Сібір жарасы: алаңдауға негіз жоқ

Уақыты: 16.07.2016
Оқылды: 1352
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескем­пі­ров­тің бас­шы­лы­ғымен мал шаруашылығы саласының ма­­­мандары қатысқан ау­қымды шара өтті. Онда өңір­­­дің эпизоотиялық жағдайы мен жануар­ларда кез­­­десетін ауру түрлерінің алдын алу мәселелері сөз болды.

Шара аясында облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Бекежанов, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Серік Қабдолданов және облыстық аумақтық малдәрігерлік зертхананың директоры Манатбек Итенов баяндама оқып, атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар ветеринариялық екпелерді сақтауға берілген тоңазытқыштардың дұрыс пайдаланылмауы, температуралық режимнің сақталмауы, эизоотиялық ошақтарды қоршау ісіндегі олқылықтарды атап көрсетті.

Ауру ошақтарын қоршау мақсатында облыстық бюджеттен қомақты қаржы жеткілікті бөлінгенімен сол қаржының тиімді пайдаланылуы жағынан да бірқатар кемшіліктер бар. Кейбір аудандардағы ауру ошақтарының тиісті құжаттары толық емес. Ал жүргізілген қоршау жұмыстарының сапасы белгіленген талаптарға жауап бермейтін нысандар да бар екен. Қоршау жұмысын сапалы жүргізген Еңбекшіқазақ пен Қаратал аудандары басқа өңірлерге үлгі боларлық. Бұл істі аяқсыз қалдырмайтынын білдірген әкім орынбасары қателікке жол берген мекеме басшыларына немесе қатысты мамандарға тиісті шара көрсетілетінін жеткізді.

Шара аясында облыстық аумақтық малдәрігерлік зертхананың мамандары көп ретте мал дәрігерлерінің зертханаға сынамаларды талапқа сай әкелмейтінін, термочемоданмен емес, қағаз қораппен жеткізілетіндіктен температуралық талаптары сақталмайтынын, мал тізімі дерек қорға сәйкес келмейтінін, құлақ жапсырма нөмерінің бірнеше рет қайталануы, тағы да басқа кемшіліктерді тізіп берді. Сондай-ақ, аталмыш аурудан сақтанудың жолдарын да көрсетті. Әдетте, Сібір жарасының таяқшасы 150 жылға дейін өмір сүреді. Онымен сиыр, қой, жылқы, шошқа, түйе, есек сияқты жануарлардың бәрі ауырады. Оның алдын алудың басты бағыты – ауылшаруашылық жануарларын иммунизациялау. Сондықтан үйіңізде жеке малыңыз болса, түйнемеге қарсы ектіргеніңіз жөн. Егер жануарлардан ауру белгісін байқасаңыз, дереу үйге мал­дәрігерін шақырыңыз. Мал дәрігері қарап, ауру жоқ деген анықтама бергеннен кейін ғана малды сойған жөн. Базарлардан тек дәрігердің қарауынан өтіп, тексерілген етті ғана алу керектігін тілге тиек етті.

Осындай келелі мәселе көтерілген кездесу алдағы уақытта да жалғаспақ.

Қажет АНДАС