ОТАНДЫҚ АЛҒАШҚЫ РЕЛЬС ТӨСЕЛДІ

Уақыты: 09.04.2016
Оқылды: 1694
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы мен Жамбыл об­лыстары шектесетін Қы­зыл­таң разъезінде ел өмі­рін­дегі маңызы зор оқиға бол­ды. «Алматы-1 – Шу» учаскесінің екінші темір­жолы құрылысы» нысанының дәл осы нүктесінде «Ақтөбе рельс арқауы зауыты» ЖШС-дан шық­қан тұңғыш отандық өнім – алғашқы рельс тө­сел­ді. Оған «Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­па­ниясы» АҚ президенті Асқар Мамин мен облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, темір­жол­шы­ларды құттықтап, жұмысшылардың ісіне сәттілік ті­леді.

Бұл жоба «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Үдемелі-индустриялық-инновациялық даму» мем­лекеттік бағдарламасының табысы. «Қазақстан темір­жолы» ҰК» акционерлік қо­ғамының президенті Асқар Мәмин зауыт өнімінің Қа­зақ­стан экономикасы үшін ст­ра­тегиялық маңызды рөл ат­қа­ратынын және отандық өнді­ріске бағытталған кәсіп­орын­ның экспорттық әлеуеті зор екендігін атап өтті. «Ендігі жерде қажетті рельстер отан­дық өнім өндірушілерден алынатын болады», – деді ол. Арқаулы рельстер алдын ала дайындалған жерге алып кран­мен қойылғаннан кейін облыс басшысы мен аталған Ұлттық компания жетекшісі су жаңа шойынжол бөлік­терінің бір-бірімен түйісер тұстарының алғашқы бұран­дасын өз қолдарымен бекітті.

«Алматы-1 – Шу» теміржол телімінде 110 шақырымдық магистральдік желі және 10 шақырымдай стационарлық жол салынады. Қазірдің өзінде белгі беру және байланыс, электр желілері, 16 көпір мен 80 суөткел құбырының құры­лысы жүргізіліп жатыр. Жоба­ның бірінші кезегін биылғы жылы пайдалануға беру жос­парлануда. Аталған жоба жүзе­ге асқанда 1500 жұмыс орны ашылады. Бұл жобаның біздің аймақ үшін әлеуметтік-эконо­микалық маңызы зор.

Ақтөбедегі рельс зауыты­ның директоры Андрей Кузь­мин тілшілерге берген сұх­ба­тында бұл зауыттың Ел­ба­сы­ның тапсырмасы бойынша са­лынғанын және ТМД елде­рін­де теңдесі жоқ өндіріс орны екенін жеткізді. Оның айтуын­ша, бұған дейін елдегі шойын­жол құрылысына шетелдік өнім пайдаланылып келсе, жо­балық қуаттылығы бойынша жылына 200 мың тонна рельс шығаратын Қазақстандағы тұң­ғыш зауыттың арқасында магистральдік теміржол же­лілерін жаңғырту, жаңа желі­лер салуда отандық өнім қол­данылатын болады.

Халықаралық талаптарға сәйкес сапасы жоғары, жарам­дылық мерзімі ұзақ отандық өнімді кеңінен қолдану жо­лаушы тасымалында жылдам жүретін жаңа бағыттар ашуға мүмкіндік береді. Алматы мен Шудың арасында төселетін жаңа теміржол желісі іске қо­сылған кезде учаскенің өткізу қабілеті екі есеге артады. Жүк пойыздарының жылдамдығы артып, бағдардағы жүру мер­зімі қысқарып, қуат ресурсы үнемделмек. Яғни, қарсы ба­ғыт­тағы составты өткізіп жі­беру үшін разъезде кідіру деген бол­майды. Эконо­ми­ка­ның кү­ре­тамыры саналатын те­мір­жол саласындағы жар­қын жоба Қазақстанның тран­зит­­тік әлеуетінің өсуіне оң ықпал етеді.

Серік Сатыбалдиев

Жамбыл ауданы.