Әміре Әрін: "Қажеттілік туып жатса Отан үшін отқа түсуге дайын болуға тиіспіз!"

Уақыты: 04.06.2023
Оқылды: 713
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көк түріктер заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың төңірегіне топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті.   Қазақ елінің көгінде Ұлы даланың айбынын асырған Тәуелсіздік туы желбіреді. Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні», – деп атап өткен еді.

Кемінде үш мың жылдық мемлекеттік тарихымыз тайға таңба басқандай жарқырап тұр. Қытай жазбаларында көрсетілген біздің эрамызға дейінгі екінші мыңжылдық ортасындағы моғолдар (түркілер) мемлекетінің барлық рәміздері (Н.Бичурин) белгілі болған! Демек, мемлекеттің тілі, діні, ұлттың рулық, тайпалық құрамы, мекендеп отырған жерінің атауы, топономикалық атаулары, таңбасы, билеушінің мөрі, бабалар есіміндегі ұраны, туы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мемлекет билеушілерінің шыққан тегі, т.б. айшықталған! Сол асыл арна түркі қағанаттары, Шыңғыс қаған және оның ұрпақтары құрған қауқарлы мемлекеттер негізінде бүгінгі күнге жеткен.

Шыңғыс қаған қағанатының мемлекеттік тілі – түркі тілі, яки бүгінгі қазақ тілі болған. Оған мөрлері мен тастарға ойып жазған жазулары айғақ! Американдық Жак Уэтерфордтың «Қазіргі әлемнің негізін салушы ұлы император Шыңғыс хан» атты туындысында  жылқының жал-құйрығынан жасалған Шыңғыс ханның шашақты байрағы туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Ұлы қаған ақ түсті айғырдың жал-құйрығынан жасалған байрақты бейбіт шақта, қара түстіні жаумен шайқасқанда желбіреткен! «Абылайдың ақ туы» деген қанатты сөздің төркіні де осында! Ал, ақ түс болса, халық түсінігінде ақиқат пен адалдықтың белгісі. 

Қазіргідей жаһандану үрдісінің көлеңкелі тұстары көбейген тұста Мемлекеттік рәміздер туралы жалпы сәулелі ұғымдарды кеңінен насихаттай білу арқылы жастар арасында қасиетті жерімізді қастерлеп, Отанымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызды әспеттеуге баулу шарт. Мынандай байтақ даланы кенен ақыл, ерен күшпен сақтап қалған бабаларымыздың аңсарлы арман, үкілеген үміттерінің белгісі – бұл рәміздер! Бабалар аманаты – баршамызға парыз! Ендеше, елдігімізді ұлықтай білген даңқты қағандарымыз бен билеріміздің, батырларымыздың ғұмырбаяндарын барынша  паш ету – өскелең ұрпақ бойында мақтаныш сезімін ұялатарын ұмытпалық! 

Халықтың мемлекеттік  нышандарды  көздің қарашығындай сақтауы деген сөз – бүкіл ұлт болып ел тағдырына жауап беру деген ұғым! Біріге ұйысып, бірлесе қимылдасақ қана қамал бұзамыз, қалаған жерімізден табылымыз. Демек, қажеттілік туып жатса  әрқайсымыз Отан үшін отқа түсуге дайын болуға тиіспіз! Өйтпейінше, ежелгі асқақ рухымыз қайта оралып, елдің еркіндікті сезінуі мұқала  береді. 
Туымыз тұғырлы қалпынан айнымай, Әнұранымыз әуелеп, Елтаңбамыз еңсемізді көтере бергей!

Әміре ӘРІН, 
Қазақстан Журналистика академиясының академигі