Ер ұланмен қоштасты

Уақыты: 21.07.2016
Оқылды: 1350
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

  Дүйсенбі күні Алматыда болған теракт кезінде қаза тапқан төрт полиция қызметкерінің бірі сержант Мақсат Сәлімбаевтың денесі кеше туған жері Қарақыстақ ауылында жер қойнына тапсырылды. Жиырма бесінші көктемінде оқыс үзілген жас ғұмырдың жаназасына облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысып, топырақ салысты.

         Марқұмның жақындарына көңіл айтқан өңір басшысы қандықол қарақшыдан бейбіт тұрғындарды қорғау жолында оққа ұшқан Мақсаттың отбасына материалдық көмек ретінде Алматы қаласының маңындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Арда ұлды ақтық сапарға шығарып салуға арналған қаралы митингте сөз алған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы бұл жайт бүкіл елдің қабырғасын қайыстырғанын айтып,  ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшысының жатқан жері жайлы, топырағы торқа болуын тіледі.

Қаралы жиында аудан әкімі Жандарбек Далабаев асыл азаматтың енді ғана басталған қысқа өмірбаянымен таныстырып өтті.

         Ол биылғы қараша айында 25 жасқа толатын еді. Амал не, тағдыр оған екінші мүшелден өтуді маңдайына жазбапты. Қолғанат пен Қызғалдақтың тұла бойы тұңғышы Мақсат осы ауылдағы Сүйінбай атындағы орта мектепте білім алып, Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып келгеннен кейін Алматы қаласы ішкі істер департаменті Әуезов аудандық жергілікті жол-патрульдік полициясында қызмет істеп жүрген болатын. Қоғам тыныштығын күзетіп жүрген қызметкер ойламаған жерден тап берген қарулы қылмыскерді құрықтау барысында опат болды.

         Қаралы митингте, сондай-ақ, Алматы қалалық әкімдігінің өкілі Мақсұт Исақов, Алматы қалалық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ғазиз Нұрқаев сөз сөйледі. Мақсат Қолғанатұлының туыстары атынан Мұратхан Жамбылов марқұмды соңғы сапарға құрметтеп шығарып салуға атсалысқаны үшін өңір басшылығына, Алматы қаласының әкімдігі мен құқық қорғау қызметкерлеріне, аудан басшыларына алғыс білдірді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы.