АЛДАҒЫ ІС АУҚЫМДЫ

Уақыты: 16.07.2016
Оқылды: 1212
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс VII сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, бюджеттен бөлек қаржылық қолдау көздерін атап берді. Жиында биылға бекі­тіл­ген облыс бюджетіне енгізілетін өзгерістер айты­лып, шығарылған шешімнің кейбір тармақтары қайта қаралды. Сессия кезінде төрт жылды қамтитын об­лыстың даму бағдарламасы да сөз болып, жаңар­тылған жобасы бекітілді. Облыстық мәслихат осы жолы жаңадан құрылған жергілікті полиция қыз­ме­тінің жартыжылдық есебін тыңдап, қоғамдық тәр­тіпті сақтау бағытында атқарылған жұмыстармен танысты.

Сессияда биылғы бюджет қаражаты жұмсалатын негізгі салалар аталып, қаралған қаржы көлемі нақтыланды. Об­лыс­тық экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма­сының басшысы Нәфиса Сатыбалдинаның айтуынша, биыл біздің өңірге 137 миллиард теңге көлемінде кіріс түсуі тиіс. Биылғы жылдың басты жаңалығы ретінде несиелік тұрғын үй салу бастамасын айтуға болады. Жаңа тұрғын үй кешенде­рінің ір­ге­тасын қалауға мемлекетке салмақ салмайтын бір­қатар хол­динг пен қаржылық ұйымдар демеушілік жасайды. Сондай-ақ, облыстағы қала мен аудандардың инфрақұ­ры­лымын дамытуға республикалық бюджеттен 5,4 миллиард теңге бөлінеді. Нәфиса Төлекқызының мәліметінше, үш ауы­сымда білім беретін бес мектеп проблемасын шешуге биыл 420 мил­лион теңге қарастырылған. Атап өту керек, бұл – Елбасының тапсырмасы. Сондықтан, аталған қаржыға білім ордаларын кеңейту, мұғалімдердің штат бірлігін арттыру жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту мәселесі жылда бекітілетін бюджет жоспарынан түспейді. Биыл да аталған салаға 27 миллион теңге қаралыпты. Әсіресе, әлеуметтік педагогтардың санын арттырып, оларға жаңа жұмыс орын­дарын құру қажеттілігі кезек күттірмейді. Өйткені, орта білім алуға қоғамда бәрі құқылы әрі міндетті. Сессияда жастар тәжірибесін дамыту, аурухананы қайта жабдықтау, мектептің материалдық базасын қалыптастыру, ауыл-ауылға тартылған су жүйелерін күрделі жөндеу бағыттарына бөлінетін бюд­жеттік қаржы көлемі айтылды. Сөз соңында Нәфиса Сатыбал­дина облыстық бюджеттің биылғы көлемін 394 мил­лиард тең­ге етіп бекітуді сұрады. Облыстық мәслихат де­путаттары эко­номика және бюджеттік жоспарлау басқар­масының ұсыны­сын, сондай-ақ, өңірлік даму бағдарламасының жаңа нұсқа­сын бірауыздан бекітті.

Сессияның екінші бөлігі облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Марат Күштібаевтың биылғы жарты­жыл­дықта атқарған жұмысына арналды. Ескерте кететін жайт, Елбасы Н. Назарбаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында жергілікті полиция қызметін құру туралы тапсырма берген болатын. Соған орай қайта жасақталған жаңа қызмет алты айдың ішінде бірқатар қылмыстың бетін ашып, бірнеше аумақтық шара ұйымдастырып үлгерген. Өкініштісі, жарты жылдың ішінде кәмелеттік жасқа жетпеген 4813 жасөспірім жауапкершілікке тартылған. Ал жол-көлік оқиғасы былтырғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға өскен. Әсіресе, жаз мезгілінде жол апаты жиі орын алады.

Марат Әлімқұлұлының сөзіне сүйенсек, жол-көлік оқи­ғасының 50 пайызы Алматы қаласының маңында тірке­леді. Назар аударар мәселе – облыстағы барлық учаскелік инспек­торларда көмекшілердің жоқтығы. Егер бұл кадрлық тапшы­лық тез арада шешімін таппаса, аймақтарда қылмыстың ашылуы баяулап қалуы әбден мүмкін. Бұдан бөлек, 209 учаскелік полиция пункті күрделі жөндеуді қажет етеді. Атап өтер­лігі, жергілікті полиция қызметі «Мал ұрлығына жол жоқ!» деген бастамамен Райымбек ауданына қарасты Тұйық ауылында ауқымды шара өткізген. Нәтижесінде ұрлық-қарлықтың саны азайып, мұндай шараны өзге ауылдарда да өткізу жұмыстары қолға алынды.

Сессия соңында облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, бюджеттік жоспарға енгізілген су жүйелері туралы айтып берді. Қазіргі таңда суармалы жерлер көп. Сол себепті, ауыл-ауылда су тасымалдайтын тоғандарды тез арада күрделі жөндеу керектігін тілге тиек етті. Облыс басшысы жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметінің жұмысына оң баға беріп, Марат Әлімқұлұлына бұл орайдағы жұмысты жан­дандыра түсуді тапсырды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР