Қаратал жағалауы құлпыра түсті

Уақыты: 16.07.2016
Оқылды: 2061
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күн санап құлпыра түскен Талды­қор­ғанның көркіне көрік қосқан тағы бір де­ма­­лыс орны ашылды. Осыдан біраз бұрын ғана «Жастар» сая­ба­ғы жасалып, «әуен­мен билейтін су­бұр­қағы­мен» тұр­ғындар­ды таңғалдырған еді. Енді, міне, Қаратал­дың жағалауы көрген адам көркіне көзтой­мастай етіп жасанды.

Жаңа демалыс аллеясын за­м­а­науи жаңа сәулеттік кешен, Жетісу­дың көрнекті демалыс орын­да­ры­ның бірі деуге болады. Жағалау алаңына келушілер тынығып оты­ратын орын­дықтар қойылып, кіш­кен­тай бала­ларға ар­нал­ған әткен­шек­тер, бел­сен­ді дема­лысты жақсы кө­ретіндер үшін скейт пен рол­лер­дром ойын алаң­дары, велосипед жо­лы жа­сал­ған.

Аллеяның ашылуына арнайы қатысқан облыс әкімі Амандық Бата­лов талдықорғандықтардың ты­нығып, демалуына арналған орын­­­ды аралап, тұрғындармен тіл­дес­ті. Мұндағы түрлі әткеншектерді тамашалай ойын қызығына батқан ба­лалармен суретке түсіп, вело­си­пед­­пен жарысқан жеткіншектерге өз сыйлықтарын да тарту етті. «Тал­ды­қор­ған: кеше, бүгін» атты фото­көр­меге ай­рықша назар аударып, қала­ның қазіргі көрінісіне көз тояттатты. Жетісулық­тар­ды тамаша аллеяның ашылуымен құт­тықтап, Елбасының халық үшін бар­лық жағдайды жасау керек деген тап­сырмасы бойынша осынау әсем орын­ның бой көтеруіне мүмкіндік ашылып отырғанын, бұл еліміздің бас қаласы Астанаға қарап бой түзеп, Қаратал да Есіл өзеніндей көпшілік тынығып, демалатын орын­ға айналса деген ізгі ниеттен туын­да­ған бастама екендігін атап өтті. Бұл жер үлкендер серуен құрып, жас­тар бір-бірімен танысып, са­лауат­ты өмір сал­тына ден қойып, балалар асыр са­лып ойнап, мәз-мейрам болатын орын­ға айналса деген тілегін де жет­кі­­зіп, дема­лыс аллеясының шамын жақ­­ты. Сама­ладай жарқыраған шам­дармен қатар отшашулар шашылды.

Бұдан соң қалалықтар үшін таны­мал әншілер Мәдина Сәдуақасова, «Рин­­го» тобы, сонымен қатар «Алатау әуендері», «Үшқоңыр» ансамблі өнер­паз­дарының тарту етуімен кон­церт­тік бағдарлама ұсынылды. Халық ас­пап­­тары оркестрі мен «Биг-Бенд» ан­­сам­блі­нің орындауындағы шы­ғар­­ма­лар қалықтады. Танымал цирк әр­тісі Мұ­рат Мұтырғанов қала­ның кіш­кентай тұрғындарының көңі­лін кө­терді.

Демалыс аллеясының ашы­луы­на орай көркемөнер галереясы су­ретші­лер мен қолөнер шебер­ле­рінің туын­­­ды­­ларынан көрме ұйым­дас­тырса, жас жет­кіншектер шах­мат, дой­бы, асық ойындарын ойнап жа­рысты, арқан тартысып, күш сы­насты.

Жағалау бойындағы орын­дық­тар­да отырып әсем көріністі тама­ша­лаған көпшілік көркемдігімен көз тартар гүлзарлар мен ағаштар­ды, сәулеттік мүсіндерді тамаша­ла­ды. Бір-бірімен тамаша үйлесім тап­­қан әсемдікке қызыға қарап, өзен жағалауынан ескен саф са­мал­дың кереметін сезінді.

 

Алма ЕСЕНБАЕВА