Кәсіпорын келешегінің қамы

Уақыты: 16.07.2016
Оқылды: 1307
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кезінде бес мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып, одақ көлемінде аты аңызға айналған Текелі қорғасын-мырыш комбинатының тығы­рықтан шығып, қайтадан бойын тіктейтініне теке­ліліктердің де сенімі азая бастағаны құпия емес еді. Алайда, еліміз­ге белгілі кәсіпкер техни­ка ғылымының докторы Әбдіраман Еділбаев құрылтайшы болып, кәсіпорынның жұмысын қалпына келтіруді қолға алғалы «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» ЖШС-де айтарлықтай істер тындырылып, жақ­сы жобаларды жүзеге асыру жолында тың талпыныстар айқын аңғарылуда. Бұған тарауға тақау қалған кешеннің бүгінгі таңда аяғынан тұрып, еңсесін тіктей бастағаны айқын дәлел болса керек.

Атап айтсақ, біріншіден, мұн­да байыту фабрикасын қалпына кел­тіру барысында оның жаб­дықтары толық жаңартылып, 600 мың доллардан астам қаржыға жаңа жабдықтар орнатылды. Со­ның арқасында фабриканың өнім шығару көлемі екі есеге ұлғайып, енді жылына 720 мың тонна кен өңдеу мүмкіндігіне ие болды. Кешен бүгінгі таңда Қа­ра­ған­ды облысындағы Бапы кен орнынан тасымалданған құрамында темір араласқан концентратты өңдеп, іргелес Қытайға сатумен айна­лы­суда. Дегенмен, өнімді шикізат түрінде өткізуден гөрі, темірге немесе шойынға айналдырып сат­са анағұрлым пайдалы бола­ты­нын ескерген кешен басшылары осы бағытта тиімді жобалар ой­лас­тыра бастады. Осы мақсатта мұн­да Текелі кенді қайта өңдеу кешенінің негізінде «Текелі метал­лур­гия зауыты» жобасын жүзеге асыру қызу қолға алынып жатыр. Жалпы инвестиция сомасы 38 млн. доллар болатын бұл жобаны «Кэй Эс Пи Стиль» Павлодар құбыр зауыты қаржыландыруда. Жобаның түпкі мақсаты – жылына 400000 тонна шойын өндіруге қабілетті өндіріс комбинатын құру.

– Қазір бір домна пешінің құ­рылысы аяқталып қалды. Екін­ші­сінің іргетасы көтерілді. Кешен­нің негізінде шойын шығару зауы­тын іске қосу қаламызға да, өңірі­міз­ге де өте тиімді. Өнімнің рента­бель­ділігі жоғары болады, қосым­ша 400-ге тарта жұмыс орнын аша­­мыз. Тағы бір артықшылығы, бү­­гінгі өндіріп отырған концен­трат­­қа қарағанда, өткізілім құны төрт есе артық болады деп кү­тілуде. Осы басымдықтардың бә­рі бұл жобаның тек қаржы жа­ғы­нан ғана емес, сондай-ақ, әлеу­мет­тік тұр­ғыдан да тиімділігін көр­сетіп отыр. Ал енді зауыттың тәулік бойына тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ши­кі­за­тымыз ұзақ жылдарға жетеді. Өйт­кені, қазіргі байыту фа­бри­ка­сы­ның өңдеп жатқан Бапы кен орынның темірқұрамды кенінің қоры мол. Тек қана оны кеңейту жұ­мыс­та­рын атқаруымыз керек. Бұл тиім­ділігі жоғары жобамыз рес­пуб­ли­калық деңгейде талқы­ланып, мақұлданды. Қазірге дейін жоба­ның 7113 млн. теңгесі игеріліп, жобалау және жалпы құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал жаб­дықтарды монтаждау жұмыс­тары 90% орындалды. Қазір инженерлік жүйелер мен іске қосу, реттеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Жыл аяғына дейін бірінші кезекте байыту фабри­касы, №1 домна пеші мен агло­ме­рациялық цех іске қо­сы­лады. Ал, жобалық қуаты дең­гейіне жеткенде 400000 тонна шойын өндіріле бастауы тиіс. Сонда кәсіпорынның тоқтаусыз әрі сенімді жұмыс істеуіне мол мүм­­кіндік туады және теке­лі­лік­тердің арасынан қосымша бес жүзден астам адамды жұмыспен қам­титын боламыз, – деп егжей-тегжейлі әңгімелеп берді кешен­дегі қарбалас қимылдың бел ортасында жүріп, барлық жақсы бастаманың басы-қасынан та­бы­лып жүрген кешен директоры Бақыт Шалбаев.

Әзірше 500 адамды жұмыс­пен қамтыған кешеннің бүгінгі қолға алып жатқан жобалары жү­зеге асса, жұмысшылар қата­ры 1000-нан асады екен. Жалпы кәсіпорында өз жұмысшыларына ұдайы қамқорлық көрсетіліп оты­рады. Әкімшілік кәсіподақ ко­митетімен бірлесіп, тілек біл­діру­шілерді әрбір сенбі, жексенбі сайын әрлі-берлі жолын кәсіп­орын есебінен өтеп, Балқаш кө­лінің жағасында жасақталған демалыс аймағына жіберіп оты­рады. Бұрын жабылып қалған ас­хана күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген. Кешенде өнегелі істерімен өндірісті өрге сүйреуге өз үлестерін қосып жүр­ген озаттар қатары көптеп са­налады. Солардың қатарында жабдықтар жөндеу жөніндегі шеберлер Ерлан Сүлейменов пен Саян Смағұлов, энергетик Васи­лий Цапенко, электрмен және газбен дәнекерлеушілер Михаил Бридихин, Асхат Сәлімжанов, Еркебұлан Оспанов, жөндеуші-слесарьлар Ерсайын Қалиев, Виктор Авраменко, Святослав Сухорученко, бетондаушылар Нығмет Заманбеков, Александр Лампель, бетон араластырғыш қондырғының машинисі Кенже­бек Баймұхамбетов, оператор Евгения Просолова, зертханашы Марина Рябова, тепловоз маши­нисі Михаил Куринный, жүргізуші Қа­йрат Жұртбаев және басқа­ла­ры бар.

Шора БАТЫРБАЕВ.