліп, емделушілерге жақсы жағдай туғызылған. Емханаға қажетті медициналық қондыр­ғы­лардың қатары да жыл өткен сайын то­лығып келеді. Сандық рентген аппараты, «жедел жәрдем» көліктері жаңартылып, шұ­ғыл көмекті қажет ететін жандарға қызмет көрсете бастаған. Емдеу мекемесін қар­жы­ландыру мәселесін жеңілдетіп, дәрігерлік қызмет сапасын жақсарту мақсатында Қарғалы ауруханасына «ау­дан­­дық» дәреже алудың да оңайға түс­пе­ге­ні белгілі.

Әрине, ғимараттың ішін алтынмен ап­тап, күміспен күптеп қойсаң да ма­ман­дардың жоғары біліктілігі мен өз жұ­мы­сына деген жауапкершілігінсіз жақсы нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Осы орайда Сертай Сейфуллаұлы ме­дицина қызметкерлерінің жеке жауап­кер­шілігін арттыруды үнемі назарда ұстап келеді. Бүгіндері ауруханада 285 қыз­мет­кер еңбек ететін болса, олардың 50-і жоғары білімді дәрігерлер. Мұнда ота жасау, перзентхана, жансақтау, терапия, жұқпалы ауруларды емдеу қатарлы сегіз бөлімше тұрақты түрде жұмыс жасауда. Жыл сайын Сертай Сейфуллаұлының өзі медицина институттарына барып, оқу бі­тіргелі отырған жастарды жұмысқа ша­қыруды дәстүрге айналдырған. Ал жо­ға­ры санатты 16 дәрігер оларға тәлімгерлік көрсетіп, мамандықты тезірек мең­ге­ру­леріне, ұжымға кірігіп кетулеріне кө­мек­теседі.

Ұжым демекші, Қарғалы ауру­ха­насында директордың тікелей бастамасы бойынша жұмыстан тыс уақытта да көпшілік шаралар ұйымдастырылып тұ­ра­ды. Әр сенбі сайын қызметкерлер ақ- желеңдерін спорттық киімге алмастырып, түрлі жарыстар өткізуді дәстүрге айнал­дырған. Осындай шара барысында әріп­тес­тер арасында жақсы қарым-қатынас орнап, бір-біріне көмекке келу, достық пен туыстық сезімдердің қалыптасатыны белгілі.

– Адамдарға саламатты өмір жайлы насихат айту үшін дәрігерлердің өз­де­рінің денсаулықтары жақсы болуы керек. Ол үшін спортпен айналысқан абзал, – дейді Сертай Сағиев бұл жайлы сұра­ғанымызда.

Аудан мен облыс қана емес, рес­пуб­ликалық дәрежедегі түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып, әріптестері арасында оза шауып жүрген жарастығы келіскен ұжымның құпиясы да осы ауызбіршілік екен ғой деген оймен ауруханадан ат­тан­дық.

Қуат Қайранбаев

Жамбыл ауданы.