Шаруалар еңбегі жемісті

Уақыты: 04.08.2016
Оқылды: 1648
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ертеде “Науатоған” болып құрылып, кейіннен Алғабас аталған ауылдың тұрғындары шаруасын шалқытып отыр. Мемлекет тара­пынан шағын және орта кәсіп­керліктің дамуына көптеп көңіл бөлін­гелі тыңнан түрен салынды. Егін егілді. Өрістеп шығар мал тұяғы көбейді. 2005 жылы іргетасын қа­лап, бидай егуден бастаған «Хафиза» шаруа қожалығы соның дәлелі іспетті.

 

Біз барғанда егінге комбайн түсіп, шаруалар жиын-терін ба­бы­мен қарбаласып жатты. Егіннің бітік шыққаны бірден білінеді. Сары алтындай түске еніп, тол­қындана жайқалған егістік тізе­ден асады. Биылғы  дәнді дақыл­дар­дың түсімі жайлы сөз өрбіт­кенімізде, «Хафиза» шаруа қожа­лығының басшысы Ербол Мәм­бе­ков жаз бойы табиғаттың ерекше пейілі түскенін айтты. Мәселен, өткен жылы бидайдан гектарына 15 центнерден айнал­са, биыл бұл көрсеткіш гектарына 23 – 25 цент­нерге дейін артып, жерді емген жандардың еңбегі жанған. Оның үстіне, егін тұқы­мын Кер­бұлақ ауданына қарасты Қа­рашоқы ауылынан алатын­дықтан тұқымның сапасы да жақсы. «Ақ­би­дай» сортының ерек­шелігі сол, Шақбақты тауларына, нақтырақ айтқанда, шөлге аса шыдамды келеді. 

– Қазірде еншімізде 156 гектар егістік жер бар. Оның негізгі бө­лігін таулы жер болғандықтан би­дай, арпа сынды жаңбыр суы­мен өсетін дәнді дақылдарға сай жыр­тып, баптаймыз. Демалдырып, тыңайтып отыратын  жерлеріміз де  бар. Бұдан бөлек, осы жылы    15 гектар жерге майлы дақыл ектік. Қазірге өсімі көңіл көншітуде. Болашақта осы егіс түрін көптеп егуді жоспарлап отырмыз, – дейді Ербол Мәмбеков. 

Мұнан сырт, шаруа қожалығы басшысының айтуынша, екі мың­нан астам жайылымдық жері бар бұл ұжым бүгінде егіншілікпен қа­тар  мал шаруашылығын да дамы­тып отыр. Бүгінгі таңда 30 тұяқ жыл­қы, 50 бас сиыр, бір отар қой өр­­гізуде. Осы тұста мемлекет та­ра­пынан қандай көмек болып отыр­ғанын сұрағанымызда, бізбен бірге егіндік басына барған округ әкімі Ерік Тұрғанбаев бұл жайлы да баяндап берді.

– Біз ауыл  шаруаларына көмек­тесіп отырамыз. Біздің округте      61 жеке шаруа қожалық бар. Бә­рі­не мемлекеттік бағдарламалар жайында ақпарат беріп оты­рамыз. Мысалы, өздеріңіз та­ны­са келген осы «Хафиза» шаруа қожалығы 2010 жылдан бастап мал өсіруге ден қойды. Соны ескеріп, өткен жы­лы  ұжымды  «Сыбаға»  бағ­дар­ламасына қа­тыстырғанбыз. Нә­ти­жесінде      25 бас аналық, бір бас аталық мал алып, ірі қара санын есе­лей түсті. Округте мұндай жа­ғымды жаңалықтар аз емес. Бір сөзбен айтқанда, ауыл гүлденіп келеді, – дейді округ әкімі.

Көксу ауданына қарасты бұл елді мекеннің Ал­ға­бас атануы да тегін емес. Жан-жа­ғын тау қор­ша­ған ауылдың бү­гінде еңбегі рет­ті, тіршілігі тия­нақ­ты көрінді. Ал «Хафиза» шаруа қо­жалығының егіні мен малы тү­гел осы таудың танабын еміп, төс­кейді берекеге бөлеп отыр.

 

Қозыбай ҚҰРМАН.